13 Қыркүйек 17:07

Биржадағы «ПРОГОН». Ғалымжан Есенов Қайрат Сатыбалдының акцияларын НЕГЕ «ковбойша» қайтарды?

Фото:

Jusan Bank «Қазақтелекомның» 9% акциясын сатып алды. Мәміле Қазақстан қор биржасы арқылы өтті. 9 пайыз дегеніміз – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының 983 мың жай акциясы.

«Акциялар ашық сауда алаңында сатып алынды. Олардың бағасы сатып алу кезінде KASE-де белгіленген нарықтық бағаға тең», – деп хабарлайды Jusan Bank.

Бұл акцияларға номиналды ұстаушы ретінде BANK OF NEW YORK MELLON DRS иелік жасап отырған болатын. Номиналды ұстаушының артында кім тұрғаны көп уақыт белгісіз болып келді. Бірақ экономикалық сарапшылар арасында оның Қайрат САТЫБАЛДЫҒА тиесілі екені біраз айтылып жүрді. NEGE дереккөзі де оны растап отыр.

Jusan Bank «Қазақтелекомның» әр акциясына 33 370 теңге төледі. Сонда 9% акция үшін 32,8 миллиард теңге санап берді. Кезінде «Ескі Қазақстанда» дәл осы «Қазақтелекомның» көптеген акциялары Назарбаевтың туыстары арасында қолды болған еді. «Қаңтар оқиғасынан» кейін Қайрат Сатыбалды «Қазақтелекомның» 28% акциясын мемлекетке, яғни Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Комитеті атына жазып бергені есте.

«Қазақтелеком» атындағы көп актілі пьесаның нүктесі бүгін қойылған сияқты. Телеком алпауыттың мемлекет құшағына толығымен қайтқаны туралы Қазақстан қор биржасына хабар берілді. Бүгіннен бастап «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «Қазақтелекомның» 79,24% акциясына иелік етеді. Оған мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Комитеті өзіндегі бар акцияны аударып берді. «First Heartland Jusan Bank» акционерлік қоғамы 9% акцияны ұстап отыр. Қалғаны – миноритарлы инвесторлардың қолында.

Тек бір қызық сұрақ бар. Ғалымжан Есенов қанша дегенмен «Қазақтелекомның» 9% акциясы үшін номиналды ұстаушы NEW YORK MELLON банкіне 70,3 миллион доллар аударды. Ол ақшаны түптің-түбінде кім алады?

Тегтер: