Ұлттық Банк Avtobys жүйесіне қатысы бар компанияны төлем ұйымдарының тізілімінен шығарды
20 сәуірде Қазақстан Ұлттық Банкі Avtobys электронды төлем жүйесіне қатысы бар «Innoforce systems» ЖШС-ны төлем ұйымдарының тізілімінен шығарды. Бұл туралы Ұлттық банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті NEGE редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Астана, NEGE. «Innoforce systems» ЖШС 2019 жылдан бері төлем ұйымы ретінде жұмыс істеген. Қазақстанда мұндай ұйымдар арнайы лицензия емес, есептік тіркеу негізінде қызмет атқарады.
Ұлттық банк сайтындағы мәліметке сәйкес, компанияны тізілімнен шығаруға «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның 18-бабы 1-тармағының 2-тармақшасы негіз болған. Аталған нормада төлем қызметтері немесе төлем ұйымын тіркеуге қажет құжаттардағы мәліметтердің жалған не шындыққа сәйкес келмеуі тізілімнен шығаруға себеп болатыны көрсетілген. Әңгіме заңның 16-бабы 2-тармағында көрсетілген құжаттар туралы болып отыр.
Заңға сәйкес, төлем ұйымы есептік тіркеуден өту үшін Ұлттық банкке басшылық туралы мәліметтерді, жарғылық капиталдың қалыптасуына қатысты құжаттарды, жарғыны, банктермен өзара жұмыс тәртібі туралы ақпаратты, IT жүйелері мен комплаенс-бақылауға жауапты қызметкерлер туралы деректерді, сондай-ақ ішкі бақылау және қызмет жүргізу ережелерін ұсынуы тиіс.
«Innoforce systems» ЖШС – Avtobys мобильді қосымшасының иесі әрі операторы саналатын «Innoforce solutions» ЖШС-ның еншілес компаниясы. Қызметтің жария офертасында «Innoforce solutions» қызмет көрсетуші ретінде көрсетілсе, төлемдерді өңдеуге «Innoforce systems» жауап берген.
NEGE редакциясы өңірлік әкімдіктерге де сауал жолдап, компания тізілімнен шығарылғаннан кейін төлемдер қайда түсіп жатқаны және қаражаттың қалай бөлінетіні туралы түсініктеме сұрады.
Ал Ұлттық банкте сервис иелері мен операторлары заң бойынша төлем қызметін көрсететін ұйымдарды өздері таңдай алатынын атап өтті. Мұндай қызметті банктер де, Ұлттық банкте есептік тіркеуден өткен төлем ұйымдары да көрсете алады.