15 Қазан 17:44
...

«Жеке кеш берудің құны қанша?» – әншілер ақтарылды

кеш
Фото: Фото: Nege.kz

Күзде әдеттегідей Алматының көше-көшесінде әнші біткеннің жеке кешін жарнамалайтын афишалардың қаз-қатар ілініп тұратыны бар. Бірақ кейінгі жылдары қаржы тапшылығының тауқыметінен концерт атаулының сиреп кеткені анық. Десе де отандық біраз әнші тойдан тапқанын таянса да ел алдында есеп беруге дайындалып жатқан көрінеді

Атап айтар болсақ, алдағы қараша айында еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері Құдайберген Бекіш өнерде жүргеніне – 40 жыл, Қалдыбек Құрманәлі – 35 жыл, Фариза Жолдасова – 25 жыл толғанын атап өтпек. Сондай-ақ Қазыбек Құрайыш, Заттыбек Көпбосынов, Бағжан Октябрь де әріптестерінен қалмай, жеке кеш беруге қамданып отыр. Ал әзіл әлеміндегі әртістерден Тұрсынбек Қабатов желтоқсан айында 45 жасын үлкен сахнада атап өтсе, «Шаншар» театры 30 жылдықтарының құрметіне көпті қуантпақ. Ал Тұрсынбек тізгіндеген театрдағы Қайрат Әділгерей мен Қанат Әлжаппаровтың жеке дара кеш бергелі жатқанын ескерсек, «Қабатовтан арқасын алыс алыпты» деген әңгіме шындыққа жанасатындай.

Концерт беруге қамданған әртіс біткенді тығырыққа тірейтін мәселе – Республика сарайын жалға алу құнының қымбаттығы. Өнер иелерінің айтуынша, оның ақысы сахнаға күні кеше келген жасқа да, қолтаңбасы қалыптасқан жасамысқа да бірдей. Яғни, Халық әртісі немесе Еңбек сіңірген әртісі статусындағы тұлғаларға ешқандай жеңілдік жоқ.

Құдайберген Бекіш 2016 жылы кеш берген. Араға сегіз жыл салып есеп беруді жөн көрген өнер иесі биылғы концертінде жаңа әндер шырқалатынын айтты. Ал ол салатын әндерді Сүйінбай атындағы филармония оркесторы мен «Сазген» және «Адырна» фольклорлы-этнографиялық халық аспаптар ансамбльдері сүйемелдемек.

Бекіш
YouTube

Арасында әріптестері де өнер көрететінін алға тартқан әнші кімдердің әннен шашу шашатынын ашып айтапады. «Қазір жағдайға қарайтын заман болды ғой. Сондықтан ешкімді қолқалай амайсың. Уақытында көреміз», – дейді.

Иә, шетелдік әншілердің кешіне билет бағасының 150 мың теңгеге дейін жететінін ескерсек, "отандық өнераздардың концерті қаншаға бағаланады?" деген орынды сұрақ туындайды. Осы ретте Бекіш «біздің биеттердің бағасы 2000-10 000 тг арасында. Барлығы қып-қызыл қаржыға тірелгенмен, халықтың жағдайына қараймыз» деп қайырды.

Республика сарайының жалға алу ақысы 2-5 млн арасында екенін алға тартқан әнші, мекеме басшысының отандық өнерпаздарға моральдық тұрғыда тамаша қолдау көрсететініне тәнті екен. Ал жарық беруші мамандарды да сырттан алдыруға тура келетінін айтқан ол  «екі миллион десе сүйінші берер едім» деп, олардың да ақысы арзанға түспейтінін меңзеді. Бұған жоғарыда айтқан оркесторлардың еңбегі, ән жазу бағасы, киім тіктіру сынды өзге қажеттіліктердің шығынын қоссаңыз, өтер кешінің қалтадан 10-15 млн-ға жуық қаражат қағарын алға тартты.

«Біздің мақсат пайда табу емес, репертуарыңды халыққа жеткізу» деп ағынан жарылған Құдайберген мырза қалалық әкімдіктен көмек сұрамапты. Дегенмен, алда келе жатқан 70 жылдық мерейтойында «мемлекеттен қайыр болар» деп, үмітпен қарайтынын жасырмады. «Спонсор іздейтіндей, мен сұлу қыз емеспін» дейді әзіл-шыны аралас.

Қалдыбек Құрманәлі болса алдағы концертіне дайындық көріп жатпаған кейіп танытты. Себебіі денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түсіп қалған екен. Сондықтан ұйымдастыру жұмыстарын Шәмші-Қалдаяқ пен Бекзат-Саттархан есімді ұлдары атқарып жатса керек. Алматыдан өзге Астана, Шымкент, Түркістан қаласында өтетін кештерінде Тұңғышбай Жаманқұлов, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев бастаған қазақ өнерінің қаймақтары композитордың әндерін айтатын болады. Мұнымен қатар халыққа жаңа әншілерді таныстырмақ ойда. Ал қаражат көзі жайлы сөз қозғаған Қалдыбек Құрманәлі «кешіңе халық келсе, шығынын жабасың, келмесе, қарызға кіресің» деп ашығын айтты. Бұл жолғы концерті дос-жарандарының демеушілігімен ұйымдастырылып жатқанын алға тартқан Құрманәлі, Мәдениет және ақпарат министрлігіне өкпесі жоғын жеткізді.

Құрманәлі
stan.kz

«Әблахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Мәдениет Ешекеевтің кешін өткізуге бюджет қарастырмай жатқанда, біздің алақан жайғанымыз не тәйірі?!» деді. Алайда, қазақ өнеріне қалтықсыз қызмет еткен Өзбекәлі Жәнібековтей басшылардың арманға айналғанын жеткізді. Дегенмен, Алматы қаласының әкімдігі концертінде сахнаны безендіру мен көшелерге ақысыз афиша ілу жағын мойнына алған.

Қалдыбек Құрманәлінің соңғы он жылда Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданы, Тасқұдық ауылындағы өзі өскен қарашаңырақта тұрып жатыр. Елдің аманатын арқалап, есіктен-есікке кіріп жүрген ол ауылына газ, су тартқызумен бірге мектеп салдыртып, біраз тіршіліктің оңалуына мұрындық болса керек. Ендігі арманы – қажетті мекемелерге үшбу хат жазып, жерлестерінің құрметіне мәдениет үйін салдырып беру.

әнші
stan.kz

Ал Шаһизада Байпатшанова концертін адағы жылға жоспарлап отыр. Сахнада жүргеніне 40 жыл толатынын айтқан ол, мерейтойлық кеш беруді жоспарлап жүргенін жеткізді. Осы ретте репертуар жаңартып, ескі әндерді қайта өңдеуден өкізіп жатса керек. Мұның да оңайға түспейтінін айтқан ол, бір ән жаздырудың құны жарты миллион теңгеге жығылатынын ескертті.

«Егер тапқанымызды тек шығармашылыққа салсақ, жылда бір концерт беруге болар еді. Бірақ бала-шағаны асырау, оқыту, аяқтандыру қажет болғандықтан, тапқаның таянғаныңнан аспайды» дейді.

Әнші концерт берудің жолында Республика сарайын жалға алу мен жарықтандыру, декорация, музыканттарға беретін қаламақы сынды қажеттілікке 10 млн шамасында қаражат кететінін қадап айты. Бұған шақыратын оркестор мен ансамбль, режиссер, биші және киер киімді қоссаңыз, жалпы шығын жиырма миллионға жетіп жығылатынын жасырмады. 

«Сондықтан кеш беру тиімсіз. Бірақ ел алдында жүрген соң есеп беріп, қуаныш сыйлау әнші үшін үлкен ғанибет» санайды.

Шаһихзада әншілердің тапқанынан, шығармашылық жолдағы шығыны көп екенін жеткізді. Осы ретте қосымша кәсіп көзімен айналысуға тура келетінін алға тартты.

Айта кетейік, алдағы күндері біздің елде концерт беруге ресейлік Алексей Чумаков, Александр Панойотов, Леонит Агутин мен Витас келмек. Билет бағасы шарықтап тұратын шетелдік шоулардың қызығы мен шыжығы өз алдына бөлек әңгіме. Оны алдағы күннің еншісіне қалдырамыз.