«Көрермен комедияға тойды» – Қазақ киносы НЕГЕ тұралап тұр?
Қазіргі қазақ киноиндустриясында комедиядан өзге жанрдың кенделеп қалғаны анық. Осыған орай тұшымды туындыға сусаған көрерменнің кім қандай дүние ұсынса да талғамай, тұтына беруіне тура келеді. Ал қазақ киносын дамыту үшін қайтпек керек?
Тілшіміз көрермен көзайымына айналған кәсіби мамандардан себебін сұрап көрді.
Санжар МӘДИ, актер, режиссер:
Кино саласына мемлекет тарапынан қолдау жоқ
– «5:31» сериалы мен «Дәстүр» фильмі көрермен көңілінен шыққанына орай, триллер жанры көрерменге қызықты ма деп қалдым. Ал комедия жанрын жалпыға бірдей жағатын әмбебап тұрғыда түсіру қажет деп санаймын.
Содан кейін айта кететін бір мәселе, біздің көрермен берері жоқ тарихи туындыларды тамашалаудан шаршаған сыңайлы. Мысалы, алашордашылардың әрбірінің тағдыры бір-бір фильмге сұранып тұр. Олардың жанкешті тағдыры мен еңбегін халыққа жақын таныстыратын кез жетті. Өмірі қалай болды, кімнің қолынан қаза тапты? Шындықтың құпиясын ашып, көзі қырағы көрерменге жеткізетін уақыт келді. Ұлт зиялыларына бір-бір деректі, көркем фильмдер мен сериал арнасақ та артық етпейді.
Ал продюсер тұрғысынан айтар болсам, мемлекет тарапынан кино саласының аяқтан тұрып кетуіне жасалып жатқан қолдау көріп отырған жоқпын. Дегенмен, ақша бөлініп жатқанын естиміз. Бірақ олардың кімге қалай беріліп жатқаны түсініксіз. Кино қайраткерлері қандайда бір туынды түсіруден қорқатын болды. Себебі, шыққан шығынды өтей алмай ма деп сескенеді. Осыған орай кино саласын мемлекеттің мықтап қолға алатын кезі келді.
Мейлі партиоттық, мейлі экшн жарнында кино таспаласаң да, кинотеатрлар көрсетпей қоюы әбден мүмкін. Ешкімге топырақ шашқым келмейді. Бірақ бір қызығы, актердің әнші болып жүргені сирек, ал әншілер бұл саланың түбіне бойламастан, актер болып шыға келеді. Бұдан киноның сапасы құлдырамаса, жақсара қоймады.
Қорыта айтарым, қазіргі қазақ киносы кешенді түрде қолға алуды қажет етеді. Барлығы бір үстел басына отырып, ортақ ымыраға келіп, бір стратегияға жұмылғаны жөн. Неге десеңіз, түсірген киноңды жарыққа шығару – қиямет-қайым.Дайын туындыны апарсаң, прокат компаниялары өздерінің ережесін алға тартады. Оны орындасаң, кинотеатрлар өз заңын соғып шығады. Осының салдарынан өз елімізде, өз ішімізде бітпейтін тартыс жүріп жатыр.
Гүлнар ДОСМАТОВА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, киноактриса:
Кино түсіру сәнге айналды
– Қазір режиссураға, киноға қатысы жоқ адамдар да кино түсіретін болды ғой. Ақша тапса, кино түсіру сәнге айналды. Салдарынан сан артты да, сапа төмендеді. Мәселен, комедия кино саласындағы ең ауыр жанр саналады. Бірақ бұл бізде ең жеңіл жолға айналды. Тіпті, мәнісі кеткені сонша кейбір комедиялар күлкі де шақырмайды. Осы жанрды эфирге алып келген Чарли Чаплин: «Өмірді жақыннан көргенде – трагедия, алыстан қарасаң – комедия», – деп текке айтпаса керек.
Біздің қоғамда комедиядан өзге де көрермен көруге тиіс мәселелер бар. Кино деген – цирк емес. Оған келген адам күліп қана қоймай, өзіне сабақ алуы керек. Ал арзанқол туындыны тамашалаған көрермен кино саласын оңай екен деп қабылдап, өнерге үстірт қарайды. Ал бұл жолда біреулер шедевр жасау үшін өмірін арнап, денсаулығын береді.
Нағыз киноны жасаған біздің кешегі режиссер-актерлер бұл салаға жолдан келген жоқ. Кәнігі мамандардан оқып-білгені былай тұрсын, алғашқы мансаптарын түсірілім алаңдарында ассистент болудан бастаған. Сол арқылы киноның кухнясын, заңын, әдебін білді. Өз алдына бір ғылымға пара-пар сценаридің қалай жазылуын үйреніп, драматургияның жілік-майын шақты. Оның өзінде түсірген жұмыстары тәжірибелі мамандардан құрылған көркемдік кеңестің алдынан өтетін. Нәтижесінде ол кинолар көрермен жадында мәңгіге қалды.
Қазір көп нәрсені ұлттық киноны қолдау орталығы шешеді. Біреу өтеді, біреу қалыс қалады. Таңдау жасауда қандай механизмді қолданатындары түсініксіз. Сондықтан мемлекет киноға көз қырын салғаны дұрыс. Бір күнмен өмір сүру өнерді өміршең етпейді.
Гүлшат ТҰТОВА, театр және кино актрисасы:
Әркім өз қотырын өзі қаситын заман
– Шәкен Айманов өмірден өткен соң қазақ киносының құлдырап кеткені жасырын емес. Бірақ, бір қуанатыным, қазіргі жастар жоқтан бар жасап жатыр. Тіпті, бәсекелестік пайда болды. Ал бәсеке бар жерде өсу болады. Нәтижесінде қаншама актерлердің бағы жанып, халыққа талантты адамдарды таныстырып жатыр.
Үкіметке қарасты «Қазақфильмнің» өзі сыртқа алақан жайып отыр. Бюджеттен сауын алмағандықтан сырттан инвестор тартып, қаражат табудың қамын ойластырып, қолдан келгенше әрекет жасау үстінде. Оған бола ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ. Жоққа қарамастан, жастардың әрекетке көшкенін өз басым қолдаймын. Себебі, біз де сол арқылы өсіп жатырмыз.
Осы ретте шақырған жерден қалмай, барып тиісті рөлімді ойнап беруге тырысамын. Тәкаппарлығым жоқ. Себебі, қазіргі жастарды қолдауымыз керек. Жоғарыға қарап отыратын уақыт емес. Әркім өз қотырын өзі қаситын заман. Тек талмай еңбек ету керек.
Қанағат МҰСТАФИН, режиссер:
Көрермен комедияға тойды
– «Шетінен комедия көрсетеді» деп кинотеатрларды кіналауға келмейді. Себебі, олар – жекеменшік, яғни әлдебіреулердің өз қаражатына салған ғимараты, олар өнерге бизнес ретінде қарайды. Бірақ жұрт көруге жарайтын сапалы туынды болса, олар жалпақ жұртқа көрсетуден қашпайды. Өйткені кассалық түсімнен олар да пайда көреді. Мысалы, «Міржақып. Оян қазақ!» фильмі кинотеатрлар желісінен миллиардтан аса қаражат түсірді.
Қазір жаппай жарыққа шығып жатқан комедиялардың дені сапалы деп айтуға келмейді. Неге десеңіз, қазіргі таңда осыдан жиырма жылғы уақытпен салыстырғанда кино түсіру неғұрлым қолжетімді бола түсті. Әнші атаулының да жаппай кино түсіріп кетуіне осы себеп. Бірақ мұның бәрі өткінші жағдай. Бірақ, комедиялардың арасында да көрермен көңілінен шығып жатқандары бар. Соның бірі – Дариға Бадықованың екі апта ішінде бір миллиардтан аса касса жинаған «Таптым-ау» сені фильмі. Бұл – тамаша көрсеткіш. Осыдан он жыл бұрын біздің елде Голливудтың кинолары да мұндай табыс әкелмейтін. Бұл – көрерменнің көңілі қазақ киносына ойыса бастағанының белгісі. Осы тұрғыдан алғанда коммерциялық кинолар көрерменін тапты деуге болады.
Ой салатын ұлттық колориті бар салмақты туындылар да түсіріліп жатыр. Осы ретте Ұлттық киноны қолдау орталығы бірқатар фильмдер легін жарыққа шығаруды қолға алды. Орталықтың қолдауымен мен де даңқты палуанымыздың өмірінен сыр шертетін «Қажымұқан» фильмін түсіріп жатырмын. Бұйырса, күзде премьерасы өтеді. Жастардың жүрегінен орын алу мақсатында арнайы эффектілерді қолдандық.
Отандық кино саласы біртіндеп аяққа тұрып келеді. Көрермен комедияға тойды. Көрермен драмалық туындыларға ауыса бастады. Атыс-шабыс кинолар да таспаланды. Олардың басы-қасында Ақан Сатаевтың «Рэкетир», «Ағайындылар» сияқты туындылары тұр. Сондай-ақ хоррор жанры да ұсынылды. Оған «Дәстүр» фильмін жатқызуға әбден болады.
Бір айта кететінім, сапалы тарихи фильм түсіру үшін көп қаражат қажет. Ондай жобаларға, әлбетте, үкіметтің қолдауы керек.