Назарбаевтың екінші жұбайы жұмыс істейтін «Астана Балет» театры шығынға батқан
«Астана Балет» театры 2024 жылғы 536 мың теңге табыспен салыстырғанда, өткен жылы 165,6 млн теңге көлемінде қаржылық шығынға ұшыраған.
Астана, NEGE. Театр қызмет көрсету құнының күрт өсуі аясында шығынға батты, деп жазады «Курсив». Өткен жылы театрдың кірісі 3,25 млрд теңгеге жеткенімен, қызметтердің өзіндік құны 2,9 млрд теңге, ал 2024 жылы 2,7 млрд теңге болған.
Бұл ретте кірістің басым бөлігі, яғни 2,8 млрд теңге Мәдениет және спорт министрлігінен бөлінген қаржы болса, іс-шаралар өткізуден 428,8 млн теңге табыс түскен.
Театр шығынының көбейіп кетуіне 2024 жылы өз балансына ғимаратты, ал 2025 жылы 14 пәтерді қабылдап алуы себеп болған. Соның салдарынан амортизациялық аударымдар мен тұрақты шығындар көбейген.
2025 жылы компания 536 мың теңге дивиденд төлесе, 2024 жылы 571 мың теңге дивиденд төлеген.
Театрдың құрылтайшысы – Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, ал басқаруды Мәдениет және ақпарат министрлігі іске асырады, жарғылық капиталы 8 млрд теңге деп көрсетілген.
Айта кетейік, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші жұбайы ретінде аталатын Әсел Исабаева бұл театрда арт-менеджер қызметін атқарады. Ол өзін жұмысқа алған «Астана Балет» театрына жалақысы мен еңбек шартына қатысты мәліметтерді жариялауға тыйым салған.
2023 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабын шығарды. Экс-президент кітабында жеке өміріне қатысты кей деректерді жариялап, Әсел Исабаева екінші жұбайы екенін, одан екі ұлы бар екенін ашып жазған.