«Президентті халықтан кешірім сұрауға мәжбүрлеген» шенділер орнында қала ма?
Тасқын су солтүстік пен батыс, шығыс өңірлердегі жергілікті биліктің біраз былығын су бетіне шығарғандай болды. Әсіресе, бұл төтенше жағдай бірқатар министрлердің, облыс, аудан әкімдерінің орнында қалу не қалмау туралы мәселені күн тәртібіне шығарып отыр. Қазіргі күрделі жағдайға қарасақ, көктемгі қарғын судың алдын алуға деп қазынадан қарастырылған 3 миллиард теңгенің құны қалмағандай.
Ескерусіз қалмайтын сөгіс
Негізі су басу оқиғалары наурыздың ортасына таман еліміздің әр өңірінде тіркеле бастады. Сол кездегі ақпараттарға көз жүгіртсек, атқарушы билік, тиісті министрліктер тасқын сумен күрес шараларына кірісіп кеткендей-ақ көрінген. Алайда қазіргі жағдайға қарап бағамдайтын болсақ, әрекеттің көбі иммитация ғана екен. Ал қар суы жаппай еріп, Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарына айтарлықтай қауіп төнген наурыз айының соңындағы алашапқын тым кеш еді.
Өзендер арнасынан тасып, елді мекендерді су молынан баса бастағанда ғана билік 28-29 наурыз күндері аталған өңір тұрғындарын эвакуациялау жұмыстарына шындап кірісті.
30 наурыз күні Президент Ақордада еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізіп, Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейтінін сынға алды. Яғни Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс жоқ. Жағдайдың осыншалықты ушығып, өңір тұрғындарына үлкен көлемде шығын келгеніне байланысты кеңес отырысында Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ халықтан кешірім сұрауға мәжбүр болды.
Сол жиында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман СКЛЯРҒА, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан НҰРЖІГІТОВКЕ қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.
Басшылар қауіпті болжай алмаған
Одан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтіп, мұнда да Мемлекет басшысы болжам жұмыстары мүлдем болмағанын айтты.
«Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған», – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын да «іске алғысыз» деп сынға алды. Құжат су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шеше алмайды.
«Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет», – деген Президент төтенше жағдай режимі алынып, тасқынның салдарымен күрес жұмыстары басталғанда жұмысына салғырт қараған әкімдер мен министрлердің креслосы мәселесімен шындап айналысатын сиқты.
«Қазгидрометке» құлақ аспаған
Республикалық штабтың кезекті отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан НЫСАНБАЕВ «өңір әкімдері су тасқыны қаупіне тиісті деңгейде баға бермеген» деді.
«Өткен жылдың күзінде жауын-шашын көп түсіп, бұл топырақтың айтарлықтай ылғалдануына себеп болды. Содан кейін қатты аяз әсерінен топырақтың қатуы байқалды. Қыс кезіндегі мол жауын-шашыннан кейінгі еру қардың қалыңдығында және топырақ бетінде мұз қабаттарының пайда болуына әкелді. Жоғарыда аталған фактілерді ескере отырып, желтоқсан айының өзінде өңірлер бөлінісінде су тасқыны қаупі бар учаскелер айқындалды. Желтоқсан, ақпан және наурыз айларының басындағы болжамдарда көрсетілді және әкімдіктер мен орталық органдарға жолданды», – деді ол.
Министрдің айтуынша, 15 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін «Қазгидромет» 100-ден астам ескерту жариялаған екен. Олар хабарлау схемасына сәйкес, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарға жіберілген және қазіргі кезде де жолданып жатыр.
«Әкімдіктер болжамға қажетті деңгейде назар аудармады, осы себепті су тасқыны қаупіне тиісті баға берілмеді және уақтылы алдын алу шаралары қабылданбады», – деген Ерлан Нысанбаевтың баяндамасын да Президент ескере жатар.
Ал 17 сәуір күні Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтып, елімізде мұндай апаттарды алдын ала ескерту жүйесі жетіспейтінін ескертті. Яғни мұны ақпараттандыру тұрғысынан да биліктің бейқамдығын меңзеді деп түсіндік.
Қкінішке қарай, тасқыны болған аймақтарда 7 адам қаза тапты. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді. Атырау облысында – 4, Абай облысында – 2, Түркістан облысында 1 адам шығыны тіркелді. Құзырлы органдар бұл фактілер бойынша қылмыстық іс қозғап, өлімнің нақты себептерін анықтау үшін, тексеру, тергеу амалдарын бастап кетті.
Депутаттар талабы
Алдағы уақытта әкімдердің жұмыста қалу мәселесі қаралатын болса, адам шығыны да ескерілетіні анық. Өйткені адам – мемлекеттің басты байлығы. Ал оның амандығын қамтамасыз ете алмаған шенділер мұндай жағдайда басымен жауап беруі тиіс деп ойлаймыз.
Әлеуметтік желіде де жұрт өз жазбаларында су тасқыны болған өңірлердің әкімдерінен бастап, тиісті министрлердің де қызметінен кетуін талап етіп отыр. Әсіресе, Фейсбук әлемінде әкімдерге шүйліккен жұртта есеп жоқ.
Ал жуырда Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметке депутаттық сауал жолдаған депутаттардың көпшілігі салғырттықтың салдарынан жағдайды ушықтырған басшылар жұмыстан кетіп қана қоймай, жауапқа тартылуын талап етті.
Депутат Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ: «Жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл Президенттің және елдің нақты талабы», – десе, Ринат ЗАЙЫТОВ: «Тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар.Сондықтан, Президентіміз айтқандай жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс», – деді.
Парламент – халықтың билігін жүзеге асыратын ең жоғарғы заң шығарушы әрі өкілдік орган. Сондықтан Мәжіліс депутаттарының халықтың талабынан туған сауалдарына Үкімет құлақ асар деген жұртшылықтың үміті жоқ емес.
«Өткелде ат аустырмайды» дегенмен де, тасқын су тоқтап, қауіп сейіліп, жер кепкен соң Ақорда біраз әкім мен министрдің мәселесімен айналысуы әбден мүмкін. Әсіресе, Президенттен сөгіс алған шенділер әр нәрсеге дайын жүргені дұрыс.
Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана.