USD
USD
USD

Атыраудағы отбасы қазасы: қызы туыстарының өліміне қатысы жоқ деп танылды

Жангелдин ауылында қаза тапқан отбасы мүшелерінің қызы әрі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның тарапынан адам өлтіруге байланысты құқықбұзушылықтар анықталмаған.

Ақбаян Мұқанғалиева
Фото: Ішкі істер министрлігі

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек мәлімдеді, деп жазады Kazinform.

«Оның кісі өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ал қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелді. Алайда оған әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылмайды. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмады», – деді Жандар Болатбек.

Алматыда Ақбаян Мұқанғалиеваға психиатриялық сараптама жүргізілген. Алайда сарапшылардың қорытындысы прокуратураға әлі түспеген. Қажет болған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкін. Соңғы мәлімет бойынша, Ақбаян Мұқанғалиева Атыраудағы облыстық психиатриялық орталығында жатыр.

Айта кетейік, өткен жылы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданып, ағасы мен оның отбасы мүшелерінің бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпағанын хабарлаған. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды.

6 қаңтарда Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыпты – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері ауылдағы үйінің қорасынан табылғаны хабарланды. Екі адамның өліміне отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, оған іздеу жарияланды.

Күдікті Сәрсемәлиев пен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева 24 ақпанда Индонезияның Ломбок аралында ұсталды. Олар 9 наурызда Атырауға жеткізілді.

Күдікті қылмысын мойындағаннан кейін қалған екі мәйіттің қай жерде көмілгенін көрсеткен. Жедел қызметкерлер оның айтқан жері – Геолог ауданында бұрын жалдап тұрған үйінің ауласын тексеріп, Наурыз бен Мирамгүлдің денесін тапты.

Төрт адамның өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі 18 мамырға белгіленді.

Қазір оқып жатыр

«Ғалымдар жаппай қуылды» деген ақпарат шындыққа жанаса ма? Ясауи университеті жауап берді

.

2 млрд теңге табыс тапқан: Алматыда Kizdar.net сайтын құрушылар қамауға алынды

Кісен

АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық жігітке қатысты тың ақпарат айтылды

Әсет Құралбай

Samruk-Kazyna Construction еншілес компаниясын 228,8 млн теңгеге сатпақ

.