Ең қымбат күзетші. Инвестициялық қор НЕГЕ өзін-өзі асырай алмай қалды?
Үкіметке қарасты «Қазақстанның инвестициялық қоры» акционерлік қоғамы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 724 миллион теңге шығынға ұшыраған. Дәл осы кезеңде компанияның операциялық кірісі ортақ және әкімшілік шығындарын жабуға жетпеген. Яғни инвестициялық қордың бар екенінің өзі мемлекетке күн сайын шығын әкелуде. Бұл жағдай қаншаға созылмақ?
Инвестициялық қордың 2025 жылғы шоғырланған аудиттелген есебіне сай, пайыздық кірістен 219,5 миллион теңге, активтерді сатудан 239,5 миллион теңге, өзге кірістерден 257,7 миллион теңге, қаржылық құралдармен жасалған операциялардан 266,9 миллион теңге келген. Сонда жалпы операциялық кірісі 878,6 миллион теңгені құраған.
Алайда бұл қаржы тіпті компанияның 1,19 миллиард теңгеге дейін өскен ортақ және әкімшілік шығындарын жаба алмаған. Оған активтердің құнсыздануынан пайда болған 428 миллион теңгелік минус қосылып, нәтижесінде Қазақстанның инвестициялық қорының (ҚИҚ) соңғы жылдардағы жинақталған шығын көлемі 63 миллиард теңгеге таяп қалды.
Бір қызығы, 2024 жылы ҚИҚ Қазақстанның даму банкі алдындағы берешегінен құтылған болатын. Соның арқасында, 2025 жылы ешқандай пайыздық төлем жасамады. Алайда бір жылда қордың пайыздық кірісі 590,4 млн теңгеден 219,5 млн теңгеге дейін азайды. Яғни шамамен 371 млн теңгеге кеміді.
Өзге кірісі де күрт төмендеп кетті. 2024 жылы өзге кірістер 1,438 млрд теңге болса, 2025 жылы небәрі 257,8 млн теңге болды. Шамамен 1,18 млрд теңге болған осы айырмашылық 2024 жылы кіріс әкелген компанияның жағдайын қиындатты. Бұған қоса, әкімшілік шығыстардың өсу факторы қосылып отыр. Инвестициялық қордың әкімшілік шығындары бір жылда 824,1 млн теңгеден 1,19 миллиард теңгеге дейін өскен. Демек, бір жылда 366,5 млн теңгеге артты.
Тақырыпқа орай: ҚИҚ! Қор сатылып кетсе де, қызуы НЕГЕ басылмай тұр?
Сонда Қазақстанның инвестициялық қоры ақшаны қайда жіберіп жатыр? Жалақы мен салықтарға 459 миллион теңге, баланстағы проблемалық активтерді күзетуге 341,7 миллион теңге, демалыс бойынша резервке 85,5 миллион теңге, АҚЖ шарттарына 55,3 миллион теңге, іссапарға 27 миллион теңге жұмсалған. Осыдан проблемалық активтердің ұзақ уақыт бойы сатылмай тұрғаны тікелей шығынға батыратыны жақсы байқалады. Себебі оны күзетудің өзі арзан тірлік емес.
Қазір ҚИҚ тарапынан сатылуға арналған ұзақ мерзімді активтердің ортақ құны 10 миллиард теңгеден асады. Ішіндегі ең ірілері: 3,7 миллиард теңгеге бағаланған Textiles.kz, 2 миллиард теңгелік «ACIG» АҚ, 1,16 миллиард теңгеге Семей былғары-тері комбинатының мүліктері. Бірақ бұл активтер көп жылдан бері сатылмай келеді.
Инвестициялық қордың өзі 2023 жылы мемлекет балансынан шығарылып, жекеменшік «D-Personel» фирмасына сатылғаны есімізде. Бірақ оның арты дауға ұласып, 11 айдан кейін жолы ауыр қор қайтадан мемлекет иелігіне оралды.
Енді ҚИҚ бұлай шығынға бата беретін болса, мемлекет оны қайтадан сатуға шығаруы да мүмкін. Бірақ жекеменшік сектор сол жағдайдан кейін Қазақстанның инвестициялық қорына жолаудан мүлде қорқатын тәрізді.
Қазір кәсіпкерлер қордан да, оның сатылмай тұрған активтерінен де іргесін аулақ салады.