16 Қараша 16:10

ERG-дің Қазақстанға тиесілі ақшасы. Оны мемлекет НЕГЕ жасырып отыр?

Фото:

Стати әлегі салдарынан 2017 жылдан бері «ERG S.a.r.l.» тарапынан Қазақстан бюджетіне түсуі тиіс қаржы бұғатталып келеді. Және, компания өкілі Фатима Қосаевның мәліметінше, ол Қазақстан даму банкінің (БРК) арнайы шотында жинақталуда.

Ал бұл жерде БРК-ның қатысы қанша? Дәл осы сұраққа жауап іздейік дегенде, барлық ақпараттың «құпия» грифімен жабылып қалғанын байқадық. НЕГЕ? Үкімет неліктен осы ақпаратты құпия ұстап отыр?

Қазақстан Үкіметі «ERG S.a.r.l.» трансұлттық холдингінің ірі акционері болып табылады. Біздің мемлекетке акциялардың 40 пайызы қарайды. Қалғаны 20,7% үлеспен олигарх Александр Машкеевичке, 20,7%-ы Мұқадасқан Ибрагимоваға (марқұм Әліджан Ибрагимовтың жесірі), 18,6%-ы Патох Шодиевке тиесілі. Оның алдында ERG қызметіне қатысты Nege.kz сауалына жауап берген Қаржы министрлігі, 2017 жылы өткен Люксембург сотында Анатолий мен Габриель Статилердің Қазақстанның үстінен түсірген шағымына қатысты атқарушылық іс бойынша, активтердің бұғатталғанын хабарлаған болатын.

Біз «ERG S.a.r.l.» корпорациясының Қазақстанға тиесілі дивидендтері Қазақстан Даму банкінің арнайы шотында қордаланып жатыр деген ақпарат алысымен, ондай шешімнің қалай қабылданғанын білейік деп БРК баспасөз қызметіне сауал жолдағанбыз. БРК «Банк құпиясы» Заңын алға тартып, ақпарат беруден бас тартты.

Біздің Әділет министрлігі де жұмған аузын ашпай отыр. Ондағылар, тек Стати бойынша сот процессін ғана тілге тиек етуде. Ал дивидендтер бойынша әңгіме айтудан қашады.

ERG-ның Қазақстанда «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан алюминийі», «Қазхром», «Еуразиялық энергетикалық корпорация», «Жәйрем» тау-кен байыту зауыты, «Қазақстан электролиз зауыты», «Шұбаркөл Көмір», «Еуразиялық Групп», «3-Энергоорталық», «ТрансКом», «Қашар Руда» мен «ERG Service» сынды компаниялары бар. Табиғи байлықтарымызды игеріп, шетелге сатып жатса да, біздің бюджет 5 жыл бойы одан көк тиын көре алмай келеді.

Оның алдында Қаржы министрлігі ERG бағыты бойынша бұғатталып жатқан дивидендтер сомасы туралы ақпарат бермеді. Үкімет қандай заңды алға тартып, оны құпия ұстап отыр? 

Халыққа тиесілі қаржы болғандықтан, қанша ақшаның жиналғанын Қазақстан азаматтары да білуі тиіс. Nege.kz сауал жолдауын тоқтатпақ емес.

Тегтер: