ROA мен ROE сұмдық құлаған. Kcell НЕГЕ кері кетті?
2023 жылы Kcell-дің жалпы түсімі 2022 жылмен салыстырғанда 10 миллиард теңгеге азайды. Ал таза табысы 25 пайызға құлады және бұл тарифтердің көтерілуі кезінде болып отыр. НЕГЕ?
Kcell акционерлік қоғамы 2023 жылдың аудиттелген қаржылық есебін жариялады. Компанияның есебі қосымша сұрақтар туғызып отыр. Клиенттерден түскен выручка өсіп 223,7 миллиард теңгеге жеткен. Бірақ жалпы түсім 71,4 миллиард теңгеге түсіп қалды. 2022 жылы жалпы түсім 80 миллиард теңгеден асатын.
Басты себеп – Kcell көрсеткен қызметтің өзіндік құны 17 миллиард теңгеге, ал оның шығыны 2,2 миллиард теңгеге қымбаттап кеткен. Сол себепті, компанияның 2023 жылғы таза табысы 32 миллиард теңге болды. Ал 2022 жылғы таза табыс 40 миллиард теңге болған еді.
Kcell 2026 жылға дейін 77 миллиард теңге қарызын қайтару керек. Оның жылдық орташа сыйақы мөлшерлемесі 16-17%. 2023 жылы ұялы байланыс операторы мемлекеттен 11 миллиард теңге субсидия алды. Компания 2023 жылы ортақ және әкімшілік шығындарын 13 миллиард теңгеден 8,8 миллиард теңгеге қысқартты. Әсіресе, қызметкерлердің жалақы қоры азайған.
- Тақырыпқа орай: «Единицаға» ақша керек. Kcell НЕГЕ қарыз алуын көбейтті?
2022 жылы қызметкерлерге 5,3 миллиард теңге төленсе, 2023 жылы небәрі 2,6 миллиард теңге шығындалды. Бір қызығы, қызметкерлердің жалақы қоры екі есе қысқарып, басшылықтың алатыны көбейген. Басшылық құрам жалақы, сыйақы түрінде 2022 жылы 1,4 миллиард теңге қалтаға басса, 2023 жылы 1,7 миллиард теңге алды.
Kcell акционерлік қоғамының 51 пайыз үлесі «Қазақтелеком» арқылы мемлекеттің қолында. Ал 14,87 пайызы Ғалымжан Есеновке, 9,08 пайызы Jusan банкке, 7,04 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 6,3 пайызы Freedom тобы мен Тимур Турловқа тиесілі.
Мысалы, басым акциялары мемлекеттік емес, швед операторы TeliaSonera-ның қолында тұрған 2014 жылы Kcell-дің таза табысы 58 миллиард теңге болды. Ал 2023 жылғы таза табысы – 32 миллиард теңге ғана. Сонда осыдан 10 жыл бұрын Kcell 313,5 миллион доллар тауып жүрсе, 2023 жылы 70,4 миллион доллар пайдаға мәз болып отыр.
10 жыл бойы өсудің орнына Kcell төрт есеге құлдыраған. «Мемлекет нашар менеджер» деген қанатты сөз тура осы компанияға жарасып-ақ тұр...