Бақытты 2024. Болат Өметұратов биыл НЕГЕ қатты қуануы мүмкін?
Биылғы жылдың соңында Forte Bank-тің «Самұрық-Қазына» қорымен жасасқан келісімшарт мерзімі аяқталады. Тараптар бір-біріне қарызын қайтарып бермек. Одан кейін олигарх Болат Өтемұратов ешкімге ештеңе қарыз болмайды.
Біз болжағандай, 2023 жыл «Forte Bank» АҚ үшін керемет табысты аяқталды. Банктің аудиттелген есебі шықпаса да, Ұлттық Банктің шоғырланған статистикасында қаржы ұйымының былтыр 126,7 миллиард теңге таза пайда тапқаны көрсетілген. Ал биылғы алғашқы екі айда Болат Өтемұратовтың ең құнды активі 22,6 миллиард теңге таза кіріске шықты.
Болат Өтемұратовтың банкіне де кезінде мемлекет қолдау көрсеткен болатын. Тек ол көмек «Самұрық-Қазына» қоры арқылы жүргендіктен, таза мемлекеттік деп саналмады.
Тақырыпқа орай: Ставкадан ұтты. Болат Өтемұратовтың мұрты НЕГЕ майланбақ?
Негізі, 2014 жылы ол көмекті атышулы «Альянс банк» алған. Артынан ол Болат Өтемұратовтың қолына өтіп, «Темірбанкпен» бірігіп, «Forte Bank» деген атауға ие болды. Сол кезде банк әл-ауқат қорынан 10 жылға 4% мөлшерлемемен 220 миллиард теңге депозит тартты. «Самұрық-Қазына» 2015 жылы өз үлесін Өтемұратовқа сатып, банк акционерлері қатарынан шығып кетті. 2018 жылы қордың 220 миллиард теңгелік депозиті 2024 жылға дейін өтеу мерзімі бар Forte облигацияларына айырбасталды.
Бұл жерде проценттік қулық байқалады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының депозиттерінің орташа сыйақы мөлшерлемесі 9,8 пайыз болса, банк облигацияларының кірістілігі жылына небәрі 4 пайыз деңгейінде белгіленген. Бір қызығы, қаржылық есептілікте депозит пен қор алған облигациялардың шарттары ұқсас деп көрсетілді.
Тақырыпқа орай: Қамыттан қашу. Банктер НЕГЕ қарызынан құтыла бастады?
Мемлекет Forte-ні акционерлерге дивиденд төлеу бойынша еш шектемеген еді. Сондықтан былтыр Болат Өтемұратов банктің 2022 жылғы таза табысының жартысын, яғни 40 миллиард теңгені өзіне дивиденд ретінде алды. Ал қалғанын банкке қалдырды.
Болат Жәмитұлының қолында «Форте банктің» 81,82% акциясы бар екенін ескерсек, былтырғы табыстан ол теория жүзінде осы мамыр айынан кейін 106 миллиард теңге шешіп ала алады.
Бірақ іс жүзінде Өтемұратов таза кірістің барлығын өңгеріп кетіп жүрген жоқ. Сондықтан биыл 60-80 миллиард теңге көлемінде дивидендпен шектелуі мүмкін деп ойлаймыз.