Владимир Кимнің жағдайы қиын ба? Назарбаев НЕГЕ кредит бере бастады?
NEGE порталы оның қаржылық есептерін тексеріп көрді.
Ол есептерден біраз қызық нәрсе табылды. Компанияның 70 пайыз акциясын өзінде ұстап отырған, яғни негізгі акционері – Владимир Ким «Қазақмыстың» қаржылық ахуалын нашарлатуға жақсы жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Ол өзіне бағынышты компаниядан кредит алып, артынан қайтармауды әдетке айналдырған.
2017 жылғы 15 қарашада «Қазақмыс» пен Владимир Ким 160 миллиард теңгеге «KSS Finance» ЖШС жарғылық капиталындағы үлесті сатып алу туралы шарт жасасады. Қазақмысқа қарызын Ким мырза кестеге сәйкес 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеп бітуі тиіс еді. 2020 жылы да, 2021 жылы да Владимир Ким ешқандай қарызын төлемеген. Енді қарызды өтеу тағы кейінге қалдырылып, Казақмыс 8 миллиард теңге шығын көрді. Онымен бірге, өз капиталынан күтілетін кредиттік шығындарға резерв үшін 11 миллиард теңге бөлуге мәжбүр болды.
"Қазақмыс" ЖШС 2021 жылдың қортындысы бойынша қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young
2021 жылдың аяғында Владимир Ким «Қазақмыстың» капиталына тағы да ауыз салды. Ол «Қазақмыстан» 9,75 пайызбен 217 миллиард теңге қарыз алған. Оны 2024 жылдың аяғына дейін қайтарып беруі тиіс.
Енді компанияның 2021 жылдың аяғында еркін ағымдағы капиталына қарасақ, онда бір жарым миллиард теңге қалғанын көреміз. Таза кірісі 202 миллиард теңгені болған. Бірақ соған сай қаржы да өз акционеріне кредит беруге жұмсалған.
"Қазақмыс" ЖШС 2021 жылдың қортындысы бойынша қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young
Бұдан Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақмысқа» қарыз берді деген ақпараттың да негізі бар екенін көруге болады. Қазақмысқа шынымен айналымдағы капиталын толықтыруға қаржы керек. Бірақ бұдан да қызық сұрақ туындайды. «Елбасы қоры» 51 миллиард теңгені қайдан алды?
Қаңтар оқиғасына дейін, соңғы төрт жылда Қазақстанның ірі мыс өндірушісі Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған коммерциялық емес ұйымдарға демеушілік көрсеткенін Vlast.kz өз зерттеуінде жазған болатын. Осы кезеңде «Қазақмыс» компаниясы Назарбаевтың қорларына 79,4 миллиард теңге аударған. «Қазақмыс» 2018 жылы Назарбаев қорларына 32 млрд теңге, 2019 жылы – 12 млрд теңге, 2020 жылы – 29,2 млрд теңге, ал 2021 жылы – 6,2 млрд теңге қаржылай демеушілік көрсеткен.
Vlast.kz, Kloop және OCCRP бірлескен зерттеуіне сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев төрт қордың негізін қалаушы болып табылады: «Назарбаев қоры», Нұрсұлтан Назарбаев қоры, «Демеу» қоры және «Елбасы қоры». Бұл қорлардың негізгі жұмысы – құны миллиардтаған долларлық активтерді басқару.
Ал «Қазақмысты» екі олигарх – Владимир Ким (70%) мен Эдуард Огай (30%) толық билейді.