USD
USD
USD

Парламент Президент және Құрылтай туралы конституциялық заңдарды қабылдады

20 мамыр күні Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңдарды екінші оқылымда қабылдады.

заң
Фото: parlam.kz

Астана, NEGE. Мәжілістің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бірінші заң Президенттің мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп және кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретіндегі рөлін бекітеді.

«Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып қала береді. Кезектен тыс сайлау институты алынып тасталуына байланысты, оны сайлау рәсімін, ант беру тәртібін және өкілеттіктерді орындау кезеңін реттейтін нормаларға нақтылау енгізілді», – делінген түсіндірмеде.

Заңға сәйкес, Президент Бас прокурорды, Конституциялық соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке тағайындайды. Ал Жоғарғы сот төрағасын Жоғары Сот кеңесінің ұсынысы бойынша тағайындайды.

«Құрылтайдың келісімі бойынша Президент вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды», – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, заң бойынша Қазақстан Республикасының вице-президенті институты енгізіліп, оның құқықтық жағдайы айқындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша вице-президент Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасайды.

Жеке бапта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты оның құрамын бекітуді және ұйымдық инфрақұрылымды қамтамасыз етуді қамтитын өкілеттіктері нормативтер арқылы бекітілді. Сондай-ақ Президенттің Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты өкілеттіктерін реттейтін норма енгізілген.

Ал «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның ережелерін іске асыру мақсатымен әзірленген.

Заң бір палаталы Парламент – Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негіздерін бекітіп, оның мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызмет принциптерін, құрылымын, құрылу тәртібін және өкілеттіктерін жүзеге асыру формаларын айқындайды.

Жаңа заң шығарушы орган бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады. Олардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, соның ішінде депутаттық бірлестіктерді, парламенттік көпшілік пен оппозицияны құру мәселелері, сондай-ақ депутаттық әдеп қағидалары бекітіледі.

Сонымен қатар заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілер қатары кеңейтіліп, оған Қазақстан Халық Кеңесі енгізілді, бұл құқық Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырылады.

«Қабылданған конституциялық заң Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-әрекет жасау тәртібін, соның ішінде Үкімет мүшелері лауазымына тағайындау үшін кандидаттарға қатысты консультациялар өткізуді, олардың есептерін тыңдауды және тағы басқаларын белгілейді. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет шығыстарын қарастыратын депутаттық бастамалар бойынша Үкіметтің қорытындыларын үш айлық мерзімде ұсыну тәртібі белгіленеді», – делінген Мәжіліс түсіндірмесінде.

Бұл заң аясында Құрылтайдың Қазақстан Президентіне вице-президент, премьер-министр, Конституциялық соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері лауазымына тағайындауға келісім беруі белгіленеді.

Сондай-ақ Президенттің ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттарына Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьяларын сайлау өкілеттігін беру ұсынылды. Бұдан бөлек, заңда Құрылтайдың Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын қол сұғылмаушылық құқығынан айыру тетігі туралы нормалар көрініс тапқан.

Қазір оқып жатыр

Сайлау жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі?

Сайлау туралы заң

Астана мәртебесі конституциялық заңда айқындалды

Астана

«Алматы әкімдерімен тілдеспек болған сайын бір қызық басталады»: журналист Асхат Ниязовты полиция тоқтатты

Асхат Ниязов, журналист

Эбола вирусы өршіді: Денсаулық сақтау министрлігі нені ескертеді?

Эбола