Депутаттар портреті. Ерлан Сайыров. «Деректір»
Парламентке әркім әр жақтан келеді. Мәселен, Ерлан Сайыров «Нұр Отаннан» барды. Мәжілістің табалдырығын аттарда, Еуразиялық интеграция институтының директоры деген қызметін өткізіп берген. Оған дейін де талай жерде «деректір» (директор) болды. Тіпті ең алғашқы жұмысын да директор болып бастаған депутатыңыз – осы кісі. Сондықтан шығар, мәжілісмендерге сын көзбен қарайтын сыралғы жұрт Сайыровтың бойынан депутатқа емес, деректірге тән мінез-құлықты жиі байқап қалып жүр.
«Бала бастық»
Ешкім директор болып тумайды, ешкім өмірге директор болып келмейді. Бас бастықтың орнына жету үшін сатылап өседі, талай шырғалаңды басынан кешіреді. Мысалы Қазақстанды 30 жыл билеп-төстеген Назарбаевтың өзі Теміртауда темір балқытып, көсеу ұстаған. Тоқаев та бірден елші болып кеткен жоқ, алғашқы қадамын елшіліктен бастады. Қошанов – слесарь, Скляр – слесар-монтажшы, Бектенов – бас маман, Нұртілеу – атташе, Сәденов – жедел уәкіл, Көшербаев – инспектор, Дайрабаев – қойшының көмекшісі болған.
Осыны білетін жұрттың арасында «Осы біздің Сайыров деректір болып туған-ау» деп қыжыртатындар бар. Дегенмен бұл пайымның ақиқаты да аз емес. Өйткені кейіпкеріміз С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университетін «тарихшы» мамандығы бойынша тәмамдаған соң, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Сосын 2000-2003 жылдар аралығында Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ішкі саясат департаментінің директоры болды. Сайыровтың 1970 жылы туғанын ескерсеңіз, бұл кісі еңбек жолын 30 жасында бастады деген сөз. Шынымен 30-ға толғанша жұмыс істемей білім қуды ма, әлде майда-шүйде қызметтерін «мұның не керегі бар?» деп санаттан сызып тастады ма, ол жағы беймәлім. Белгілісі, өмірбаянындағы еңбек жолы директорлықтан басталады.
Сайыров Мәжіліске келгенше тоғыз жерде қызмет істесе, соның төртеуінде – директор, бірінде – төраға, тағы бірінде – төрағаның орынбасары, енді бірінде – төрағаның кеңесшісі болған. Яғни, бастықтың өзі, не соның көзі болған. «Тегін адам таз бола ма?» демекші, тегін адамның бастық болмайтыны белгілі. Бұл енді кейіпкеріміздің төрде отыруға ыңғайлы азамат екенін аңдатса керек.
Кезінде отыздағы директорды «бала бастық» деп қораш көргендер кейін ол сөздерін «қайтып алды». Себебі кейіпкеріміз басқарушылық биіктен төмендемеген күйі Мәжілістен бір-ақ шықты. Міне, осы кезде «Сайыров директорлық дағдысын Парламентке ала кетті» деген бір әңгіме тараған. Бірақ оны біреу түсініп, енді біреу түсінбеді. Арада көп уақыт өткен жоқ, «директорлық дағды» дегеннің не екенін тікелей эфирден көрген жұрт ішіп отырған шайларына шашалып қала жаздады.
«... қайта жұтсаң – мәкүрік»
«Құрметті достар! Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Әрбір азамат өзінің істегені үшін жауап беруі қажет. Мен кешегі «Хабар» арнасындағы түкірік үшін айыппұл төледім. Заң алдында барлық азамат тең болуы керек. Бұл – аксиома! Сонда ғана әділетті қоғам құрамыз», – деген Ерлан Сайыров төленген айыппұл түбіртегінің скринін әлеуметтік желіге салып, көпке көрсетті.
Мәселе неден шықты? Естеріңізде болса, 2022 жылы Астана мәслихатының депутаттары да «тыныш жүрмей», көшеде түкірген адамдарға қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынған. Оны сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят қолдаған еді. Сөйтіп, Астана әкімдігі түкіргіш жүргізушілерді бақылау камералары арқылы анықтамақ болып, елдің «аузын аңдып» жүргенде, Мәжіліс депутаты тікелей эфирде былш еткізіп, түкіре салған. Кейіпкеріміздің «заң – бәрімізге ортақ, айыппұлымды төледім» деп «есеп беріп» жүргенінің себебі сол.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Мұрат Әбенов. «Жазбагер»
Бір есептен, өйтпеске амалы да жоқ еді. Өйткені Павлодар облысының полиция департаменті депутаттың дүмбілездеу әрекетіне зерттеу жасап, «айыппұлға лайық» деп жаза кескен. Сонымен Ерлан Сайыров 15 315 теңге көлеміндегі айыппұлды жеңілдікпен төлеп, 7 657 теңге 50 тиынын шығындады. Әңгіме осымен біте салса, өте дұрыс болар еді. Бірақ бітпеді. Себебі депутаттың біртүрлі «дағдысы» көпшілікке ұнамай қалды. Ерінбегендер «полиция түкірікті дұрыстап зерттеді ме, егер құрамында насыбайдың уыты болса, тағы бір айыппұл салуы керек еді» деп әзілге шаптырды.
Түкіріктің әңгімесінің сілекейдей созылуына Сайыровтың өзі де септесті. «Екібастұзда кеше күн өте суық болды ғой...» деп бастаған депутат бейне мәлімдеме жасады. Ұққанымыз, күн суық болған, аяз қақап тұрған, адамдар тоңып тұрған... міне сол кезде, көмейден бері жылжыған қоймалжың сұйық, еріннен сылп ете қалған ғой, қысқасы.
Былай қарасаңыз, мұнда тұрған бәлендей ештеңе жоқ. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң – мәкүрік» деген рас сөз. Тікелей эфирде тұр екенмін деп «шығатын жеріне» кеп қалған түкірікті қайта жұтып жіберу – оңай шаруа емес. Сондықтан депутаттікі – табиғи нәрсе. Бірақ осы бейне мәлімдемесінде көпшіліктен кешірім сұрап алған кейіпкеріміз тағы бір мәселені қозғап, әңгімені «ушықтырды»: «Бірақ бұл жерде екінші бір мәселені қарастыру керек. Сол жердегі осындай жағдайға жеткізген олигархтар, олар неге халықтың алдында мен сияқты кешірім сұрамайды. Олар не, халықтың бетіне түкіргені ме?...», – деді Екібастұздан келіп, аяқ-қолы жібіген мәжілісмен.
Былай қарасаңыз, сөзінде мін жоқ. Қазандыққа қожайындық қылған олигархтардың білгенін істеп жатқаны рас. Әрбірден соң, олигарх атаулының халыққа түкіргені бар. Ал Сайыров кім? Сайыров – Парламенттегі халықтың өкілі, халықтың қалаулысы. Ендеше депутат жерге түкірмей, қара суықта жұртты «мұзға қатырған» олигархтың бетіне неге түкірмейді? Тіпті ұстап алып, бетіне түкірмесе де, қуып жүріп, артынан түкірсе – аяздан жаураған жұрттың жаны жылыр еді ғой...
Ал «мен кешірім сұрадым, аналар неге сұрамайды?» деген сөз – өз айыбын ақтаған адамның әлаулайына ұқсас шықты. Сондықтан мұны біреулер «түкіргіш депутат енді түкірігіне қақырығын араластырды» деп бағалады. Ал енді біреулер «Сайыров депутат болғанмен, директорлық дейгейінен аспаған екен» деп топшылады. Қайсысына қосылу – Сіздің еркіңіздегі шаруа. Ал біз кейіпкеріміздің келесі қырына үңілеміз.
Жылдың аяғында «қозудың» мәні
Биліктен кеткен Назарбаевтың да жөнімен жүрмей, елді әбігерге сала жүретінін білетін шығарсыз. Қалталаңдап қайта-қайта Кремльге барғаны қарапайым жұртты былай қойғанда, жаңа Қазақстан өкілдеріне де ұнаған жоқ. Экс-президент өткен жылы салып ұрып, Мәскеуге барғанда, Сайыровтың шекесі тырысып қалған. Сосын бұ кісі бүй деді: «Қазақстанда реваншистік күштер дәстүрлі түрде жылдың аяғында «қоза бастайды». Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шетелге шығып келсе, ел ішінде әр-түрлі ақпараттық, саяси дүмпулер болуы дәстүрге айналып отыр. Бұл да шындық.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Қазыбек Иса. «Дауылпаз»
Міне, Н.Назарбаев Ресейге жол тартыпты. Бұл нені білдіреді? Егер назар аударсақ, екі айда Қазақстан ішінде мемлекетке, нақты Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы ақпараттық шабуылдар да болып жатыр. Бұл тенденцияны «саяси соқыр» ғана көрмей отырған шығар. Реваншистер Қазақстандағы әр-бір оқиғаны мемлекетке қарсы пайдалануға тырысып отыр!
Өткен екі айдың ішінде Қазақстанға іштен де, сырттан да ақпараттық шабуыл үдеп барады! Бұл сол Қаңтардағы жеңіліс үшін ревашисттердің өш алуға тырысуы!..».
«Реваншист» деген сөздің «фашист» дегендей сұрқия естілетіні рас. Бірақ Сайыров айтқан реваншистердің кімдер екенін ешкім әлі ұққан жоқ. Өйткені реваншистер туралы Сайыровтың қисыны Назарбаевтың сапарынан кейін айтылды. Демек реваншистердің басында басқа емес, Назарбаевтың дәл өзі тұруы мүмкін. Егер осыған келіссеңіз, Сайыровтың келесі байламына назар аударыңыз – «Қаңтардағы жеңіліс үшін ревеншистердің өш алуға тырысуы». Бұл нені білдіреді? Жауап оңай. Яғни, реваншистер Қаңтарда жеңілген немесе жеңілгеннен кейін реваншистік кейіпке енген. Сайыровтың осы қисынын ары қарай «қуаласақ», «сонда жеңген кім?» деген сауал шығады. Әрине, жеңген жақ – сайыровтарды сапына қосқан бүгінгі билік.
Міне, осы жерде түсініксіз бір нәрсе бар. Ел ішін ала тайдай бүлдіргісі келетін реваншистерді жеңген жақ неге желкелеп отырып түрмеге тықпайды? Басы бұлталаңдап, құйрығы шолталаңдап жатқан жылан кейіптес реваншистерді тәртіпке сала алмасаң, жеңгенің қайсы, жетілгенің кәне?!
Тарихи деректерге сүйенсек, әрі адами қисынға салсақ, әдетте жеңілген жақ байбалам салатын. Ал жеңген тарап «қолыңнан келсе, кесіп ал» дегендей, миғынынан күліп тұратын. Ал Сайыровтың «жылдың аяғында «қоза бастайтын» реваншистерді тану тәпсірі – ненің белгісі. Міне, осы жерде депутаттың үшінші қыры ашылады.
Болатқа шүйлігудің астары
Реваншисті – есе қайтарушы, кек алушы деп түсінейік. Бірақ оларды танудың қиындығын жоғарыда айттық. Ал қиынның қиыны – реваншист пен реваншист еместі ажырату. Өйткені Назарбаевтың дәуірінде жоғарғы биліктің түрлі қызметінде жүріп, президентті мақтап-мадақтамаған адам кемде-кем. Олардың барлығы да кезінде «Назарбаевқа адал қызмет етіп жүрмін» деп ашық айтқан. Міне, солардың кемінде 50-60 пайызы бүгінгі биліктің сапында жүр. Сонда осылардың барлығы да реваншистер ме? Әлде жеңген жақтың жалауын көтеріп жүретін күнбағарлар ма?
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Азат Перуашев. «Тутамас»
Бір тәуірі, біздің кейіпкеріміз отыз жылдық кезеңнің маздаған отына «толық қақталып» үлгерген жоқ. Әр-әр жылдары жарияланған Назарбаевтың бітпейтін жолдауларына сипай қамшылап, мақтау айтқаны болмаса, ашық жағымпаздыққа бармады. Оның бір себебі, парламенттік әлемге Тоқаевтың тұсында келді. Бірақ бұл Назарбаевтың қитығып, тізгіннің бір ұшын берсе, бір ұшын бермей жүрген кезі еді. Сайыровтың саясаткерлігі шығар, Мәжіліске алғаш келгенде, «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» әдемі жол тапты.
«Маған «Nur Otan» партиясынан Мәжілісте еңбек ету мәртебесі бұйырып, сенім артылды. Осы орайда, «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, партияның саяси менеджментіне көрсеткен жоғары сенімі үшін алғысымды білдіргім келеді...», – деген Сайыров мойын бұрған жағына толық «құлап кетпей», қайта тіктелді де: «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Біз жұмыс орындарының қысқаруына, кәсіпорындардың жабылуына жол бермеуіміз қажет... Біз адам игілігі мен еліміздің әрбір азаматы үшін жұмыс істейтін боламыз! Жүз гүл бүршік атсын!...», – деді.
Оқырманға түсінікті болу үшін біз де сәл әсірелеп, «бүршік атқыза» жеткізіп отырмыз, әйтпесе Сайыров мұны көп алдында айтқан жоқ. Бірақ көпшілік үңілген әлеуметтік желідегі парақшасында жақсылап тұрып жазды. Жазғанмен, айтқаннан артық қылып жеткізді. Міне, осыны білетіндер «Сайыров кеше осылай сипақтатып еді, бүгін енді реваншист іздеп жүргені несі?» деп жазғырады. Алайда біз бұл пікірге қосылмаймыз. Өйткені бір тақта екі адам мінгесіп отырғандай көрінетін сол тұста, қаралы Қаңтардың ызғырығы жақындап келе жатқанын ешкім білген жоқ. Ендеше ешкім білмеген дүниені кейіпкеріміз қайдан біледі? Тіпті үлкен саясатқа жаңа келген Сайыров секілділер «ары қарай мемлекетті екі адам бірлесіп басқара беретін шығар» деп ойлауы да мүмкін ғой. Міне, сондықтан біз Назарбаев пен Тоқаевты тең мақтаған Сайыровтың сондағы әрекетін анау айтқандай, қателік деп есептемейміз.
Алайда есептеуге сұранып тұрған бір мәселе бар. Қанды Қаңтар өтіп, ел бірін біліп, енді бірін білмейтін текетірес жоғарыда өтіп жатқан тұста, дәлірек айтсақ, күзге салым, Ерлан Сайыров қатты ашуланды. «Бұл неткен әлеуметтік әділетсіздік? Конституциядағы теңдік принциптері қайда?» деп айғай салды. Ел-жұрт аң-таң боп, жан-жағына қарады. Сөйтсек, кейіпкеріміз Болат Назарбаевтың атына тіркелген 59 жер телімі (244 гектар) мен толып жатқан нысандардың тізімін қолына алып алған екен. Айтып отырғаны – дұп-дұрыс. Бір қарасаңыз, масқара! Енді бір қарасаңыз, бұл жаңалық па?
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Еділ Жаңбыршин. «Абориген»
Отыз жылдың ішінде кіші Назарбаев не істемеді? Шұрайлы жер мен қымбат нысан тұрмақ, жүйрік жылқы мен беті жылтыраған әйел көрсе де, өзінікі санады. Жер хабар бермесін, экс-президенттің інісі ағасының арқасында жалғанды жалпағынан басты. Оны енді жоғары биліктегілер тұрмақ, бүкіл жұрт білетін. Ал елдің бәрі біліп тұрған әділетсіздікті біздің «директор» білген бе, білмеген бе? Білсе, ағайынды екеудің тойымсыздығына көз жұмып, үлкенін өтірік мақтап келген бе? Шын мақтаса, соңына дейін неге қасында болмады? Өтірік мақтаса, бұл кісінің қазіргі мақтауларының да ертең өтірік болып шықпасына кім кепіл?! Көрдіңіз бе, Ерлан Сайыровтың саясаткерлік қыры осы тұстан ашылатын секілді.
Түйін: «Мен Қазақстандағы бір палаталы Парламент идеясын қолдаймын. Бір палаталы Парламент партиялық тізіммен жасақталуы жөнінде де ұсыныс айтылды. Бұл қадам еліміздегі саяси бәсекелестікті арттырып, партиялардың қоғам ішіндегі рөлін мығымдайтын қадам» деді күні кеше Сайыров. Бұл – Президент Тоқаевтың жолдауын қолдағаны. Жалпы, жұртшылық осылай ойлады.
Ал шындығында, бұл қолдаудың үлкен мәні бар. Бір палаталы парламент партиялық тізім арқылы ғана жасақталса, бір мандатты округтен келгендер орға түскен құландай «омақасқалы» тұр. Қанша партия бәйгеге түссе де, «AMANAT»-тың аты озып келетіні белгілі. Демек ескі биліктің партиясынан жаңа биліктің партиясына ауыса салған кейіпкеріміз ештеңе жоғалтпайды. Сайыровтың салкүреңі саясаттың аламанында әлі талай ойқастауы мүмкін...
Бірақ бұған қатты сенуге де болмайды. Өйткені, саясат – сайқал. Сайыровқа түсінікті теңеумен айтсақ, сынаптай сырғыған саясат та – бір, еріннен сылп ете қалған түкірік те – бір...
Сансызбай Нұрбаба.