Жеке басқа тиіспеу құқығы президентті қорғай ма?
Ресейде мемлекеттік Дума депутаттары Конституцияға қызметі аяқталған Ресей президентінің жеке басына тиіспеу туралы өзгеріс енгізуді ұсынды. Қазір Конституцияның 93-бабына сәйкес, президентті орнынан алу мақсатында осындай құқықтан айыру мүмкіндігі қарастырылған. Президент Путин 2001 жылы бұрынғы президентке тиіспеу туралы федералды заңға қол қойған еді. Енді депутаттар осы ережені Конституцияға енгізу арқылы оның мәртебесін жоғарылатуды көздейді.
Осы орайда посткеңестік кеңістікте тағы кімдер өзіне осындай заңды қалқан жасап алуға ұмтылғанын еске алып, мұндай құқықтың қаншалықты берік сақталатынын барлап көрдік.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан
Қазақстанда бұрынғы президентке тиіспеу туралы құқыққа Конституция кепіл береді. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы арнайы конституциялық заң ережелері Конституциямен бекітілген. Бірқатар заң және Конституция бойынша Қазақстанның бірінші президентінің ар-ожданына қол сұғуға жол берілмейді, оны президент болып тұрған кездегі әрекеттері үшін соттауға болмайды. Сонымен бірге бұл құқық оның отбасы мүшелеріне де берілген.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Орталық Азияда Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін «Ұлт көшбасшысы» болып танылған екінші басшы. Тәжікстанда 2015 жылы Ұлт лидерін іс жүзінде көзі тірісінде ешқандай жауапкершілікке тартуға болмайтыны туралы заң қабылданған.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркіменстан
Түркіменстанда «Түркіменстан президенті туралы» заңға сәйкес, биліктен кеткен президент пен оның отбасы мүшелерін қудалауға, тергеуге, жеке мүлкін тексеруге тыйым салынған. Түркіменстанның бұрынғы президенті тиіспеу құқығынан тек аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда айырылуы мүмкін.
Өзбекстанда да экс-президентке өмір бойы тиіспеу туралы арнайы заңмен бекітілген құқық бар. Заң бойынша бұрынғы президент билік басында істеген әрекеттері үшін ешқандай жауапқа тартылмайды.
Тиіспеу құқығынан кімдер айырылды?
Бұған қарамастан, бірқатар посткеңестік елдің бұрынғы басшылары биліктен кете салысымен, осындай қорғаныш құқығынан айырылып қалды. Беларусь президенті Александр Лукашенконың Армениядағы толқулардан кейін: «Бізді осылай жеке-жеке көзімізді құртады» дегені бар. Айтпақшы, Беларусь Конституциясында бұрынғы президентке тиіспеу туралы ештеңе жазылмаған.
Құрманбек Бакиев, Қырғызстан
Алдымен жақын көршіміз қырғыз айғайындардан бастайық. 2010 жылы Қырғызстанның уақытша үкіметі халық толқуынан тағынан тайдырылған президент Құрманбек Бакиевті елдің басшысы ретінде оған тиіспеу құқығынан айырды. Уақытша үкіметтің басшысы болған Роза Отунбаева Бас прокуратураға Беларусь еліне қашып кеткен Бакиевті елге қайтару туралы тапсырма берді.
2010 жылдың сәуірінде қырғыз президентіне бағынышты қауіпсіздік күштері Бішкектегі жаппай наразылық шеруіне жиналғандарға оқ атты. Осыдан соң көтерілген халық үкімет үйлерін күшпен басып алды. Қанды қақтығыс салдарынан кемінде 85 адам қаза тапты.
Ақырында Бакиев алдымен Бішкектен қашып шығып, кейін Қазақстанның әскери ұшағымен Беларусь астанасы Минск қаласына қонғаны белгілі болды. Қырғызстан аумағынан кетпей тұрғанда қызметтен кету туралы өтініш жазған Бакиев кейін Минск қаласында берген баспасөз мәслихатында онысынан бас тартып, өзін заңды түрде сайланған президент ретінде жариялады. Қырғызстанда Бакиевке бірнеше қылмыстық бап бойынша айып тағылды. Бакиевтің өзі де елде болған төңкеріс нәтижесінде билікке келген еді.
Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан
2019 жылдың маусымында Қырғызстан парламенті бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесінен, сәйкесінше, президентке тиіспеу құқығынан айырды. Бұған «билікте отырған кезінде лауазымын асыра пайдаланды» деген айып негіз болды.
Атамбаев жемқорлық және қылмыс әлемі көшбасшысының бірі Азиз Батукаевты түрмеден босатып жіберген істері үшін сотқа шақырылғанымен, ол барудан бас тартты. Оны күшпен сотқа әкелуге талпынудың соңы 175 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапқан қақтығысқа ұласты.
Ақырында тұтқындалған Атамбаевқа «заңсыз байыды, адам өлтірді, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды, адамдарды кепілге алды» деген секілді 14 айып тағылды. Қазір Атамбаев қамауда отыр.
Роберт Кочарян, Армения
Арменияны 10 жыл басқарған Роберт Кочарянға Арнайы тергеу қызметі 2018 жылдың шілдесінде конституциялық құрылымды күшпен құлатты деген айып тақты. Тергеу орындары 2008 жылы Кочарян биліктен кетердің алдында наразылыққа шыққандарды басу үшін Ереванға әскер кіргізді деп айыптады. Қақтығыс салдарынан 10 адам қаза тапты.
Оған сонымен бірге аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылған. 2018-2019 жылдар аралығында Кочарянды тергеу орындары бірнеше мәрте тұтқындап, босатумен болды. Ақырында 2019 жылдың маусымында Арменияның апелляциялық соты бұрынғы президентті босату туралы шешімнің күшін жойды. Содан бері бұрынғы армян президенті абақтыда отыр.
Виктор Янукович, Украина
2010 жылдан 2014 жылға дейін Украина басшысы болған Виктор Янукович 2013 жылы елде басталған халық толқуының нәтижесінде билігінен айырылды. Наразылыққа президент Януковичтің Еуроодақпен қауымдасу туралы келісімге қол қоюдан бас тартуы себепші болды. Басында келісімге қол қоюды талап еткен халық уақыт өте президенттің биліктен кетуін табандап талап етуге көшті.
2014 жылдың ақпанында Киевте болған қанды қақтығыстардан соң Жоғарғы Рада із-түзсіз кеткен және міндетін орындауды доғарған Януковичті лауазымынан айырды. Көп кешікпей Януковичтің Ресейге қашып кеткені белгілі болды.
Януковичке қарсы мемлекетке опасыздық жасады, бейбіт шерушілерге оқ атты, жемқорлыққа барды деген секілді бірқатар айып тағылған. 2015 жылы Украинаның Жоғарғы Радасы оны Украина президенті деген атағынан және президентке тиіспеу құқығынан айырды.
2019 жылдың 24 қаңтарында Киевтің аудандық соты Януковичті «мемлекетке опасыздық жасады» және «жаудың Отанға қарсы соғыс ашуына болысты» деп танып, сырттай 13 жылға соттады.
Әділ Ұзақбай