Жасанды интеллект адамзаттың досы ма, жауы ма?

Цифрлық дәуір тарихтың ескі беттерін қайта парақтап жатыр. Әлеуметтік желілерде жасанды интеллект көмегімен жасалған тарихи видеолар кеңінен танымал бола бастады. ЖИ тек бейнені қозғалтып қана қоймайды, оқиғаға жан бітіріп, сол кезеңнің тынысын жеткізеді. Алайда осындай әсерлі көріністер мен ақпарат тасқынының арасында бір сұрақ туындайды: біз өткенді тануда шындыққа жақындаймыз ба, әлде иллюзияның құрбанына айналамыз ба?
NEGE тілшісі Алматы қаласындағы Азаматтық Авиация Академиясы жанындағы колледждің биология пәні мұғалімі, жаратылыстану ғылымының магистрі Дәулет Мәлікұлымен сұхбаттасып, ЖИ технологиясының сабақ үрдісіне әсері туралы сұрады.

– Дәулет, жасанды интеллект құралдары тарихты көрсетуде жиі қолданылып жүр. Сіз мұғалім ретінде бұған қалай қарайсыз?
– Бұл өте қызықты құбылыс. Қоғамда мұндай бейнелер әртүрлі реакция туғызуы мүмкін – бірі құптаса, екіншісі күмәнмен қарайды. Менің ойымша, бұл – жас ұрпақпен тіл табысудың, оларға тарихты жаңа форматта жеткізудің тиімді жолы. Қазіргі жастар көбінесе ақпаратты визуалды түрде қабылдайды. Сондықтан ЖИ көмегімен жасалған бейнелер олардың назарын аударып, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға деген қызығушылығын арттырады. Бүгінгі ұрпақ – бейнелі ұрпақ. Олар ақпаратты мәтін түрінде емес, көрініс арқылы қабылдайды.

– Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі өмір, 1930-жылдардағы ашаршылық сияқты тарихи оқиғалар әлеуметтік желіде қызығушылық туғызады. Оқушыларға әсері қандай?
– Бәрі контентке байланысты. Егер материал сауатты құрастырылса, көрерменге әсерлі әрі мағыналы болса, тарихтың өзі тіріліп кеткендей әсер қалдырады. Білімнің қабылдануы да соған сай өзгереді. Көп жағдайда мұндай формат баланың сыни ойлауына да серпін береді, ол көргеніне сеніп қана қоймай, сұрақ қоя бастайды. Сол сәтте бала жай ғана көрермен емес, зерттеушіге айналады.
– Сіз өз сабағыңызда ЖИ-видеоларды немесе басқа нейрожеліге негізделген технологияларды қолданасыз ба?
– Жиі қолданамын. Сабақ барысында қысқаметражды ЖИ-видеоларды, визуализация құралдарын, оқытуға арналған контенттерді пайдаланамын. Биология пәнінде, мысалы, жасуша бөлінуі немесе адамның ми құрылымы сияқты күрделі процестерді оқушыларға оңай түсіндіру үшін нейрожелі арқылы жасалған бейнелер үлкен көмек береді. Бұл олардың сабақты терең әрі есте қаларлықтай меңгеруіне ықпал етеді.

– Ал оқушылар бұған қалай қарайды? Қызығушылық артты ма, әлде күдікпен қарай ма?
– Көп жағдайда қызығушылық артатынын байқаймын. Оқушылар визуалды контент арқылы сабақты жеңіл қабылдайды. Әрине, алғаш көргенде таңданыс немесе күлкі тудыруы мүмкін, бірақ бұл – зейінді арттыратын, сабаққа белсенді қатысуға итермелейтін факторлардың бірі. Визуалды құрал – заманауи оқушының тілі.
– Қандай ЖИ-платформалар жиі қолданасыз?
– Көбінесе Invideo, Hailuo AI, Runway, Eon XR сияқты құралдарды қолданамын. Бұл платформалар визуалды контентті интерактивті және тартымды етеді. Бұрын PowerPoint, Canva, Quizizz секілді қарапайым презентациялар қолдансам, қазір 3D визуализация, виртуалды экскурсия, сурет генерациясы сияқты заманауи әдістерге көштім. ObjectView, Halo AR сияқты құралдар – осы бағыттағы ең тиімді шешімдер. Артықшылығы – оқушыға бейімделу мүмкіндігі, нақты визуализация және жылдам жұмыс істеу.
– Мәжіліс мақұлдаған жаңа заң жобасы бірқатар ЖИ түрлерін пайдалануға тыйым салады. Осыған байланысты сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Мәжілісте жасанды интеллектке қатысты жаңа заң жобасы мақұлданды. Бұл – өте маңызды қадам. Жаңа заң бойынша, жасанды интеллектті пайдаланудың кейбір түрлеріне де тыйым салады. Мәселен, адамдардың саналы келісімінсіз мінез-құлқына әсер ететін жасанды интеллектті қолдануға; адамдардың осалдығын (жасы, мүгедектігі, әлеуметтік жағдайы) әдейі пайдаланатын жасанды интеллектті пайдалануға; әлеуметтік мінез-құлқы немесе сипаттамалары бойынша бағалауға немесе жіктеуге (әлеуметтік скоринг); эмоцияларын олардың келісімінсіз талдау үшін жасанды интеллектті пайдалануға; заңмен рұқсат етілген жағдайлардан басқа кезде нақты уақыт режимінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тану үшін жасанды интеллектті қолдануға; заңнамада тыйым салынған жасанды интеллект қызметінің нәтижелерін жасауға және таратуға тыйым салынады.
– ЖИ болашақтың басты құралы бола ала ма?
– Менің ойымша, жасанды интеллект арқылы жасалған бейнелер жай тренд емес, бұл – оқушының таным әлеміне жол тарту. Бүгінгі сабақтар енді жай ғана тақта мен бор емес. Бұл – ой мен образдың, технология мен білімнің тоғысқан алаңы. Мұғалімнің міндеті – осы құралдарды дұрыс пайдаланып, баланың таным көкжиегін кеңейту.
Жасанды интеллект егер дұрыс бағытталса, баланың ішкі әлеміне терезе ашатын кілтке айнала алады. Бірақ ол этика мен заң аясында қолданылуы қажет. Біз, ұстаздар, ЖИ-ді білім беру құралы ретінде жауапкершілікпен пайдалануымыз керек. Бұл – оқушының ойлау қабілетін дамытуға, танымын кеңейтуге жол ашатын мүмкіндік. Технологияны дұрыс қолдана алсақ, оның пайдасы өте зор.