14 Қаңтар 19:49

Қоржыны бос қор. №1 миллиардер Владимир Ким қанша қаржы сала алады?

Фото:

Қазақстандағы ең ауқатты 20 адамның байлығы – мемлекет 2000-жылдардан бері ақша жинап келе жатқан Ұлттық қордың жартысына тең. Олардың арасында «мыс королі», олигарх Владимир Кимнің шоқтығы биік. Еліміздегі ең бай адамның халыққа шын жаны ашыса, онда «Қазақстан халқына» қорын керемет табыс күтіп тұр.

Дәстүрлі Forbes рейтингі бойынша «Kaz Minerals» тобы мен «Қазақмыс» корпорациясының мажоритарлы акционері Владимир Кимнің байлығы – 4,7 миллиард доллар. Қазіргі бағаммен теңгеге шақсақ, бұл шамамен 2 триллион теңге. Бірақ оның көп жағдайда активтердің нарықтық құны, әсіресе акциялар бағасына қатысты екенін ескерте кету керек. Бұл жағдайда кәсіпкердің қолда бар нақты капиталы өзіне қарасты акциялардан түскен акционерлік табыстан құралады.

Былтыр Владимир Ким серіктесі Олег Новачукпен бірігіп, «Kaz Minerals» тобының еркін саудада жүрген акцияларын сатып алып, өз үлестерін 89 пайызға дейін жеткізген. Әрі енді халықаралық компанияны Лондон қор биржасынан алып кетті (делистинг), сол себепті бұдан былай компанияға инвесторлар үшін ашық ақпарат жариялаудың еш қажеті жоқ.

«Kaz Minerals» 2020 жылы EBITDA көрсеткіші бойынша 1,4 миллиард доллар кіріс алған. Ал акционерлерге қарасты табысы 639 миллион доллардың шамасында болды. Топтың өзі жылдық есебінде «2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компанияның акционерлеріне тиесілі капиталы 2,3 миллиард АҚШ долларын құрады» деп көрсетеді. Ол кездерде Владимир Кимнің «Kaz Minerals»-тағы үлесі шамамен 39 пайыз болғанын ескерсек, оның қазіргі бағаммен 385 миллиард теңге табыс тапқанын байқауға болады.

"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

Бірақ мұнымен тоқтамайды. «Kaz Minerals»-тан бөлек, Владимир Ким «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 70 пайызына иелік етеді. «Қазақмыс» 2020 жылдың қортындысы бойынша өз акционерлеріне 111 миллиард теңге табыс әкелген. Оның 77,7 миллиард теңгесін Владимир Ким алса, қалған 33,3 миллиарды Эдуард Огайға қалды.

«Kaz Minerals» пен «Қазақмыстың» 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі әлі шыққан жоқ. Былтыр Владимир Кимнің «Kaz Minerals» тобындағы өз үлесін кемінде 44 пайызға жеткізгенін ұмытпау керек. Олай болса, оның «Kaz Minerals»-тан алатын биылғы табысы былтырғыдан жоғары болады.

Владимир Ким. Фото: kapital.kz

Сонымен бірге «Қазақмыс» корпорациясынан да мол табыс келмек. Корпорацияның 9 айда кен өндіру бойынша өндірістік жоспарды асыра орындағанын әрі халықаралық биржада мыс бағасының едәуір қымбаттағанын ескерсек, биылғы сәуір айында Владимир Ким «Қазақмыстан» жеке өзіне кем дегенде 100 миллиард теңге дивиденд алуы тиіс.

Еліміздегі ең бай адамның халыққа көмектесуге барлық жағдайы жетеді. Тек ниет болса болды. Тіпті 50 миллиард теңге берсе де, мемлекет пен қоғам үшін бұл үлкен қолдау болар еді.

Тегтер: