USD
USD
USD

Бозымбаев: Коммуналдық желілердің тозуын 2029 жылға дейін төмендетуіміз керек

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қалай іске асып жатқанын тексерді.

.
Фото: Қ.Бозымбаевтың баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Вице-премьер Екібастұз, Ақсу және Павлодар қалаларындағы инженерлік желілерді жаңарту барысымен танысты. Негізгі назар жылу магистральдарының жағдайына және құрылыс жұмыстарының мерзіміне аударылды.

Екібастұзда Қанат Бозымбаев 1972 жылы салынған ЖМ-16 жылу магистраліндегі жұмыстарды көрді. Жаңғырту басталғанға дейін бұл учаскенің тозу деңгейі 70 пайызға жеткен. Соңғы төрт жылда мұнда ІІ дәрежелі 16 технологиялық бұзушылық тіркелген.

.
Қ.Бозымбаевтың баспасөз қызметі

Бұл магистраль 2739 тұрғынды, 43 көппәтерлі үйді және 6 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Қазір бөлшектеу жұмыстары 92 пайызға орындалған. Жоба толықтай қазақстандық тауарларды қолдану арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жұмыстарды биыл тамыз айында аяқтау жоспарланған.

Ақсу қаласында вице-премьер Ленин көшесінің бойындағы магистральдық жылу желісінің жағдайымен танысты. 1980 жылы пайдалануға берілген бұл желінің нақты тозу деңгейі 83 пайызға жеткен. Соңғы үш жылда аталған учаскеде 19 зақымдану оқиғасы болған.

.
Қ.Бозымбаевтың баспасөз қызметі

Бұл нысан 9 мыңнан астам тұрғынды, 28 көппәтерлі үйді және 8 әлеуметтік нысанды жылумен қамтып отыр. Қазір Ақсудағы жобаның орындалу деңгейі шамамен 30 пайызды құрайды. Қанат Бозымбаев құрылыс қарқынын қатаң бақылауға алып, жұмыстарды биыл 1 тамызға дейін аяқтауды тапсырды.

Жоба іске асса, жылу шығыны 15-20 пайызға төмендеп, қаланың жылу жүйесінің тиімділігі артады деп күтілуде.

Павлодарда вице-премьер былтыр пайдалануға берілген ЖЭО-1 – НО-52 учаскесіндегі жаңа ЖМ-20А жерүсті жылу магистралінің жұмысын көрді. Жаңғыртуға дейін бұл учаскенің тозуы 90 пайыз болған, 78 бұзылу жағдайы тіркелген. Ұлттық жоба аясында 6 шақырым жаңа магистраль салынды. Құрылыс кезінде 99 пайыз отандық материал қолданылған. Нысан алғашқы жылыту маусымынан апатсыз өтті.

Сапар барысында Павлодар облысындағы жобалардың жалпы барысы да қаралды. Өңір бойынша ЭКСЖ платформасында 69 жоба қалыптастырылған. Жалпы сомасы 43,9 млрд теңгеге 38 жоба іске асыруға толық дайын. Қазір 6 жоба белсенді құрылыс кезеңінде, ал Павлодардағы 1 жоба аяқталған.

.
Қ.Бозымбаевтың баспасөз қызметі

Қанат Бозымбаев тариф мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі тарифтердің өсуі кәсіпорындардың инвестициялық қажеттіліктерін толық өтемейді. Алайда халыққа түсетін салмақ қатаң бақылауда болуы керек.

«Мұнда екіұшты жағдай туындап отыр, тарифтерді онша көтере алмайсың, себебі ол халық пен кәсіпорындардың төлем қабілеттілігіне негізделеді, бірақ инфрақұрылым да ескіреді. Биыл ел бойынша тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін жаңартуға шамамен 1,14 триллион теңге инвестиция бөлінеді. Бұл жыл сайын бөлінетін қаржыдан бірнеше есе көп. Біздің міндетіміз – 2029 жылға қарай республика бойынша коммуналдық желілердің тозуын 50%-дан асырмай төмендету», – деді Қанат Бозымбаев.

Вице-премьер тариф өзгерген жағдайда әлеуметтік осал топтарды қорғау маңызды екенін айтты.

.
Қ.Бозымбаевтың баспасөз қызметі

Оның сөзінше, коммуналдық төлем отбасының жалпы табысының белгіленген шегінен, орта есеппен 10 пайызынан асып кетсе, артық соманы әкімдік тұрғын үй көмегі ретінде жергілікті бюджеттен төлейді.

«Тұрмысы жақсы адамдар тарифті тиісінше толық төлеуі керек, ал табысы аз азаматтар мемлекет қорғауында болады. Егер бір отбасының коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығыны белгіленген шектен асып кетсе, одан асқан соманың бәрін әкімдік жергілікті бюджеттен тұрғын үй субсидиясы ретінде төлеп береді. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қызметті цифрлық форматқа көшіріп жатыр, күзге дейін ол eGov порталында қолжетімді болады. Осылайша, өтінім бойынша көмек автоматты түрде есептелетін болады», – деді ол.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев құрылыс кестесін қатаң сақтауды және өңірдегі коммуналдық инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40 пайызға дейін төмендетуге және апат қаупін 20 пайызға қысқартуға бағытталған.

Қазір оқып жатыр

Таразда 19 жастағы қызды алып қашқан Алматы облысының үш тұрғынына үкім шықты

блогер соты

Алматыда полицейлер жүзден астам автобусты айыппұл тұрағына алып кетті

Қоғамдық көлік

Шымкентке бағыт алған ұшақ Тараз әуежайына қонуға мәжбүр болған

Ұшақ

«Самұрық-Қазына» тобының қарызы ең көп ТОП-5 компаниясы

«Самұрық-Қазына»