26 Тамыз 13:55
...

Соңғы транзакция. Енді ERG-ден дивиденд алу НЕГЕ қиындамақ?

ERG
Фото: Фото: Nege.kz

Биыл Қазақстанның 40 пайыз үлесі бар «ERG» корпорациясы елімізге 10 жылдан бері бұғатталып, қордаланып жатқан 365 миллион долларды дивиденд ретінде төледі. Бұл – шамамен 191 миллиард теңге. Бірақ енді Қазақстан ERG-ден мүлде дивиденд көрмеуі мүмкін. НЕГЕ?

Люксембургтегі бақылаушы органға берген есебінде, ERG 2024 жылы 1,2 миллиард доллар шығынға батқанын көрсеткен. Былтырдан бері ERG санкцияға ұшыраған ресейлік «ВТБ» мен «Сбербанк» алдындағы қарыздарын төлей бастады.

ERG
Фото: Nege.kz

2024 жылы ERG кредиттерін қайтару үшін 568 миллион доллар жұмсаған. Шамамен 600 миллион долларды валюталар курсы арасындағы құбылудан жоғалтып отыр. Корпорацияның өзі былтыр өндірістік қуатын арттырып, ферроқорытпалар өндіруді 14 пайызға, темір концентратын 8,5 пайызға өсіргенін хабарлаған. Операциялық табысы жоғарылаған.

Десе де, қарыздар мен девальвациялық процестер алпауыттың бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. ERG «ВТБ» банкіне шамамен 3 миллиард доллар қарыз. «Сбербанк» алдындағы қарызын былтыр қайта құрылымдаған болатын. Біздің есебімізше, корпорацияның қазіргі ортақ қарыз көлемі кем дегенде 5 миллиард долларға жетті.

ERG
Фото: Nege.kz

Алайда «Еуразиялық үштік» арасындағы кикілжің ERG-дің дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Қазір Қазақстан Үкіметінің қолында 40% акция, Ибрагимовтар мен Машкевичтер отбасында 20,7 пайыздан, ал Патох Шодиевте 18,6% акция бар. Дәл осы кезде Шухрат Ибрагимов пен Шодиевтар арасында сот дауы қызып жатыр.

Мұндай жағдайда акционерлер тарапынан ERG-ге қатысты кезек күттірмейтін шешімдер қабылдау қиын болады. Ең ірі акционер саналатын Қазақстан Үкіметі Шухрат Ибрагимовты қолдауға дайын. Бірақ Шодиев пен Машкевичтер қолында да кемінде 20% акция болғандықтан, олар ұнамайтын шешімдерді бұғаттау, «паузаға қою» мүмкіндігіне ие.

Бүгінге дейін Қазақстан Үкіметі ERG корпорациясына қатысты дауысын қатаң шығарып, өз позициясын айтқан емес. Операциялық қызметіне де араласпай отыр. Үкіметке өз атынан саланы жақсы білетін шетелдік маман жіберіп, ERG-дің ішкі кухнясына кіретін уақыт келген сияқты.