Әлеуметтік желілер мен интернетте заңсыз үгіт-насихат жүргізгені үшін айыппұл салынбақ
Қазақстанда интернет арқылы үгіт-насихат жүргізу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілуде.
Астана, NEGE. Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау процесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерін бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы бойынша баяндама жасаған премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы конституциялық заң жобасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.
Ондағы негізгі түзетулер:
- сайлау рәсімдерінің ашықтығын арттыруды;
- сайлау қорларынан тыс қаржыландыруға тыйым салуды;
- әкімдікке кандидаттардың дауыстары тең болған кезде қайта дауыс беру тәртібін белгілеуді;
- бір адамның бір мезгілде мәслихат депутаттығына және әкімге кандидат болуға тыйым салуды;
- сайлау комиссиялары мүшелеріне қойылатын талаптар мен жауапкершілікті күшейтуді;
- сенімді өкілдердің мәртебесін нақтылауды;
- сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттіктерін уақытша тоқтату мәселесін реттеуді;
- жаңадан құрылған немесе қайта ұйымдастырылған әкімшілік-аумақтық бірліктердегі сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттік мерзімін айқындауды көздейді.
Бұл ретте Жұманғарин осы конституциялық заң жобасының нормаларын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген ілеспе заң жобаларына тоқталып өтті.
Оның мәлімдеуінше, ілеспе жаң жобасында онлайн-платформаларды пайдалануды және барлық кандидат үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуді реттейтін нормалар енгізілген.
«Әкімшілік бұзушылық туралы кодексте онлайн-платформаларда үгіт материалдарын орналастырудан бас тартқаны және кандидаттар үшін тең емес жағдайлар жасағаны үшін жеке тұлғаларға 20 АЕК (биыл 86 500 теңге), заңды тұлғаларға 50 АЕК (216 250 теңге) көлемінде әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Екінші, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қорларынан басқа өзге де материалдық көмекті қабылдауға тыйым салынды. Сайлау қорларынан тыс қаржылық және өзге де материалдық көмек алған үшін жеке тұлғаларға 25 АЕК (108 125 теңге), ал заңды тұлғаларға 55 АЕК (237 875 теңге) мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік енгізілді», – деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары.
Бұдан бөлек қаржыландыру ережелерін бұзған жағдайда кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу жөніндегі шешімнің күшін жою туралы конституциялық жауапкершілік көзделген.
«Бұл сайлау науқандарын жасырын және бақылаусыз қаржыландыруға жол бермеуге бағытталған», – дейді Жұманғарин.
Сондай-ақ кандидаттың сайлау алдындағы үгіт жүргізуге бөлінген мемлекеттік бюджет қаражатын жұмсау тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Мұндай бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұл мөлшері 5 АЕК-тен (21 625 теңгеден) 25 АЕК-ке (108 125 теңгеге) дейін ұлғайтылады. Заң шығарушылардың пайымдауынша, бұл бюджет қаражатын тиімді және ашық пайдалануға ықпал етеді.
Бұдан басқа ілеспе заңдарда мәслихаттың құзыретін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның нормаларымен сәйкестендіруді көздейтін түзетулер енгізілген.