2 Ақпан 17:48

«Жапонияда 40 қабатты үйлер бар». Жер сілкінісі бас жоспарға өзгеріс енгізуге негіз емес

Алматы жер сілкінісі
Фото: Nege

Бір апта бұрын Алматыда сатып алуға ұсынылмайтын 45 тұрғын үй кешенінің тізімі жарияланған еді. Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, мұндай тұрғын үй кешендері бойынша ұсыныстар интернет ресурстардың мониторингі нәтижесінде анықталған.

NEGE тілшісі «Жер сілкінісінен кейін бас жоспарға өзгеріс енгізіле ме?» және «Қаладағы сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үйге ақша салған үлескерлердің халі нешік?» деген сауалды Алматының бас жоспарымен таныстырған «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты мамандары мен қала әкімі орынбасары Асхар Әмринге қойды.

«Бұған дейін шағын аудандардың картасы жасалды. Жер сілкінісі болса да, болмаса да, бұл құжаттың күші жойылмайды. Бас жоспар да осы құжаттарға сәйкес жасалады. Мәселе – тұрғын үйдің көп қабатты болуына байланысты емес, әр нысанның сапасына қатысты. Жапонияда да 40 қабатты үйлер тұр ғой. Сондықтан сапа жағына қадағалауды күшейту қажет. Яғни, жер сілкінісіне байланысты бас жоспарда пәлендей өзгеріс болмайды», – деп жауап берді Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы 

Боранбаев
Фото: из открытых источников

Ал заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендері тізіміне қатысты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асхар Әмрин: «Бір апта бұрын осы тізімді жарияладық. Заңсыз салынған тұрғын үй кешендерін сүруге қатысты сот шешімі бар. Әрине, үлескер ретінде ақшасын құйғандарға оңай емес. Бірақ біз құқықьық мемлекетте өмір сүреміз. 2016-2017 жылдары үлескер ретінде қатысу жөнінде заң қабылданды.

Әмрин
Фото: из открытых источников

 

Осы заңда бәрі тәптіштеп жазылған. Яғни, үлескерлік туралы келіссөзден басқасының бәрі заңсыз. Кез келген адам құрылыс компаниясына маңдай терімен тапқан ақшасын құяр кезде заңды мұқият оқуы тиіс. Сол жарияланған тізім бойынша сот шешімі шыққан, жақын арада сүріледі. Ал ақша салған азаматтар құқықтық негізде құрылыс компаниясымен сөйлесуі керек. Біздің өкілетті орган – Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы бір айда екі рет ескерту, жаднама қағаздарын шығарып, таратады. Біріншіден, келіссөз жасамастан бұрын «Тұрғын үй құрылысына ортақ қатысу туралы» заңмен танысу керек. Екінші, үлескерлердің көбі инвестор ретінде емес, ақша салып, қайта сатуға тырысады. Сондықтан бұл азаматтық құқықтық мәселе», – деп жауап берді әкім орынбасары.

Айта кетерлігі, тізімге құрылысы әлі басталмаған рұқсат құжаты жоқ нысандар да кірген. Сол себептен мамандар жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын тұрғын үй кешенінің құжатының бар-жоғына көз жеткізуге кеңес береді.