28 Наурыз 19:19

«Табиғат кінәлі». Биылғы су тасқыны кімнің «артын ашты», кімнің абыройын шашты?

су тасқыны
Фото: Коллаж NEGE

Күн жылығалы бері бірқатар өңірдің әкімдерінен маза қашты. «Бөстегі дымданған» облыс әкімдері зардап шеккен аудандарда резеңке етікпен амалсыздан су кешіп жүр.

Ақтөбе

Дәл қазір Ақтөбе облысында жағдай аса күрделі. Облыс басшысынан бастап, қала әкімі мен 12 ауданның әкімі табанынан тозғалы бірнеше күн болды.

«Табиғаттың тілсіз апаттарына ешкім тосқауыл бола алмайды», – деп ақталған «спортшы-әкім» Асхат ШАХАРОВ бәрін жауын-шашыннан көріп отыр. Әкім алдымен қолына күрек ұстап, әлдебір арықты тазалаған кейіп танытты да, артынша: «Ардақты жерлестер, осы сын сағатта бір-бірімізге қолдау көрсетейік. Біз әрқашан біргеміз», – деген аянышты сөзін айтты.

Су тасқыны
А.Шахаров Темір ауданында. Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Дәл қазір ақтөбеліктер қала ортасында қайықпен жүр. Өйтпеске амалы жоқ. Үйлерін қарғын су басып қалған. Жолаушылар автобусы «кемеге» айналған. «Әкімдіктен де, төтеншеліктерден еш көмек жоқ. 19 наурыздан бері айта-айта шаршадық», – дейді қала тұрғындары.

Ақтөбе халықаралық әуежайының ұшып-қону алаңдарына да қарғын су жайылып, рейстер тоқтатылды. Маңызды жолдар бұзылды. Осылайша, Ақтөбе оқшауланып қалды.

Әуежай
Фото: ғаламтордан

Қардың дер кезінде шығарылмағаны, жердің тоңы ескерілмегені, көпірлерге салынған құбырлардың диаметрінің тарлығы, Сазды өзенінің мұздан тазаланбауы, тағы да басқа себептермен Ақтөбе қаласы суға тұншығып жатыр. Ал әкім бәрін «табиғаттың тілсіз апаттарынан» көреді.

Қостанай

Қостанай облысында бірнеше елдімекенді су басып, жұрт әбігерге түсіп жатса да, әкімдіктің сайты бұл туралы ләм-мим демепті. Өңір басшысы Құмар АҚСАҚАЛОВ түк болмағандай жайлы кабинетте жоспарлы жиналыстарын өткізіп, мамыражай жүріп жатыр. Әкімнің ресми сайты солай дейді.

Қостанай
Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Әкім білмесе айтайық, дәл қазір Қостанай облысында жағдай мәз емес. Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асылбек Садуовтың мәлімдеуінше, Арқалық, Амангелді, Жангелді аудандары бойынша күрделі құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы дерек бойынша, түнімен 390 адам құтқарылған. Арқалықтың өзінен ғана 307 адам қауіпсіз жерге апарылыпты. Ақкісі ауылында жиырма шақты адам шатырға шығып алып, тікүшақ күтіп отыр. Садуовтың айтуынша, бүгін таңғы 9-дан бастап сол адамдарды құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі де табиғатқа аң-таң болып отыр. «Су тасқыны Арқалық, Амангелді, Жангелді аудандары арқылы келетінін білдік. Бірақ қардың күрт еруі және түнгі уақытта жауын-шашын бізді аң-таң қылды. Осы бізге қиын болды», – деп таң-тамаша қалды А.Садуов. Ал облыс әкімі Құмар Ақсақалов тіпті ақталған да жоқ. Әкім әлі күнге дейін Наурыз тойын тойлап жүрсе керек, сірә...

БҚО

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев өткен түнде таңғы 5-ке дейін ұйықтамапты. Тасқын судан «бөстегі дымданып» жатса, қалай ұйықтасын?

БҚО
Фото: БҚО әкімдігінің ресми сайты

БҚО-ның бес ауданы мен Орал қаласын су шайып жатыр. Ресми дерекке сенсек, өңірде 200-ден астам тұрғын үйді су басқан. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, 130 үйге қарғын су кіргендіктен, 600 адам мектеп ғимаратына эвакуцияланған. Одан бөлек, Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандарында 90 үйге су тараған. Теректі ауданының Аңқаты және Подстепное ауылдарындағы 40 үйдің тұрғыны мектеп-интернаты мен колледж жатақханасына жеткізілді.

Оралдағы 20 жеке үй мен 5 көпқабатты тұрғын үй және 17 әлеуметтік нысанның жертөлесіне су жайылды. Қауіптің алдын алмағаны үшін өңір басшысы қала әкіміне қатаң сөгіс жариялапты. Облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына да ескерту берілген. Аймақта өзендердегі су деңгейі көтеріліп жатыр. Тасжолдардың 26 бөлігін су шайған. Қазір тасқынмен күресуге 700-ге жуық адам мен 200-ден астам техника жұмылдырылған.

БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің өзіне де қауіптің алдын алмағаны үшін қатаң сөгіс берілсе, таңғалмаймыз. Өйткені ірілі-ұсақты тасқын – оралдықтар көптен бері көріп келе жатқан кеп.

Абай

Абай облысының Аягөз ауданында су тасқыны кезінде жоғалып кеткен үш адам әлі табылған жоқ. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, іздеу жұмыстарына Абай облысы ТЖД, Полиция департаменті, ЖАО, ҚМ күштері мен құралдарынан барлығы 82 адам, 4 жүзу құралы, 9 бірлік техника, 4 пилотсыз ұшу аппараты, сондай-ақ жергілікті тұрғындар арасынан азаматтар жұмылдырылған.

Су тасқыны
Фото: Абай облысы әкімдігінің ресми сайты

Кеше кешқұрым Семейден тікұшақ келіп, Борлы өзенін бойлай ұшқан. Алайда аэровизуалды әрекеттен нәтиже шыға қоймаған.

Тасқын су ағызып әкеткен адамдар аман-есен табылсын деп тілейік. Абай облысының әкімі Нұрлан ҰРАНХАЕВТЫҢ да ұйқысы қашып, шапқылап жүргені анық.

Ұлытау

Ұлытау облысының да жағдайы аса мәз емес. Түнде Ұлытау ауданының Жезді ауылын қарғын су басып қалды. Облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ Жезді кентінде баспанасын су басқан азаматтармен кездесіп, шығынға ұшыраған отбасылар уақытша орындарға көшірілетінін, төтенше жағдай аясында барлық көмек көрсетілетінін айтты.

Су тасқыны
Фото: Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты

«Зардап шеккен отбасылар түгел қауіпсіз жерге көшірілсін. Мәселені түске дейін шешуді тапсырамын. Мердігер анықталып, сараптама жасалған соң барлық шығын өтеледі», – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Жездіден 128 адам эвакуацияланыпты. Оның 65-і – бала.

Берік Әбдіғалиұлын «әне-міне қызметінен кетеді екен» деген гу-гу әңгіме тасқынға дейін-ақ тараған. Енді оның тасқынның салдарымен қалай күрескені және төтенше жағдай кезінде қалай әрекет еткені оның бұдан кейінгі тағдырына тікелей әсер етпек.

Қарағанды

Қарағанды облысындағы жағдай әзірге тым күрделі емес. Жедел штаб осылай деп хабарлапты. Облыстың 60% аумағында қардың көбесі сөгілген жоқ. Алайда бұл арқаны кеңге салуға себеп емес. Қазірдің өзінде облыста су басып қалған ауылдар мен қарғын су жырған маңызды жолдар бар.

Әкім
Фото: kokshetau.asia

Егер күн күрт жылып кетіп, қар жылдам еритін болса, қарғын су Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет БӨЛЕКБАЕВТЫҢ да тура табанының астынан шығуы әбден мүмкін.

Айтпақшы, Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында да су тасқынына қатысты ешқандай ақпарат жоқ болып шықты.

Ақмола

Ақмола облысының «генерал-әкімі» Марат АХМЕТЖАНОВҚА бәрінен қиын тиіп тұр.

генерал-әкім
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің ресми сайты

Облыстағы бірнеше ауыл су астында қалып, жүздеген адам эвакуацияланғаны, облыс орталығы Көкшетауға қарғын су қаптағаны «генерал-әкім» үшін қауіпті болмауы мүмкін. Ал енді Астананың іргесіндегі су басқан Қояндының (Целиноград ауданы) халқы бас көтеріп, жолды жауып тастағаны «генерал-әкімге» қатты тиюі ғажап емес. Өйткені ауыл тұрғындары мен полиция қақтығысып қала жаздады.

жолды жабу
Фото: ғаламтордан

«Облыс әкімі жолды жапқан Қоянды халқымен кездесті» деген ақпарат көзімізге түскен жоқ. Қояндыдағы у-шу Ақордаға жетпеді дейсіз бе? Әрине, жетті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазір Қытайда жүр. Сапардан келген соң мұның жайын Ахметжановтан жақсылап сұрайтыны анық.

«Су аяғы – құрдым» дейді ғой, қарғын су да көп ұзамай тоқтайды. Одан кейінгі мәселе табиғи апаттың салдарымен кімнің қалай күрескенінде болмақ.

Тасқыннан соң сүме-сүме болған кейбір әкімдердің «киім-кешегін» күнге кептіріп отырған кейпі еріксіз көз алдыңа келеді екен...