26 Наурыз 18:53
...

Ақтөбе облысының қамсыз әкімі қарғын сумен бірге «ағып кетуі» мүмкін

Әкім
Фото: Коллаж NEGE

Күн көзі жылт етсе болды, Ақтөбе облысы қарғын суға батып қалады. Жылда солай. Мәселен былтыр да облыстың бірнеше ауданында жүздеген адам эвакуацияланып, жұрт әбден әбігерге түскен. Тіпті кейбір ауылдарда төтенше жағдай жарияланды. Сондай жағдай биыл да қайталанды.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат ШАХАРОВ су тасқынына байланысты өңірдегі жағдайды былай бағалапты: «Қазіргі уақытта облыс аумағында жағдай тұрақты, менің жеке бақылауымда. Облыстың төрт ауданында – Әйтеке би, Байғанин, Темір және Мұғалжар аудандарында су тасқыны жағдайы тіркелді. Кешеден бастап кейбір елді мекендерге еріген қар суы келді, бірақ еш нысанға зақым келген жоқ. Қажетті жұмыстар толыққанды жүргізілуде. Оқиға орындарында ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың 650-ден астам қызметкері жұмылдырылған, барлық қажетті техника, күштер мен құралдар бар. Ахуал күрделенген жағдайда 3 мың адам су тасқыны салдарын жоюға кірісуге дайын».

Әкім
А.Шахаров. Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Облыс әкімінің «жағдай менің жеке бақылауымда, еш нысанға зақым келген жоқ» дегеніне күмән зор. Кеше ғана Ақтөбе облысындағы үш көпірді қарғын су жұлып кеткенін облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев хабарлаған. Сонда облыс әкімінің «еш нысанға зақым келген жоқ» дегені қайда? Әлде әкім өтірік айтты ма? Осыдан кейін өңір басшысының «облыстағы үш ірі су қоймасы – Ақтөбе, Сазды және Қарғалы су қоймалары тұрақты бақылауда, олардың жағдайы алаңдаушылық тудырып отырған жоқ» дегеніне сенуге бола ма?

Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов кеше былай деп хабарлады: «Ауа температурасының күрт жылынуының салдарынан аймақта қардың қарқынды еруі басталды. Нәтижесінде Мұғалжар ауданында еріген қар суының жол төсемі үстімен ағуының 4 фактісі тіркелді. Байғанин ауданының «Қарауылкелді-Алтай Батыр-Миялы» жергілікті маңызы бар жолдың 63 шақырымында тағы екі су басу оқиғасы орын алды. Аудан орталығынан Оймауыт, Дияр және Миялы ауылдарына дейін жол қатынасы үзілді.

Екінші жағдай Ойыл ауданындағы «Амангелді-Көптоғай» автожолында орын алды. Еріген су Көптоғай ауылы арқылы өтіп, тұрғын үйлерді су басу қаупі төнді. Шаралар шұғыл түрде қабылданды. Елді мекенге қажетті техника мен инертті материалдар жеткізілді. Жағдай бақылауда».

Тасқын
Фото: ғаламтордан

«Төтеншенің» бастығының сөзін түсінікті тілмен жеткізсек, облыстағы маңызды жолдарды қарғын су бұзып өткен, енді тұрғын үйлерге қауіп төніп тұр.

Синоптиктердің хабарлауынша, Ақтөбе облысында ертеңнен бастап ауа райы +10 градусқа дейін жылуы мүмкін. Ендеше, қардың еруі жылдамдап, қауіп артады деген сөз.

20 ақпанда Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметте жиын өткізіп, құзырлы министрліктер мен өңір басшыларына қарата сын айтқан. «Аймақ басшыларының бәрі «су тасқынына дайынбыз» деп есчеп береді, ал нәтижесі белгілі: зардап шеккен халық, суға батқан ғимараттар мен инфрақұрылым. Бұл – оқу-жаттығу шартты түрде өтеді, ал дайындық қағаз жүзінде ғана жүреді деген сөз», – деген сонда О.Бектенов.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың сөзі мен ісіне қарағанда, төтенше жағдайға дайындық қағаз жүзінде ғана жүргізілген сияқты. Алдағы күндері әкім «түнде ұйықтамай, күндіз тізе бүкпей» жұмыс істемесе, қарғын сумен бірге «ағып кетуі» әбден мүмкін.