«Таяу Шығыстағы бейбіт келісім іске аспай қалуы мүмкін» – Сарапшы
Жуырда Мысырда Газа секторында атыс-шабысты тоқтату туралы қорытынды келісімге қол қойылды. Газа секторындағы қақтығысты тоқтату туралы Израиль мен «ХАМАС» арасындағы келісім әлемдік саясаттағы маңызды оқиғаға айналды. Бұл шешім Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа ғана емес, Қазақстанның сыртқы саяси мүдделеріне, гуманитарлық және энергетикалық бағыттағы ұстанымына да әсер етуі мүмкін.
Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысқа түрткі болған оқиға 2023 жылдың 7 қазанында басталған болатын. «ХАМАС» тобы Израильге күтпеген жерден шабуыл жасап, әлемдегі ең қуатты барлау құрылымдарының бірі саналатын Израиль қауіпсіздік қызметін әбден абдыратты. Шабуыл шекара маңында өткен электронды музыка фестивалінде басталған. Кейін қарулы топ шекараны бұзып, бейбіт елдімекендер мен әскери нысандарға шабуыл жасады.
Соғыс басталғалы Израиль әскерінің қоршаудағы Газа секторына жасаған шабуылынан қаза тапқандар саны 67 мыңнан асқан. Бұл туралы аймақтағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Із-түссіз жоғалғандар саны 10 мың, шабуылдан жарақат алғандардың саны 170 мыңнан асқан. Израиль тарапынан да 1700-ге жуық адам құрбан болды.
13 қазан күні Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласында Израиль мен «ХАМАС» арасындағы бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңін жүзеге асыруға арналған «Gaza Peace Summit» саммиті өтті. Ақ үй жариялаған құжатта төрт мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен қантөгісті күшпен шешу мүмкін емес екенін айтып, ендігі туындайтын кез келген дауды келіссөз арқылы реттеуге дайын екенін жеткізді. Ал анклавтағы ахуал мәз емес. Газада «ХАМАС» ұйымы жүргізген операция салдарынан 32 адам көз жұмды. Қаза тапқандардың барлығы – «ХАМАС» тобына қарсылар. Израильмен жасалған атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, өңірдегі ахуал тұрақталар емес.
АҚШ президенті Дональд Трамп, Мысыр көшбасшысы Абдель Фаттах ас-Сиси, Қатар әмірі Тамим Әл Тани және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған саммит барысында анклавтағы қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойды. Іс-шараға Израиль мен «ХАМАС» өкілдері қатысқан жоқ. Келісім Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға және тұтқынға алынған адамдарды босатуға бағытталды.
«Израиль мен «ХАМАС» бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңіне қол қойғанын мақтанышпен айтқым келеді. Бұл дегеніңіз барлық тұтқынға алынғандар жақын арада босатылады, ал Израиль тұрақты бейбітшіліктің алғашқы қадамы ретінде келісілген сызыққа қарай әскерін алып кетеді дегенді білдіреді», – деп мәлімдеді Д.Трамп.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мысырда өткен жанама келіссөздер барысында қол жеткізілген Газа секторындағы қақтығысты тоқтату және тұтқынға алынған адамдарды босату туралы келісімді қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, келісім күні Мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трампты Газа секторындағы көптен күткен бейбітшілікті орнатуда елеулі дипломатиялық жеңіске жетуімен құттықтады. Қазақстан бұл ұстаным арқылы сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағыт пен халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесін айқын көрсетті деуге болады.
Геосаяси маңызы жоғары бұл келісімнің аймақтық және жаһандық салмағын саясаттанушы Асхат ҚАСЕНҒАЛИ түсіндіріп берді.
– Бұл келісім Израиль мен «ХАМАС» арасындағы қақтығысты түбегейлі тоқтата ала ма?
– Қазіргі уақытта «ХАМАС» пен Израиль арасындағы ұрыс қимылдары тоқтатылды. Трамптың бастамасымен ұсынылған бейбітшілік жоспары 21 тармақтан тұрады. Қазір оның алғашқы үш тармағы жүзеге асты. Біріншіден, Израиль әскері Газа аймағындағы операцияларын тоқтатып, келісімде көрсетілген сызыққа қарай шегінді.
Екіншіден, тұтқын алмасу процесінде «ХАМАС» 20 адамды босатып, Израиль екі мыңға жуық палестиндікті қайтарды. Үшіншіден, гуманитарлық көмек Газа секторына кіргізіліп жатыр. Алайда бұл келісімнің әрі қарай жүзеге асуы әлдеқайда күрделі. Себебі келесі кезеңдерде «ХАМАС» жасақтарының қаруды толық тастау, Газаның демилитаризация процесі мен ұйымның басқару жүйесінен шеттетілуі қарастырылған. Бұл мәселеде «ХАМАС» саяси басшылығы келісімге дайын екенін айтқанымен, кейбір жасақтар бұған қарсы. Олар қарудан бас тартқан жағдайда Израиль қайтадан қорғансыз қалған Газаны бақылауына алуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
– Демек, келісім толық жүзеге аспай қалуы да мүмкін бе?
– Иә, ондай қауіп бар. Себебі Газа аймағында «ХАМАС»-тан басқа да қарулы топтар бар. Мысалы, Исламдық жиһад ұйымы қаруды тастамайтынын мәлімдеді. Егер «ХАМАС»-тың кей бөлімдері де осы ұстанымда қалатындай болса, олар осы топтарға қосылып, қақтығыс қайта жалғасуы мүмкін. Мұндай жағдайда Израиль келісімнің бұзылғанын мәлімдеп, әскери операцияларды қайта бастау ықтималдығы жоғары.
Бұдан бөлек, Газа аймағын кім басқаратыны туралы да күрделі пікірталас бар. Палестиндік тарап билікті толықтай өз өкілдеріне беруді қаласа, ал Батыс елдері мен халықаралық қауымдастық Газада араб және батыс мемлекеттері қатысқан коалициялық басқару жүйесін ұсынуда. Мұнда да үлкен қарама-қайшылық туып отыр. Сондықтан, келісім соғысты тоқтатуға бағытталған маңызды қадам болғанымен, оның барлық 21 тармағын толық орындау кезеңінде үзіліп қалуы мүмкін деген тұжырым келеді. Әсіресе, осы қару мәселесіндегі қарама-қайшылықтар осыған әкелуі әбден мүмкін.
– Египеттің, Қатар мен Түркияның бейбітшілік процесіндегі рөлі қандай?
– Газа қақтығысын тоқтату жөніндегі құжатқа төрт мемлекет – АҚШ, Мысыр, Қатар және Түркия қол қойды. Себебі араб мемлекеттерінің ішінде Қатар мен Мысыр бұл соғысты тоқтатуға мүдделі тараптардың бірі саналды. Мысыр – Газамен шекаралас жалғыз мемлекет, сондықтан гуманитарлық дағдарыс пен босқындар легі ең алдымен осы елдің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін еді. Сол себепті Мысыр бейбіт процестің басты делдалына айналды.
Қатар – Палестина мәселесінде бұрыннан белсенді мемлекет. «ХАМАС»-тың сыртқы саяси өкілдері осы елде орналасқандықтан келіссөздердің басым бөлігі Қатар арқылы өтті. Ал Түркия бұл процеске мұсылман әлемінің мүддесін қорғаушы және Израильге саяси қысым көрсетуші ретінде қосылды. Бұл ретте үш елдің араласуы кездейсоқтық емес – бұл олардың аймақтық қауіпсіздік пен беделін сақтауға бағытталған заңды әрекеттерін айқын көрсетті.
– Бұл келісімнің Таяу Шығыстағы геосаяси балансқа ықпалы қандай?
– Араға екі жыл салып, бұл келісім жүзеге асқаннан кейін Таяу Шығыстағы геосаяси турбуленттілік біршама тынышталды. Себебі, соңғы екі жылдың ішінде Газадағы қақтығысқа байланысты Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай ушығып кеткен-ді. Газадағы қақтығыс Израиль мен Газа арасындағы ғана емес, Ливан, Иран, Йемен секілді елдерді қамтыған кең ауқымды соғысқа айналу қаупін тудырды. Сондықтан бұл келісім ең алдымен аймақты үлкен соғысқа ұласудан сақтап қалды. Қақтығыстан кейін Израильдің аймақтағы рөлі күшейді. Ол «Хезболла», «ХАМАС», Иран және Йемендегі хуситтерге жойқын соққылар беріп, негізгі қарсыластарын едәуір әлсіретті. Осы арқылы Израиль өз қауіпсіздігін кемінде он жылға қамтамасыз ете алды деуге болады. Егер Газадағы қақтығыс Трамп ұсынған жоспар аясында толық реттелсе, Таяу Шығыста ауқымды соғыс қаупі айтарлықтай төмендейді.
– Келісімнің Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға әсері бар ма?
– Қазақстан бұл қақтығыс аймағынан алыс орналасқандықтан, оның тікелей әсерін сезінген жоқ. Алайда қазіргі жаһандану жағдайында кез келген аймақтық соғыс әлемдік экономика мен халықаралық келісімдерге әсер етеді. Сондықтан бұл келісімнің жүзеге асуы Қазақстан үшін де оң ықпал етуі мүмкін.
Біріншіден, Қазақстан – Израильмен де, Палестинамен де дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекет. Біз Палестинаның тәуелсіздігін мойындап, екі мемлекет қағидатын, яғни тәуелсіз Палестина мен тәуелсіз Израильдің қатар өмір сүруін тұрақты түрде қолдап келеміз. Дегенмен, экономикалық тұрғыдан қарасақ, Қазақстан үшін Израиль маңызды серіктес саналады. Араб елдері мұнай мен газ сатудан бас тартқан соң, Израиль өз энергия көздерін өзге елдерден алады. Бүгінде Израиль тұтынатын мұнайдың шамамен 60 пайызы Әзербайжан мен Қазақстаннан жеткізіледі. Демек, Қазақстан Израильдің энергетикалық қауіпсіздігінде 30-35 пайыздық үлеске ие стратегиялық серіктес. Сонымен қатар екі ел арасында су тапшылығын шешу, технология алмасу және қорғаныс саласындағы әріптестік бағыттарында да бірқатар келісімдер бар. Израиль су ресурстарын тиімді басқару технологиясын ұсынуда алдыңғы қатарда болса, Қазақстан осы тәжірибені үйренуге мүдделі. Қорғаныс саласында да біз Израильден барлаушы дрондар мен қару-жарақ технологияларын алып, ынтымақтастық қатынас орнаған.
Қақтығыс ушығып тұрған кезде бұл келісімдердің жүзеге асуы қиын еді. Ал бейбіт келісімнің іске асуы осы жобаларды дер кезінде орындауға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келісім Израиль мен Палестинаның емес, бүкіл Таяу Шығыстың тұрақтылығына әсер етеді. Соңғы жылдары Қатар Қазақстанның мұнай-газ, агро саласына үлкен көлемде инвестиция құйды. Егер Израиль мен Газаның арасындағы қақтығысқа байланысты Қатарға соққы жасау тағы да қайталанатын болса, біздің дәл осылай инвестициялық жобаларымызға қауіп төнетін еді. Жанама түрде алып қарағанда, әлбетте бұл қақтығыстың бізге де және Орталық Азияға да өзінің кері әсері тиген кездері болды, алайда қазір жасалған келісімдер алдағы қауіпті сценарийлердің біршамасын сызып тастаған секілді. Қазіргі таңда Қазақстан билігі, үкіметі, экономика саласындағы мамандары да жасалып отырған келісімді құптайды, қолдайды және Қазақстан екі ел арасындағы бейбіт келісімнің жүзеге асуына мүдделі.
– Геосаяси тұрғыда Қазақстанның «бейбіт бастамаларды қолдайтын ел» ретіндегі ықпалы арта ма?
– Шындығын айту керек, Израиль мен Палестина арасындағы күрделі қақтығыстың тоқтауына Қазақстанның қосқан үлесі зор деп айтсақ, әрине, ол орынсыз. Қақтығысты тоқтату тетіктері негізінен Батыстың, бірінші кезекте АҚШ-тың қолында болды. Сондықтан осы келісімді тоқтатушы және бекітуші тарап АҚШ екені белгілі. Дегенмен, Қазақстан бейбіт бастамаларды қолдайтынын айқын көрсетіп, екі мемлекет қағидатын қолдады. Одан бөлек, еліміз әлемдік аренада бейбіт бастамаларды қолдайтын ел ретінде танылып келеді. Оған Әзірбайжан мен Армения арасындағы келіссөздерге алаң ұсынуы, Сирия бойынша «Астана процесі», ядролық қарусыздану бастамалары және Украина-Ресей соғысына байланысты келіссөз өткізуге дайын болуын айтуға болады. Қазақстан бұл айтулы кезеңде бейбітшілікті қолдайтын, медиаторлыққа дайын мемлекет ретінде танылды.
Мемлекетаралық келісімнен бөлек, Қазақстан дінаралық және ұлтаралық татулықты нығайту бағытында да белсенді. Әлемдегі бірнеше мемлекеттің ішіндегі қалыптасқан діндердің арасындағы татулықты сақтау мәселелерінде де Қазақстан негізгі бастамаларға ие елдердің бірі. Еліміздің жаһандық бейбіт бастамалардағы белсенді ұстанымы оны бітімгерлік бағыттағы сенімді серіктес ретінде одан әрі танытып, халықаралық беделін нығайта түсетіні сөзсіз.