13 Қыркүйек 17:36
...

ERG жыры. Жамаубаев пен Жұманғариннің Машкевичке шамасы жете ме?

Фото:

Бүгін түс ауа ERG (Еуразиялық топ) мен Қазақстан үкіметіне қатысты тілдей ақпарат жылт етті. Бұл «некенің» жыры көптен созылып келеді. Компанияда 40 пайыз үлесі бола тұра, біздің үкімет 2017 жылдан бері дивиденд ала алмай келеді.

Үкіметтің бүгінгі қаулысында былай дейді: «Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Мақашұлы Жұманғаринге және Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаевқа «Eurasian Resources Group S.a.r.l.» (Люксембург)» компаниясының директорлар кеңесі құрамына кіруге рұқсат етілсін».

Е.Жамаубаев.

Бұған дейін де екі вице-премьер «Еуразиялық топ» жетекшілік ететін компанияның құрамында еді. Олардың бірі – Е.Жамаубаев, ал екіншісі Б.Сұлтанов болатын.

Жуырда ескі гвардияның «көрнекті өкілі» Бақыт Сұлтанов қызметінен босап қалды да, оның орнына әрдайым «жыны келіп жүретін» Серік Жұманғарин тағайындалды.

С.Жұманғарин.

Жұманғаринді түсінуге болады. Бұған дейін ол Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін басқарған. Бәсекелестік атымен жоқ, олигархтары ойына келгенін істеген елде бәсекелестікке жауапты агенттікті басқарған адамның қалай жыны келмесін?!

Ендігі маңызды сұрақ мынау: Жұманғарин мен Жамаубаевтың Машкевичке шамасы жете ме? Үкіметке (халыққа деп түсініңіз) тиесілі дивидендті төлеттіре ала ма?

NEGE порталы осы уақытқа дейін вице-премьер – ERG компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Ерұлан Жамаубаевтың атына бірнеше мәрте ресми сауал жолдаған. Сұрақтарымыздың бәріне сырғытпа жауап алдық. Нақтылық жоқ.

Осыдан кейін біз Жамаубаевқа ресми сауал емес, талап хат жолдауға мәжбүр болдық. Егер сұрақтарымызға жауап ала алмасақ, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 13-тарауының 91-бабына (шағым жасау тәртібі) сәйкес сотқа жүгінетінімізді және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атына хат жолдайтынымызды ескерттік.

Көп ұзамай Қаржы вице-министрі Е.Біржановтан жауап келді. Ол тағы бір Қаржы вице-министрі Т.Савельеваның мамыр айының 13-і күні жіберген жауабына сілтейді. Ал Савельева не деп еді?

«ERG компаниясы Қазақстан Республикасымен және басқа да компаниялармен бірге Люксембургтің Ұлы Герцог сотының іс өндірісіне тартылған. Бұл іс 2017 жылдың 16 тамызында Қазақстан Республикасы мен Анатолий Стати, Габриэль Стати, компаниялар AscomGroup S.A. и TerraRafTransTradingLtd. арасында басталды.

Люксембург сотының шектеу енгізуіне байланысты активтерді аударуға тыйым салынған. Бұған ERG-дің Қазақстан Республикасына төлейтін дивиденді де кіреді. Осы мерзім арасында Қазақстанға төленуге тиісті дивиденд ERG-дің арнайы есепшотына салынған. Компанияның дивиденд саясатына орай, ол Люксембург сотының шектеуі алынғанға дейін сақталады».

Яғни, «Еуразиялық топ» 2017 жылдан бері Қазақстанға дивиденд төлеп жатқан жоқ. Оған Люксембург соты рұқсат етпейді. Тыйым қашан алынатыны да белгісіз. Олай болса, үкіметтің қазынасына түсуі тиіс қаржы бес жылдан астам уақыттан бері компанияның өз есепшотында тұр және машкевичтер одан қыруар пайда тауып отыр. Солай ғой?

Ендеше, Жамаубаев пен Жұманғаринге жолданатын кезекті ресми сауалдың да негізгі өзегі осы болмақ.

Тегтер: