13 Желтоқсан 18:08
...

«Жан-дүниеңді түсінетін өз теңіңе шығу керек екен...» Гауһар Қаспақованың өкініші не?

Фото:
Қазақ эстрадасында сахнада сирек көрінсе де, ел арасына есімі етене таныс әншілер бар. Солардың бірі – Гауһар Қаспақова. Бірнеше байқаудың жеңімпазы

қазір қайда жүр?

NEGE тілшісі Гауһар ҚАСПАҚОВАНЫҢ өзіне хабарласып, бірқатар сұраққа жауап алды.

– Гауһар, сіздің өнеріңізге тәнті тыңдарман «Қаспақова қайда жүр?» деп жиі сұрайды...

 – «Әр жастың өзіндік құндылығы бар» деген ғой. Ана болғалы өмірге деген көзқарасымның өзгергені  жасырын емес. Бойымдағы аналық мейірім-махаббатыммен, бар білген-түйгеніммен өнерге таласы бар жастармен бөлісейін деген ниетпен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында қызмет атқарып жүрген жайым бар.

Осы жылдың қыркүйегінен бастап өзім ұстаздық ететін «Эстрада және вокал» кафедрасының меңгерушісімін. Сахна сыртында жақын араласып, қалжыңдасатын дос-жарандарыммен әріптес болғалы академиялық талаптарға сай «сіз-бізге», Пәленше Түгеншеевна деп сөйлесетін ережелерге әрең үйрендім.

– Академияның ректоры Азамат САТЫБАЛДЫ қатал басшы ма? Оқу ордасында қандайда бір өзгеріс бар ма?

 – Азамат САТЫБАЛДЫ келгеннен бастап тәртіптің күшейгені рас. Мәселен, басшылық менен талап ететін болғандықтан, мен де оқытушылар мен студенттерден талап етемін. Студенттерді академияға қабылдаған кезде мен де талапкерлердің ата-анасына жақпай қалып жатамын. Бірақ Бауыржан атамыз айтқандай, «тәртіпке бағынған құл болмайды».

– Сіздің дауысыңыз ерекше. Бірақ өнеріңізді бағалай алмай жүргендей көрінесіз. Мұнымен келіссіз бе?

– Комплиментіңізге көп рақмет! Өзіңіз айтқандай,  «Үтік қоссаң да осы дауыс» деген сөзді естігім келмегендіктен, сахнаға сирек шығамын.

– «Кел билейік» атты әніңізді тыңдаған кейбір талғамы терең тыңдарман «Гауһар да дүрмекке ере бастаған ба?» дегенді айтты. Осы құлағыңызға жетті ме, жеңіл ән жаздыруды сап тыйдыңыз ғой...

– Табиғатыма, талғамыма сай келетін әндер таппай жүргенім жасырын емес. Сондықтан той әндерін де айта білу керек шығар деп ойлаймын.

Тәжірибе ретінде  «Кел билейік» атты ән шығарып, оған комедиялық жанрда бейнебаян түсірген едім, көрермен онша қабылдамаған сияқты.

Бәлкім, шоқтығы биік, салмақты әндерімнен кейін бұл жараспай қалған болар.

– Өзіңіз ән арнаған қызыңыз бой жетіп, ұлыңыз ер жетіп қалған болар?

 – Аллаға шүкір, үйде отырғанда «Үнемі осылай сүтке малынып отырамын ба?!» деп ойлаушы едім. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, Айзере бой жетті, Мұстафа да ер жетіп қалды.

– Бір сұхбатыңызда күйеуіңіз туралы «екеуіміз екі бөлек әлемнің адамымыз» деген едіңіз.  Жұбайыңыз қолдау көрсететін болар?

– Жар таңдауда қателеспеу керек. Жан-дүниеңді түсінетін өз теңіңе шығу керек екен...

– Біздің елде өнерлі жастар көп, бірақ олар қандайда бір додаға түскен кезде  талантын тани алмай жатамыз. Мәселен, еліміздің атын әлемге асқақтатып жүрген Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕН  соның бір дәлелі. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Бәлкім, дайындық пен қамшылаудың аздығы болар деп ойлаймын...

Айтпақшы, Димаштың жұлдызы жанған соң да соңынан аз әңгіме айтылмады. Мәселен, біреу «дауысы қойылмаған» десе, енді біреулер «атақты ерте берді» десті. Бұған не айтасыз?

– Кейбір жағдайда табиғи дарынды әншіге дауыс қоюдың қажеті жоқ деп санаймын. Ал Димаштың дауысы қойылмаған болса, әлемге танылмас еді.

Мен 19 жаста болғанда «жас та болса, эстрадамызға жаңалық алып келді. Атақ берейік» дегенде, «әлі жаспын ғой, үлкендер алсын» деп бас тартқанмнын.

Атақты «ал» деп беріп тұрғанда алып алмаса, мен сияқты атақсыз жүре беруі мүмкін еді.

– Қазіргі жеткіншектердің дені кәрістің әндерін тыңдауға әуес болып кетті. Өнер жолындағы қайраткер әрі ұстаз ретінде мұның астарына үңіліп көрдіңіз бе?

– Біз де жастық шақта өзге елдің әндерін тыңдап, еліктеп өстік қой. Бұл – өткінші құбылыс. Сондықтан оның айыбы жоқ деп ойлаймын. Бар болғаны, уақытша қызығушылық деп білемін. Егер үйде балаға қазақи тәрбие берілсе, тарихы мен тамырынан ешқашан ажырамайды.

Тегтер: