30 Мамыр 19:36

Назарбаевтың миллиардтары. «Шегінерге жол жоқ, артымызда – Мәсімов...»

Фото:

Экс-президент Н.Назарбаевтың бүгінгі «сұхбаты» «Назарбаев НЕГЕ үнсіз?» деген жұрттың көңілінен шықпаған сыңайлы. Әбден сүзгіден өткен сұхбат тым сұйық көрінді. Арылудан да ақталуы басым, жауапкершіліктен жалтару байқалады. Д.Әшімбаев «телефон арқылы сөйлестім» дегенімен, жауаптар жазбаша келгенге көбірек ұқсайды.

Қысқасы, көпшілік сұхбатты осылай бағалап, сан-саққа жүгіртіп жатыр. 

«Назарбаев Университеті», «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» мен «Назарбаев қорына» қатысты мәселеде жауапкершіліктен жалтарып, бәрін қамаудағы Кәрім Мәсімовке итере салғаны абың-күбің әңгімеге арқау болды. Оған себеп те жоқ емес.

Фото: РИА Новости

OCCRP, Kloop (Қырғызстан) және Vласть (Қазақстан) зерттеуінше, түрлі қайырымдылық қорлар арқылы Назарбаев пен оның жақын айналасы миллиардтаған долларды айналдырып отыр. Мүлік-мүкәммәлдерінің ішінде банктер, қонақ үйлер, телеарналар, құны 100 млн доллардан асатын ұшақ та бар екен. Сөз болған бұл ұшақ жуырда Тоқаев тартып алған №1 борт болуы әбден мүмкін.

Шартты түрде алғанда, бұл иен байлыққа Назарбаевтың қатысы жоқ сияқты, алайда ол мұның бәрін өзінің атындағы қоры арқылы бақылауда ұстап отыр. Ірілі-ұсақты түрлі қорлардың жұмысына қатысты соңғы шешімді де Назарбаевтың өзі айтады. Солай бола тұра, бүгінгі сұхбатында бәрін қамаудағы К.Мәсімовке итеріп тастағаны – жұмсартып айтқанда, жауапкершіліктен жалтару. 

Инфографика: Джеймс О'Брайен / OCCRP 

«Назарбаев Университеті» 2010 жылы құрылды. Университеттің президенті болып халықаралық қаржы институттарында қызмет істеген жапон Шигео Касту тағайындалды. Ал университеттің қамқоршылық кеңесінің төрағасы лауазымына сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов ұсынылды. Университет «Назарбаев қоры» арқылы қаржыландырылады. 

«Назарбаев қоры» 2009 жылы құрылды, бір жылдан соң «Назарбаев университеті» ашылды. Ал енді құрылғалы бері университет пен қордың «қан-жыны» араласып жатса, сол тұста қырағылығын жоғалта қоймаған Назарбаев Мәсімовтің қорға қатысты іс-әрекетін білмей қалуы мүмкін бе? 

2011 жылдың өзінде ғана жүрген жеріне шөп шықпайтын әйгілі үштік – Машкевич, Шодиев, Ибрагимов (ENRC) «Назарбаев қорына» 100 млн долларға жуық қаржы аударған. Бұл – түрлі қаржы көздерінен қорға ағылған қыруар қаражаттың бір парасы ғана. 

Зерттеу деректеріне сүйенсек, «Назарбаев қоры» 7,8 млрд долларға тең активтерге иелік етіп отыр. Онда да бұл – 2020 жылғы есеп. 2022 жылдың қаңтарына дейін қордың қоржыны тола түспесе, кемімегені анық. 

Фото: kremlin.ru

«Назарбаев қорының» иелігіндегі қаржы институттарын, қонақ үйлерді, БАҚ-тарды, түрлі қызмет көрсету саласын, басқа да «майшелпектерді» бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Қордың есеп-қисабы өздеріне ғана аян.

Nege.kz порталы құзырлы органдарға қордың жұмысына қатысты бірнеше ресми сауал жолдаған. Алайда ешбіріне жауап келген жоқ.

Айтпақшы, «төбесінде тесігі бар» тұрақты оқырмандарымыздың бірі К.Мәсімовтің тергеуде бәрін мойындағанын, Қаңтар бүлігінен бөлек, қыруар қаржы ағыны қайдан келіп, қайда құйып жатқанын баяндап бергенін айтқан еді. Бәлкім, экс-президентке шегінуге жол қалмаған болар?..     

Тегтер: