15 Қыркүйек 17:20

«Жаңа Қазақстандағы» ескі Есекеев. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы НЕГЕ әлі күнге дейін бостандықта жүр?

Фото:

Ақсақ Темірдің кезінде айтылған қанатты сөзді қазіргі күндері «Мыңдаған атты әскер өте алмаған жерден, алтын тиеген есек пен Қуанышбек Есекеев қана өтеді» деп ауыстыра беруге болады. Тым жақыннан, көзіміз көріп жүрген мемлекеттік масштабтағы былықтардың қақ ортасынан табылатын Қуанышбек Есекеев бостандықта жүр және онымен қоймай, 12 жыл бойы тапжылмастан «Қазақтелекомның» басшысы болып отыр. «Есекеев парадоксы» неде?

«Самұрық-Қазынаның» құрамына кіретін компаниялардың басшылығында ең ұзақ отырған адамдар ішінде Қуанышбек Есекеев екінші орында. Ол «Қазақтелеком» тізгінін 2010 жылы ұстады. Одан креслода ұзағырақ отырған тек Air Astana басшысы Питер Фостер ғана. Бірақ, Питер Фостерге қарағанда, дәл осы Қуанышбек Есекеев әр жыл сайын түрлі даулардың ортасынан табылып келеді. Оның ішінде ең ауыры – Назарбаевтың немере інісі, көптеген ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен ұсталған Қайрат Сатыбалдымен ауыз жаласуы.

«Қазақтелекомның» қызығын көрген үшеу – Қуанышбек Есекеев, Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды

Қуанышбек Есекеев Қайрат Сатыбалдының артынан кетуден тек оған қатысты барлық ақпаратты тергеушілерге ақтарып салғандықтан құтылды деседі. Ол осы істе күдікті емес, тек куәгер ретінде болды. Есекеев біршама уақыт тергелді. Және біздің ойымызша, ол тергеушілермен бірге жұмыс істеуге тез келісті.

Есекеевтың жүріп өткен жолын қарап, оның мансабы қазір мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен қамауда жатқан Кәрім Мәсімов пен жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс орбитасынан шетелге елші болып құтылып кеткен Асқар Жұмағалиевқа тығыз байланғанын байқаймыз.

Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тұрған тұста Қуанышбек Есекеев үкімет мүшесі болды. 2007 жылы ол Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы болып, Асқар Жұмағалиевтің орнына келді. Жұмағалиев сол уақытта «Қазақтелекомды басқаруға» кетеді. 2010 жылы орындарын ауыстырды:  Жұмағалиев қайтадан Министрлер кабинетіне келсе, Қуанышбек Есекеевке «Қазақтелеком» тиді.

Даляпраз Бөкетова. Фото: Ratel.kz

Бірінші рет Есекеевтың басы үлкен дауға 2016 жылы шырмалды. «Қазақтелекомдағы» адам ресурстары департаментінің экс-директоры Даляпраз Бөкетова Қуанышбек Есекеевті жемқорлық пен трайбализм үшін ашық айыптады. Ол Есекеевтің тұсында компания басшылығына түрлі «блатнойларды» тағайындау практикасы басталғанын, миллиондаған долларлық келісімшарттар басшыларға қатысы бар компанияларға беріліп жатқанын мәлімдеді. Сол кезде «Самұрық-Қазына» қызметтік тексеріс жүргізген жоқ.

Артынан белгісіз бір әйел осы тақырыпты жазып жүрген Ratel редакторына материалдарды алып тастау үшін Қуанышбек Есекеевтың атынан қомақты қаржы ұсынды. Ол да біраз шу болған еді.

Есекеев мұнымен тоқтамады. Биыл қаңтар айында «Қазақтелекомның» Алматыдағы кеңсесінің техникалық бөлімшесінің қызметкерлері жалақының тым аздығы салдарынан ереуілге шықты. Олардың жалақысы 60-100 мың төңірегінде болған. Бір қызығы, дәл осы уақытта «Қазақтелеком» басшылығы орта есеппен айына 5 миллион теңге жалақы алып отырды.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев. Фото: Tengrinews.kz

«Қазақтелекомды» тіпті мемлекет те жеңе алмады. Жыл басында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақтелекомды» демонополизациялау бойынша біраз бастама көтерген. Президенттің өзі жеке интернет-провайдерлердің «Қазақтелеком» кабельдік арналарына қосыла алмай жатқанына назар аударып, арнайы тапсырма берді. Ол мәселе аяқсыз қалды.

Ал күні кеше ғана Премьер-Министр Әлихан Смайылов елдегі интернет пен байланыс сапасының нашарлап бара жатқанын, сын көтермейтінін өзі мойындады. Кабельді де, ұялы интернетті де монополияда ұстап отырған кім? Әрине – «Қазақтелеком». Бұл жолы да Есекеевке ештеңе болмайтынына сенімдіміз.

Қайрат Сатыбалды мен Кәрім Мәсімов қамалды, Асқар Жұмағалиев өшті де, іле-шала көшті. Сонда Қуанышбек Есекеевтың артында кім тұр? Оны қорғайтын адамдар да қалмады. Енді Есекеевті тек «әруақтары» қорғап тұрған сияқты...

Тегтер: