Болашақ сценарийі: Қазақстан вассал елге айнала ма, әлде аймақтық держава бола ма?
Әлем көз алдымызда өзгеріп жатыр. Аумалы-төкпелі заманда ел болашағының бағдары қандай болмақ? Қазақстанның алдында қандай жол айырымдары жатыр? NEGE осы мәселе бойынша жауап іздеп көрді.
Қазақстанның болашақ бейнесі қандай болады?
Саясаткер Дос КӨШІМ Қазақстан үшін үш ықтимал сценарийді болжап отыр.
«Бірінші жол – Қазақстан тәуелсіз ел ретінде дамыса, әкімшілдік-әміршілдік, авторитарлық жүйеде қала береміз. Онда ешқандай өзгеріс болмайды. Өзгерістің себеп-салдарын көріп тұрғаным жоқ.
Екінші жолы – жаңа саяси күштердің пайда болуымен немесе, ғайыптан тайып, биліктің өзі демократияға бет бұрса, онда Қазақстан өркениетті елдердің қатарына қосыла алады. Өйткені, біздің тарихи ұлттық демократиямыз бар.
Үшінші жолы – Ресей бізге басып кіріп, өзінің вассалы етеді. Бірақ қол астына алып, жұтып жібермейді. Беларусьтен де жақын, сыртқы саясаты және әскери күштері бірігіп кеткен конфедерация түріндегі мемлекет пайда болуы әбден мүмкін», – дейді Дос Көшім.
«Іргемізді аулақ сала алмаймыз»
Саясаттанушы Қазбек БЕЙСЕБАЕВТЫҢ пікірінше, Ресей мен Қазақстан ежелден бірге және бұдан кейін де солай бола бермек.
«Бізде көп адамдар Ресеймен қарым-қатынас жөнінде айтқанда, тек қана Кеңес дәуірі мен ақ патша заманын еске алады. Одан бұрын Алтын Орда болғанын ескеру керек. Содан бері бірге тұрып жатырмыз. «Ресей бізге басып кіреді» деп байбалам салушылар бар. Меніңше, оларға бізді басып алу аса қажет емес. Өйткені, Қазақстан қанша бидай жинаса, бір ғана Краснодар өлкесі сонша бидай жинай алады», – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, мемлекет күшті болуы үшін электр қуаты мен азық-түлік қауіпсіздігін және басқа да өмірлік маңызы бар дүниелерді қамтамасыз ете алуы қажет.
«Бізге ұнаса да, ұнамаса да, Ресейге тәуелдіміз. Әлемде толық тәуелсіз ел жоқ. Бәрі бір-біріне тәуелді. Бірақ біз тәуелділігімізді тым күшейтіп жібердік. Бұған кінәлі Ресей емес, Путин де емес – өзіміздің билік. Отыз жыл ел басқарған Назарбаевтың кінәсі бар», – дейді Қазбек Бейсебаев.
Сырт көз: «Қазақстан – аймақтық держава»
Қазақстанға қатысты түрлі керағар сценарийлер айтылып жүр. Оны алпауыт елдердің ресми үкіметінің сөз саптасынан немесе сол мемлекеттерде орныққан қоғамдық пікірлерден де байқауға болады.
Мәселен, кейбір ресейлік саясаткерлер мен импершіл адамдардың пікірінше, Қазақстан «аумағы» – орыс әлемінің бір бөлшегі. Ұлы Ресейдің ажырамас бір бөлігі. «Тәуелсіздік парады» кезінде ешқандай себепсіз бөлініп қалған аймақ. Солтүстік өңірлерде орыстар көп тұрады. Қазақстан мемлекет ретінде әлсіз. Не батыстың, не қытайдың жетегінде кетеді. Сондықтан Қазақстан ұдайы Ресеймен бірге болуы қажет.
Десе де, Ресейдің кейбір түркі республикаларында Қазақстанның болашағына қатысты күткені мүлде басқа. Кейбір ұлтшыл адамдар «Қазақстан түбі аймақтық держава болады» деп болжам жасайды. Олардың пікірінше, Ресей ыдыраған сәтте Қазақстанның маңызы күрт арта түспек. Қазіргі Әзербайжан мен Түркия арасындағы одақтастық Бакуге қандай пайда әкеліп жатса, орайы келген сәтте Қазақстан да бұл республикаларға сондай бауырлық, ынтымақтастық, әскери көмек бере алады. Орталық билік бұл республикаларға Түркиямен мәдени қарым-қатынастардың өзіне қырын қарағанда: «Түркі бірлігі дегеніміз – Түркия емес, ол жерде Қазақстан бар», – деп уәж айтып келеді.
Тұран аяққа тұрса...
Қазіргі геосаяси ахуал Батысты Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты күшейтуге мәжбүрлеп отыр. Бұл аймақтың Ресейдің немесе Қытайдың «қолжаулығына» айналғанына мүдделі емес. Батыс Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстанның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруына мұрындық болуды көздейді. Халықаралық аренада ортақ позициясы бар тәуелсіз аймақ ретінде көргісі келеді. Десе де, НАТО-ға мүше, бірақ мұсылман елі Түркияның ықпалының арта түскеніне аса құлықты емес.
Бейжің үшін Қазақстан ілкіде Қытайдың алыс шекарасының арғы жағындағы беймәлім бір ел еді. Әйтеуір, бір түкпірімізде тыныштық болса, жарайды деп есептеп келген. Әлеуеті артып, халықаралық саясатта өз орнын айқындап алған соң, Орталық Азия аймағына қызығушылығы артып келеді. Өйткені, бұл өлке тоғыз жолдың торабында тұр. Таяу Шығыс елдеріне де, Еуропаға да шығуға болады.
Әсіресе, жерінің асты үсті байлыққа толы Қазақстанның орны ерекше. Орталық Азия елдері де түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін қытайдың қаржысына мұқтаж. Қытай енді бұрынғыдай Орталық Азия елдерін Ресейдің ықпалындағы аймақ деп есептемейтіні байқалады. «Қазақстанның аймақтық тұтастығына кепілдік беретінін» ашық жариялауы осыны көрсетсе керек.
Ресейдің бес жолы
The Foreign Affairs басылымында америкалық профессор Стивен Коткиннің «Ресейдің бес болашағы немесе Америка болатын жайттарға қалай дайын болуы тиіс» атты тұжырымдамалық мақаласы жарық көрді. Оның пікірінше, Ресей қазір беске бөлінген жол айрықта тұр. Сондықтан бұл елдің болашағы бес түрлі сценариймен өрбуі ғажап емес.
Тоқетеріне келсек, бірінші жол – Ресейде заң үстемдік құратын демократия пайда болып, көршілеріне қауіп төндіруден бас тартады. Ресей ұлыдержавалық комплекстері мен мәдени шовинизмі бар бүгінгі Францияға ұқсас ел болады.
Екінші жол – ресейліктер үшін Ресей – мистикалық ұлтшылдық, тамыры тереңге кеткен батысқа қарсылық, дәстүрлі құндылықтар, славяншылдық, православия. Оларға тек қана Украинадағы жанжалға басқаша қарайтын Путинге ұқсас көшбасшы керек.
Үшінші жол – Қытайдың вассалына айналады.
Төртінші жол – Ресей үлкен «Солтүстік Кореяға» айналады.
Бесінші жол – Ресей аймақтық тұтастығына қауіп төніп, Қытай, Жапония, Финляндия сияқты елдер «тарихи жерлерін» даулай бастайды.
«Жыланды жеті рет кессең де, кесірткедей қауқары бар»
Саясаттанушы әрі дипломат Қазбек Бейсебаев Ресейдің осал ел емес екенін алға тартады. Сондықтан бұл сценарийлер – жай ғана болжам.
«Ресей – өзге мемлекеттермен салыстырғанда өте бай ел. Өзінде бәрі бар. Шикізаттан ешқашан таршылық көрмейтін мемлекет. Азық-түлік өндіруден де бірінші орында тұр. Су қоры да мол. Бізде тапшылық болса, біз тек қана Ресейден сатып ала аламыз. Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуға мүдделіміз», – дейді Қазбек Бейсебаев.
Оның пікірінше, бұған алпауыт Қытайдың өзі мүдделі екен. Ресейден біз электр қуатын, азық-түлік сатып алып жатырмыз. Шұжық пен ет, концерві өнімдерін аламыз. «Ресейдің тағдырына біз тікелей байланып тұрмыз. Сондықтан Ресейдің жағдайының жақсы болғаны пайдалы», – дейді саясаттанушы.
Қазіргі күрделі геосаяси ахуалдан Астана «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» шығуды көздейтіні байқалады. Әлемдік ойыншылармен тең қарым-қатынас ұстап, сыртқы саясатта бейтараптық бағыт ұстанып отыр. Десе де, экономикалық жағынан Ресейге тәуелді екенін жақсы түсінеді. Сондықтан, қазақ билігі үшін қазіргі тарихи сәтте «сүйкенген екі түйенің арасындағы шыбын болмауға» ұмтылу – аса маңызды мәселе.