Навальный ісіне қатысты санкциялар ЕАЭО елдеріне қаншалықты әсер етуі мүмкін?
Алексей Навальныйдың ісі бойынша Ресейге қарсы күшейген санкциялар ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттерге қалай әсер етуі мүмкін? Ресейлік экономист әрі саясаткер, Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграцияның негізгі бағыттары және макроэкономика жөніндегі алқа мүшесінің міндетін атқарушы Сергей Глазьев осы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. «Бұл санкциялар қазіргі уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымының нормалары мен ХВҚ жарғысын өрескел бұза отырып, заңнамалық шеңберден тыс сипатта салынып жатыр. Жақында өткен Давос форумы іскерлік ортада және көптеген елдерде санкциялардан бас тарту жөніндегі халықаралық деңгейдегі үлкен келісім бар екенін көрсетті. Санкциялардан ешкімге пайда жоқ. Ресейге қарсы санкциялар Еуропалық Одаққа бізден де қатты зиян келтірді деп айта аламын. Яғни, санкция дегеніңіздің өзі - қос жүзі бар қылыш», - деді спикер.
Ол санкциялар жарияланған бес жылдың ішінде саудааралық қатынастар құрылымында айтарлықтай өзгерістер болғанын атап өтті.
«Қытаймен сауда қарқынды түрде өсіп келеді. Біз одан бөлек Оңтүстік-Шығыс Азиямен ынтымақтастықтың үлкен мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Вьетнаммен және Сингапурмен жұмыс істейтін еркін сауда аймағын құрып жатырмыз. Үндістанмен, Иранмен де келіссөздер жүргізілуде. Шын мәнінде, Америка Құрама Штаттары санкциялардың бастамашысы болды. Ал оның әлегі бірінші кезекте біздің Еуропалық Одақпен ынтымақтастығымызға әсер етеді. Бірақ бұл проблемалар Шығыстағы ынтымақтастықтың артуымен өтеледі. Санкциялар бүгін де әлемдік экономикада болып жатқан құрылымдық өзгерістерді күшейтеді. Бүгінгі таңда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі экономикалық белсенділіктің жиынтық көлемі өндіріс пен сауда тұрғысынан алғанда АҚШ пен Еуропалық Одақтан асып түседі. Менің ойымша, бұл санкция тез арада аяқталады. Біз барлық мемлекетпен ынтымақтастыққа дайынбыз», - деп қосты Сергей Глазьев.
Өз кезегінде Өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені алқасының тағы бір мүшесі Камалян Артак санкциялардың жағымсыз әсері қиын екенін жасырған жоқ. «Бірақ санкцияның оң әсері де бар. Бұл отандық өндірушілерді өз өнімін шығаруға ынталандыра түседі. Егер біз ауыл шаруашылығы саласын қарайтын болсақ, Ресейде кейінгі жылдары мал шаруашылығы тұрғысынан сан жағынан да, сапа жағынан да айтарлықтай өсім бар. Әрине, мұндай санкциялар болмаса жақсы болар еді, бірақ егер ол болса, онда экономиканың нақты секторында импортты алмастырумен айналысу керек», - деп қосты Артак Камалян.