28 Желтоқсан 08:08

ERG мен Ескі Қазақстан арасындағы 16 жылдық махаббат. Үкімет дивиденд туралы ақпаратты НЕГЕ жасырады?

Фото:
NEGE

порталының бір де бір журналистік сауалхатына нақты жауап бермей қойған Қаржы министрлігі «Elge qaitaru» қорының сұрақ жолдаған хатына біршама жауап берген болыпты. Онда да, барлық қаржылық ақпарат, цифрларды жасырып, ортақ мәселелерді айтып, сипай қамшылап өткен.

ERG тақырыбына келгенде, Қаржы министрлігінің де, Әділет министрлігінің де артық сөз айтпайтын, «қой аузынан шөп алмайтын» жуас бола қалатынын көптен бері байқап жүрміз. Бірақ оның құпиясы әзірге беймәлім.

Осы жауап хатты біздің редакциямызбен бөліскені үшін «Elge qaitaru» қорына алғыс білдіреміз. Төменде Қаржы министрлігінің жауабын толық оқып шыға аласыздар.

 

Қорыта айтатын болсақ, Машкевичтер бастаған олигархтардың Еуразиялық үштігі 2006 жылдан бастап еліміздің металлургия саласына қол салды. Қол салғанда да мол салды. Олар «Қазхром» мен Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатын біріктіріп, алғашқы бизнестерін содан бастаған еді.

Коллаж: NEGE

Қаржы министрлігі «ERG корпорациясының акционерлері Қазақстан Республикасының бюджетіне бастапқы 80% мемлекеттік акция үшін қанша төледі?» деген нақты сұраққа жауап бермеген. Тек «Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл компанияның жарғылық капиталын жеке инвесторлар мен мемлекет қалыптастырды. ENRC Plc қатысушыларының жарналары және олардың құны туралы ақпарат ENRC Plc Лондон және Қазақстан қор биржаларындағы листингінің ашық деректерінде қолжетімді», – деп жауаптан жалтарып отыр.

«Elge qaitaru» қорының дерегіне сәйкес, 2017 – 2020 жылдары қазақстандық кәсіпорындар Люксембургтағы «ERG» корпорациясына дивиденд түрінде шамамен 2 триллион теңге төлеген.

Сонда біздің мемлекеттің үлесі осы кезеңде кемінде 797 миллиард теңге болуы тиіс еді. Бірақ, біздің білуімізше, Қаржы министрлігі қайта-қайта айта беретін арнайы қорда «жетім қыздың жасауына жететіндей» қаржы тұр. Бейнелеп айтсақ, Машкевичтің Альпі тауының етегінде шаңғы теуіп қайтқан шығынын жабатындай ғана. Қалғаны қайда, Жамаубаев мырза?!

Тегтер: