Күліп келген Кэмерон, күңіреніп жатқан Кремль...
Әрине, бір шет елдің сыртқы істер министрінің елімізге келіп-кетуі таңсық емес, жеке мақаланың тақырыбы болуы шарт емес. Бірақ, Ұлыбританияның бас дипломатының Орталық Азияға турне аясында болған Қазақстанға сапарын біз сол санаттан тыс қарастыруымыз керек сияқты. Оның да өзіндік себептері бар.
Біріншіден, Ұлыбритания – қатардағы мемлекет емес, жоғарғы ерні көк тіреп, төменгі ерні жер тіреген әлемдік державалардың бірі. BREXIT сияқты дүниені дүр сілкіндірген дипломатиялық (өз түсінігімде – дүдәмал да деструктвті) демарш жасап, Еуроодақ құрамынан шыққан соң оның дербес ролі зорая түсті де, әлемдік саясатта ол Еуроодақтың ұжымдық келісілген консенсусын күтпей-ақ, өзінше бастама көтеріп, шешім қабылдай бастады.
Екіншіден, басшылары жүйелі түрде ауысып, сыртқы саясатының басты бағыттары құбылып отыратын (мен атышулы Дональд Трамп пен саяси көзқарастары әртүрлі партия лидерлері премьер бола алатын Батыстың кейбір елдерін меңзеп отырмын) АҚШ пен Еуропа арасындағы түсінбестіктер болған жағдайда екі жақтың ортасында орналасқан әрі екеуіне де жақын Ұлыбританияның парламентерлік миссиясын естен шығармауымыз керек.
Осы екі себеп Қазақстанның өзін сыртқы саясатта жаңаша (жаңа геосаяси жағдайдағы Жаңа Қазақстаның болмысы мен бейнесін) паш етіп, әлемдік алаңда орнықтыруда Ұлыбритания секілді алпауыттың өркениетті лоббист ретінде қарастыруының негізі бола алар еді. Оның үстіне Ұлыбритания да Қазақстанмен байланысқа зәру.
Бірінші зәруліктің экономикалық, сауда-саттық, инвестициялық сипаты бар. Статистикаға сүйенсек, Тұманды Альбион Қазақстанның ең ірі сауда әріптестерінің ондығына, ең ірі инвесторларының алтылығына кіреді екен. Индустриясы дамыған Ұлыбритания біздің «қара алтынымызға», мыс пен хромымызға, феррорқорытпалар мен тыңайтқыштарымызға, бидай бен көмірімізге зәру екен. Ол жаққа қазба байлықтарымызды сатқан біз ол жақтан дәрі-дәрмек пен... спирттік ішімдіктер, құрылыс техникасы мен зергерлік бұйымдар импорттайды екенбіз (басқасын айтпағанда, Шекспирдің ұрпақтары ішімдіктің жөнін біледі ғой).
Қазақстанда британ бизнесінің қатысуымен жұмыс істеп жатқан 608 компания бар екен. Солардың ішіндегі ең ірілері – атағы жер жарған Royal Dutch Shell и Ernst&Young – президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің қатарында, ол да болса Қазақстанның Ұлыбритания бизнесіне деген оң көзқарасының бір белгісі болар.
Статистикада да талай қызық бар ғой, 2005 жылдан 2022 жылға дейін Ұлыбританиядан Қазақстанға келген тікелей инвестиция 16,1 миллиард доллар болса, Қазақстаннан Ұлыбританияға кері қайтқан инвестиция 6 миллиард доллардан асыпты.
Ескі Қазақстанды жайлаған коррупцияны ескерсек, елге келген 16,1 миллиард доллардың қалай жұмсалғаны туралы есепті бір шолып шықса, артық болмас еді.
Ал елге келген инвестицияның үштен біріне жуығы кері қайтқанын қалай түсінуге болады? Әрине, ол инвестиция салған компаниялардың табысы болуы мүмкін. Алайда кей жағдайда мұндай сомаларда жемқорлық іздері, соның ішінде инвестициялық міндеттемелердің жөнді орындалмауы да табылып жатады. Ол үшін де қаржының кері қайтуының себептерін жария түрде анықтап алу да қажет сияқты.
Екінші зәруліктің геосаяси сипаты бар. Ресейдің Украинаға басқыншылық жасап, соғыс ашуына қатысты ұжымдық Батыс Орталық Азия аумағына, соның ішінде Ресей мен Қытай арасындағы Қазақстанға жаңаша көз тігіп, өзіндік үміт артыы жатқаны рас. Еуразиялық одақ, ҰҚШҰ сияқты ұйымдарда Ресеймен одақтас һәм әріптес болуы (7 жарым мың шақырым ортақ шекарамыз бен елдегі орыс диаспорасы туралы әңгіме бөлек әрі түсінікті) Қазақстанның өзге дүниемен, соның ішінде, Ресейді оқшауландырған бейбітшіл елдер қауымымен қарым-қатынасына, жалпы геосаяси ұстанымына өз әсерін тигізіп жатқаны да рас.
Осы орайда Қазақстанға Батыс елінен делегация келе қалса, Мәскеу жағы лезде улап-шулап: «Батыс біздің көршімізді антиресейлік саясат жүргізуге үгіттеп жатыр!», – деп байбалам салатынына құлағымыз үйреніп кеткелі қашан. Бұл жолы да солай болды. Кремльге бір табан жақын басылымдар бұрынғы КСРО республикаларымен байланыстың британдық жаңа «C5+1» стратегиясы туралы баса айтып, оның басты мақсаты инвестициялық жобалар мен «жұмсақ күш» арқылы оларға Ресей мен Қытайдың ықпалын азайту деп ашық жазып жатыр.
«C5+1» формуласына АҚШ 2017 жылы ендіре бастағанын ескерсек, Ұлыбританияның да ұйқыдан оянып, біздің аймаққа басқаша қарай бастағанын атап өткеніміз жөн: Орталық Азия үшін күрес Батыс елдерінің өзара бәсекесін туғызып жатқаны рас.
Ресей тарапынан теріс реакция болатынын сезген ағылшындық эмиссар да: «Біз сіздерден біз бен өзге бір державаның бірін таңда деп сұрамаймыз. Біз мұнда сіздерде таңдау болуы үшін келдік», – деп ақталғандай болып жатты. Және де осындай тұжырым екіұштылау естіліп, өзгеше қабылданғанын да мойындауымыз керек: әңгіме бәрібір де «таңдауға» тіреліп отыр ғой.
Қонақ өз елінің Орталық Азия аумағымен әріптестігі туралы сөзінде мәселенің басын ашып алғандай да болды: «Біз осында сіздер біздің қауіпсіздігіміз бен біздің өркендеуіміздің мүдделеріне сай келетін әріптестігімізді таңдауға мүмкіндігіне ие болуларыңыз керек деп келіп отырмыз», – деп нақтылап айтты.
Егер де Ұлыбритания үкіметінің басты өкілдерінің бірі Қытай басшысы Си Цзиньпин секілді: «Біз Қазақстанның жер тұтастығын қолдаймыз», – деп кесіп-пішіп айтқанында жағдай басқаша болар еді. Мұндай сақтықтан өз басым Ұлыбритания истеблешментінің Ресеймен тікелей конфронтацияға барғысы келмейтінін сезіп отырмын: соғысып жатқан Украина да ұжымдық Батыстың осындай, тым «дипломатшыл» ұстанымының құрбаны болып отыр емес пе?
Сол себепті болар Кэмерон негізінен білім беру, сауда-саттық, климаттың өзгеруімен күрес секілді әскери сипаты жоқ проблемаларды тілге тиек етті.
Білім беру саласындағы жас лидерлерге арналған британдық Chevening жобасын күшейту мен ағылшын тілін оқытуға жұмсалатын қаржыны екі есе арттыру секілді бастамаларды ресейлік жоғары оқу орындарының Қазақстандағы экспансиясына батыстық жауап деп санайық.
Сөз соңында айтарым, біздің билік осындай сапарлар барысында саясатымызға қатысты айтылып жатқан комплименттерге аса қатты масаттана бермеуі керек. Өйткені, ондай сыпайы сөздерді Кэмерон авторитарлық жүйенің классикалық үлгілеріне айналған Тәжікстан мен Түркіменстанда да айтып жатты...
P.S. Кэмеронның бұдан бұрын Ұлыбритания премьер-министрі қызметін атқарып, әлемдік саясаттың басты тұлғаларыныің бірі болғанын ескерсек, онымен біздің премьер Олжас Бектеновтың кездескені қисынды болар еді. Алайда олай болмады: құрметті де құзыретті қонақпен Бектеновтің орынбасары М.Нұртілеу кездесіпті. Бәлкім, ол Бектеновтің Түркияға жасаған сапарына байланысты болар. Бәлкім, алда келе жатқан президенттік сайлау алдында болып жатқан Ақорданың өз ішіндегі тақталас интригаларына байланысты болар. Ол жағын бір Құдайдың өзі мен Тоқаев білетін шығар...
Әміржан ҚОСАН, саясаткер.