«Жақсы қаламгер болу үшін жақсы адам болу керек» – Саят Қамшыгер
Әдебиетке поэзия арқылы келген Саят Қамшыгерді бүгінгі таңда кішкентай оқырмандар да танып үлгерді. Башқұрттың белгілі жазушысынан аударған оның еңбектері балалар жата-жастана оқитын туындылар қатарынан табылады. Тілшіміз сөз шеберімен тілдесіп, кітап сүйер қауымға тағы қандай тосынсый әзірлеп жатқанын сұрап көрді.
– Саят мырза, өлең жолдарын жазуға қай жастан машықтандыңыз?
– Оныншы сыныпта оқып жүрген кезде жездем дүние салды. Сол кезде ата-анам мені «малға ие бол» деп үйге қалдырып кетті. Семей жақтың сары аязы мен ұйытқып соғатын боранын білесіз ғой. Қазаны естіген менің де ішкі жан-дүнием сол ауа райындай алай-дүлей күй кешті. Кенет көкейіме бір шумақ ой орамдары оралды. Ұйқастырып көріп едім, өлең жолдары өріле кетті. Тыстан лезде үйге кірдім де бірден қағаз бен қаламға жармастым. Осылайша, алғашы ақындық жолым басталды. Шынымды айтсам, оған дейін өлең-сөзге еш қызығушылығым болмаған.
– «Шығыс жақтың ауа-райын аңдаймын, Арман қала — Алматыда жүрсем де!» деп жырлаған екенсіз. Туған жерге жиі табан тіреп тұрасыз ба?
– Әрине. Жыл сайын Абай облысына қарасты туып өскен жерім Жарма ауданында «Саят Қамшыгер оқулары» болып тұрады. Сол себепті биыл 21 мамырға қарсы туған өлкеме жүргелі отырмын. Жалпы Жарма ауданы бойынша 36 мектеп болса, одан іріктеліп алынған 36 оқушы менің өлеңдерімді мәнерлеп оқып, сайысқа түседі. Сондай-ақ менің шығармашылығымды талдап эссе жазумен қатар жеке дара өз жандарынан өлең шығарып көрсетуге тиіс болады. Қатысушыларды аудандық Білім басқармасы арнайы алғыс хаттармен мапараттайды. Мен де өз алдыма Алматыдан арнайы ынталандыру сыйлықтарын арқалай барамын.
Былтыр Шар қаласының 60 жылдығына орай арнайы медальмен мапаратталдым. Шүкір, түлектерін осылай алақанда аялаған жерлестерімнің арқасында туған өлкеме жиі табан тіреп тұрамын.
– Жүлдеге қол жекізген жеңімпаздарға бағыт-бағдар беріп тұратын боларсыз?
– Иә, өткен жылы Бинұр Садақбаева есімді қатысушының жыр жинақтарын шығарып бердім. Ол қарындасымыз бүгінгі таңда еліміздегі белді жоғары оқу орындарының бірінде студент. Бұдан өзге өлең-сөзге құштар ұл-қыздарды «Мөлдір бұлақ» журналына тілші етіп қабылдауға мұрындық болдым. Осы ретте бұлақ көрсе көзін ашып жүрген басылым редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлына алғысым шекіз. Ал жасөспірімдерге мұндай мектептің сөз зергері болып қалыптасуда берері мол деп білем. Қаламға құштар жеткіншектерге осылай қолқабыс болып жүрген жайым бар.
– Қазір баспаға не әзірлеп жатырсыз?
– Жуырда «Көңіл көктемі» атты поэзиялық жинағым шықты. «Атамұра» баспасынан жарық көрген кітабымның алдағы мамыр айында тұсаукесерін жасасақ деп отырмын. Үш мың тиражбен шыққан басылым ауыл-аймақтағы кітапханаларға тегіс таратылады.
– Мұның алдында орыс, қазақ және башқұрт тілінде «Саған» атты жинағыңыз шыққан еді. Кітап оқырманын тапты ма?
– Аталған кітаптың оқырман қолына тиюіне башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметов мұрындық болды. Мен оның «Тастамашы, ана!», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» атты үш повесін жеке-жеке аударып, кітап етіп шығарғаннан кейін «саған деген алғысым болсын» деп «Саған» атты туындымды шығарып берді. Жинақ Башқұртстан астанасы Уфа қаласында басылды. Бірақ тұсаукесер пандемиямен тұспа-тұс келді де, уақытында бара алмай қалдым. «Игіліктің ерте кеші жоқ» демекші, арада біраз уақыт өткен соң Уфа, Мәскеу, Астана және Алматы қаласында тұсаукесерін өткіздік. Бұйырса, Айгизден тәржімалаған «Ертегісіз өткен балалық» атты кітабым өзге форматта қайта басылып шығады. Ал «Тастамашы, ана!» оқырмандардың сұрауы бойынша сегізінші рет жарық көрді.
– «Тастамашы, ана!» балалар жиі оқитын туындылардың қатарынан табылады. Бұл шығарманы аударудағы мақсатыңыз не болды?
– Кітапты алаш оқығанда көз жасыма ерік бердім. Сөйтіп, тастанды баланың тағдырын сезіну арқылы біздің ұрпақ ата-ананың қадірін білсе екен деген ниетте туындыны аударуға бекіндім. Күнделікті өмірде әке-шешесіне тіл қайтарып, айтқанды орындамайтын тілазар балаларды жиі кездестіреміз. Сондай жеткіншектер ата-анасының барына және оны сыйлауға жұмылса екен деген ой болды. Кітап жарық көргелі желідегі жекеме «Повесті оқыған соң ата-анамның қадірін түсіндім, оларға дауыс көтеріп сөйлемейтін болдым» деген сарында хат жазатындар қатары көбейді. Бұл шығарма маған дейін моңғол, орыс, татар, чуваш сынды көптеген тілге аударылған. Ал енді қазақ тілінен қырғыздар аударса, олардан алып өзбектер тәржімалады. «Сөз өнерінде шекара жоқ» деген осы ма деймін.
– Бауырлас елдің баласы болғандықтан Айгизбен арадағы шығармашылық байланыс сіздерді біраз жақындастырған болар?
– Айгиз менің інімдей болып кетті. Жылына бір-екі рет жүздесіп, қос елдегі шығармашылық жайын талқылап отырамыз. Биылғы 20 желтоқсан күні Алматыдағы 208 мектеп-гимназияның оқушыларымен кездесу ұйымдастырдық. Аталған білім ордасындағы 1500 оқушы «Тастамашы, ананы» жаппай оқыған екен. Содан олар мектеп басшылығына автормен кездескісі келетінін айтыпты. Көпшіліктің сұрауы бойынша межелі уақытта арнайы ат артып келіп, кішкентай оқырмандарымен жүздесіп, туындыға қатысты сауалдарға жауап берді. Енді өзі мені 24 мамыр күні Уфа қаласында дәстүрлі түрде өтетін кітап мерекесіне шақырып отыр.
Айгиз балалар үйінің түлегі болғандықтан, қиын тағдырды өткерген азамат. Оқу-білімге, жазу өнеріне деген құштарлық оны аяққа тұрғызды. Бүгінгі таңда Башқұртстандағы Жазушылар одағының төрағасы, жергілікті «Сұңқар» журналының бас редакторы әрі Мәжіліс депутаты.
– «Әкесіз күндер» атты өлең жолдарыңыз жүрек тебірентеді. Әкеге деген сағыныш сіздің де қолыңызға қалам алуға себеп болды ма?
– Айгиздің тастанды балалар жайлы туындыларын аударып жүргенім мен сағынышқа толы жолдарыма қарап, көпшілік мені жалғыз өскен деп ойлайтынын болса керек. Ал шын мәнісінде ата-анам орда бұзар отыз жасқа шыққанымда өмірден өтті. Сол кісілердің берген тұщымды тәрбиесінің арқасында ешкімнің ала жібін аттамауды, адал еңбекпен нан табуды үйрендік. Алматыға қасыма көшіріп алу арманым еді, шүкір, оның да қиюын келістірді. Екеуі де жетпістен асқан шағында бала-шағасы мен немерелеріне ақ батасын беріп аттанды.
– Қазіргі оқырманға кітап оқуытудан әлеуметтік желіні оқыту анағұрлым оңай көрінеді. Дегенмен, сіздің жазғандарыңызды желіден неге жиі көре бермейміз?
– Мен желіге тек қолым қалт еткенде ғана өлең жолдарымды саламын. Ал аударма жұмыстарын жариялауға «кітаптың сатылымына әсер етеді» деп баспадағылар рұқсат бермейді.
– «Балалар тақырыбында жазу үшін балаша ойлау қажет» дегенді айтыпсыз. Ересек адамға кіршіксіз ой түю үшін қандай қасиет қажет?
– Алдымен адамның ішкі жан-дүниесі таза болу керек деп ойлаймын. Сонда ғана қаламгерден мөлдір туынды туындайды. Баяғыда бір ғұлама бір топ кісілермен өтіп бара жатса, жол жиегінде иттің өлексесі жатыр екен. Бәрі қолқаны атқан исіне шыдамай, мұрындарын тыжырайта бастағанда әлгі ғұлама ғана күлімсірепті. Сонда біреуі себебін сұраса: «Иттің түсі сондай аппақ екен!» деп сүйсініпті. Сол сияқты кез келген жағдайдың астарынан жақсы нәрсе көре білуіміз керек. Өз басым біреуді балағаттап, айтысып-тартысқанды ұнатпаймын. Әр жазған шығармамнан біреудің көңілі көтеріліп, ғибрат алса немесе еңсесі тіктеліп, рухы көтерілсе екен деймін. Жалпы өмірде адалдық болған жерде адамның беделі биіктеп, абыройы асқақтайды. Ұлтым деп жүрген кейбір жандардың атқарып жүрген тірлігін көргенде, түңіліп кетесің. Сондықтан біз әр перзентімізді жастайынан ел мен жерге, отбасына, қоршаған ортасына адал болып өсуіне бағыттауымыз керек.
– Қазіргі таңда жазушылар мен оқырман арасында үзілген көпірді қалай жалғауға болады?
– Ол рас. Қазіргі таңда ақын-жазушылар мен оқырман арасындағы байланыс үзіліп қалды. Нәтижесінде көпшілік қандай кітап оқитыны былай тұрсын, қандай ақын-жазушы барын да білмейді. Ал қаламгерлер жазу үстелінен тұрмай отырғанына мәз.
Көп жазушылар үйінде қапшық-қапшық болып тұрған кітаптарын қалай өткізудің жолын білмейді. Бүгінгі уақыттың талабы сол – жазып қана қоймай, оны насихаттап, жарнамалап, түрлі қоғамдық мекемелерге тарата білу керек. Мысалы, баламызды туылған бетте «қалай өссе, солай өссін, бастысы – өмірге әкелдім» деп отыра берсек, оның тағдыры дүдамал болады. Ал егер білім беріп, талантын шыңдап, түрлі үйірмелерге қатыстырып, жетектесек, жетістік табары анық. Шығармаға да сондай қамқорлық танытса, оның ғұмыры ұзақ болады. Анығын айтқанда, қазіргі уақытта жазушы ғана емес, менеджер де бола білу керек.
– Ал Жазушылар одағы қарамағындағы қаламгерлерге қаншалықты қамқорлық танытып отыр?
– Одақтың жағдайы белгілі ғой. Бірақ қол қусырып қарап отыр дей алмаймын. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігімен селбесіп, жазушыларға жыл сайын бес жүз мың теңге стипендия тағайындатып келеді. Бұл бізді елеп-ескеріп жатқандықтың белгісі деп білем. Негізі жыл сайын дәстүр бойынша 150 қаламгердің кітабын шығартып беріп отыратын еді. Не себеп болғаны белгісіз, өткен жылы тек 28 жазушының ғана еңбегі жарық көрді.
Жуырда Одақтың белді бір компаниямен бірлескен жобасының арқасында Мақсат Мәлік, Қанат Әбілқайыр, және Әлібек Байбол сынды үш жазушының кітабы оқырманға жол тартты. Мұны көріп ерекше қуандым. Жазушылар одағы жағдайы жоқ болса да осылайша қаламгерлерін қолдауға мұрындық болып отыр.
– Туыстас халықтардың әдебиетіне дәнекер болу арманыңыз екенін айтыпсыз. Қазір қандай аударма жұмысымен айналысып жатырсыз?
– Қиялбек Ахметов атты қырғыздың педагог-психологымен бірлесіп ата-аналарға арналған бала тәрбиесіне қатысты еңбек жазу үстіндемін. Қарап отырсақ, ұрпақ тәрбиесіне қатысты туындыларды көбінесе әйелдер жазады екен. Сондықтан әке ретінде өмірлік тәжірибем мен алған білімімді, білген-түйгенімді түйіндеуге тырыстым. Жуырда сол кітаптың тұсауын кессек деп отырмыз. Ал аударма жағынан айтар болсам, татар халқы прозасының анталогиясынан біраз әңгімелер тәржімалап жатырмын. Оны тәмамдаған соң орыс жазушысы Виктория Габышеваның «Карина» атты романын қазақшаласам деймін. Тайганың орманында жоғалып кеткен төрт жасар қыздың иттің қамқорлығы арқасында аман қалуы адамды терең ойға саларын анық. Болған оқиға желісімен жазылған бұл туынды негізінде Марианна Сиэгэн есімді якут режиссері кинофильм де түсірді. Қазір ол шығарылым Якутияда аншлагпен өтіп, кассалық рекорд жаңғыртып отыр.
– Аударма жұмысында қай ұлттың әдебиеті тілге жеңіл келеді?
– Қырғыз тілі бізге өте жақын. Сондықтан аса қатты қиындық тудырмайды. Тіпті, екі тілдің айырмасы жоқ сияқты, бір-біріне ұқсас. Жалпы түркітілдес халықтардың тілінінен тікелей тәржімалай беремін. Ал өңге тілдегі шығармаларды орыс тілінен аударамын.