«Жасыл желек» республикалық акциясы: Жетісуда 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды
Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Жасыл желек» республикалық ағаш егу акциясы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен телекөпір байланысы арқылы өткен шара еліміздің барлық өңірін қамтыды. Осы күні Жетісу облысында акцияға 15 мың адам қатысып, 8 мыңнан астам ағаш егілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісу, NEGE. Осы күні Талдықорғандағы орталық бассейн алаңындағы ағаш отырғызу шарасына облыс әкімі Бейбіт Исабаев және жастар ұйымдарының өкілдері, эко-белсенділер қатысты. Спорт нысанының алдына 150 көшет егілді.

Өңір басшысы акцияға келген жастармен әңгімелесіп, олармен пікір алмасты.
– Бүгінгі жастардың өз-өзін дамытуға мүмкіндігі көп. Қазір білімділердің заманы. Гаджеттерді неғұрлым пайдалы, тиімді жағынан пайдалану керек. Әсіресе тілдерді үйренуге, ІТ-технологияны меңгеруге көбірек көңіл бөлсеңіздер, оның болашақта игілігін көресіздер, – деді Б. Исабаев.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, облыс көлемінде акцияға мекеме-ұйымдар қызметкерлері, коммуналдық қызметтер, кәсіпорындар, елді мекендер тұрғындары, эко-белсенділер, еріктілер мен жастар жалпы саны 15 мың адам қатысып, 125 техника жұмылдырылған, 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Талдықорғандағы акцияға қатысушы жастар пікір білдірді.
– Талдықорған индустриалды колледжінің 1-курс студентімін. Бұған дейін Текелі қаласында да осындай тазалық және ағаш егу шарасына қатысқанбыз. Өзіме қоғамдық жұмыстарға қатысқан ұнайды. Мұндай шараларда жастар бір-бірімен араласып, танысып, жақсы орта табамыз. Әрі табиғатқа қамқорлық жасауға бірлесіп жұмыламыз. Бұл бізді ұйымшылдыққа, экологиялық мәдениетімізді қалыптастыруға көмектеседі, – деді Дархан Жұмаев.
Ағаш егуге жастар ұйымдарында белсенділік танытып жүрген оқушылар да бар.

– Мен екі жылдан бері Unisef жастар ұйымының мүшесімін. Өзім Назарбаев зияткерлік мектебінде 10-сыныпта оқимын. Біз балалардың құқығын қорғау бағытында ақпараттандырумен айналысамыз. «Jetisu Jastary» ұйымымен бірге осындай экологиялық акцияларда белсендіміз. Біздің эко-волонтерлық туралы арнайы курстарымыз бар, мүшелерімізді сол курстарла оқытамыз. Яғни әр эко-волонтер өзінің білгенін басқаларға да айтып, жеткізіп, білімімен бөлісіп үйретеді, – дейді Нұрай Қожекенова.
Атап өтсек, осы күні Астанада «KazEcoPatrol» қоғамдық бірлестігінің волонтері Давид Виршки Президенттің қолынан Алғыс хат алды.
Қазір оқып жатыр
Президент үй жануарларын азаптағандарды қатаң жазалауды тапсырды
Бекіре тұқымдас балық пен уылдырық сатып алғандар жауапқа тартылады
Петропавлда темекі тұқылынан көппәтерлі үй өртеніп, 100-ден астам адам эвакуацияланды
Қанат Бозымбаев Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқынының өту барысын тексерді