Барымен базар. Құлыбаевтар отбасы Қазақстан халқына қанша ақша бере алады?
Отандық бизнестің «Қаңтар оқиғасынан» шеккен зардабы 104 миллиард теңгеге жетті. Бірақ елдегі олигархтардың биыл тапқан табысы одан бірнеше есе асып түспек. Nege.kz есебінше, бір ғана Тимур мен Динара Құлыбаеваның биылғы табысы елдегі барлық бизнестің шығындарын еш қиналмастан жаба алады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар тобы, тіпті халықаралық стандарттар бойынша да байлар тобы пайда болды. Енді Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оларға жүйелі әрі тұрақты түрде көмек көрсететін кез келді деп есептеймін», – деп мәлімдеген болатын.
Олигархтар арнайы құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына жүйелі түрде ақша аударып отыруы тиіс. Тек кімнің қанша беретіні айтылмады және бүгінгі күнге дейін шешілмеген сияқты.
- Тақырыпқа орай: Қазақстан қор биржасындағы қызықтар. «Kcell» акцияларына қатысты манипуляциялар НЕГЕ инвесторларды шошытып отыр?
Н.Назарбаевтың тікелей туыстары – ерлі-зайыпты Тимур мен Динара Құлыбаеваның да долларлы миллиардерлер клубына бұрынғы президенттің тікелей немесе жанама әсерінің арқасында кіргені күмән келтірмейді. 2021 жылға арналған Forbes дәстүрлі байлар рейтингінде Тимур мен Динара бесінші сатыда келеді. Олардың капиталы рейтинг методикасы бойынша 2,9 миллиард долларға немесе 1,24 триллион теңгеге бағаланып отыр. Бірақ оның есептік капитал (меншікті акциялар мен активтердің нарықтық құны) екенін ескеру керек. Ал нақты кэш, яғни халыққа көмектесу үшін қорға аудара алатын ақшасы қанша?
Құлыбаевтар отбасы. Фото: muzh-zhena.ru
Құлыбаевтар «Алмэкс» холдингі арқылы Халық банкінің 56,39 пайыз акцияларына иелік етеді. Бұл – Forbes деректері, ал «Алмэкс» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебінде холдинг Халық банкінің 64,9 пайыз акциясын ұстап отыр деп көрсетілген.
«Алмэкс» Құлыбаевтардың ең маңызды активі болып саналады. Одан бөлек, Тимур Құлыбаев – «Кипрос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізгі құрылтайшысы. Ол компанияның елге эксклюзивті зергерлік әшекейлер жеткізетін «Viled Group» компаниясы мен атын «ҚазМұнайГаздан» «QazaqOil»-ға ауыстырып жатқан бұрынғы мемлекеттік жанармай құю бекеттері желісінде қомақты үлесі бар. Сонымен бірге, аса табысты актив – «Mercury Properties» фирмасының негізгі иесі.
«Mercury Properties» Дубай, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау мен Шымкентте 800 мың шаршы метрден астам кеңсе ғимараттарын басқаруда ұстап отыр. Ал осы активтердің ішінен тек «Алмэкс» холдингі және оның еншілес ұйымы саналатын Халық банк қана қаржылық есептілігін ашық жариялайды.
«Алмэкс» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Deloitte
«Алмэкс» холдингінің 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есептілігі тек алдағы сәуір-мамыр айларында шығады. Қазір қолда бар 2020 жылдың есебіне сай, «Алмэкстің» таза кірісі 357,2 миллиард теңгеге жеткен. Табыс «Алмэкске» бағынышты Халық банкі есебінен келіп отыр.
Биыл «Алмэкс» холдингінің кірісі 2020 жылғы 357 миллиард теңгеден де асып кетуі тиіс. Себебі, Халық банкінің 2021 жылдың 9 айындағы қаржылық қортындысына сай, банктың 2021 жылдың үш тоқсанындағы таза табысы 2020 жылдың сол мерзімімен салыстырғанда артып отыр және 333 миллиард теңгеге жеткен.
"Қазақстанның Халық банкі" АҚ 2021 жылдың 9 айы бойынша аралық қаржы есебі
Тоқ етері, Құлыбаевтардың 2020-2021 жылдар аралығында бір ғана «Алмэкс» холдингінен кем дегенде 700 миллиард теңге кіріс көргенін айтуға болады. Одан бөлек, ашық есептілігі жоқ басқа бизнестері де табыссыз емес, бірақ олардың қаржылық көрсеткіштері сырт көзден жасырылған.
- Тақырыпқа орай: Газды қатты баспаған дұрыс еді. Газ өңдеуге қатысты қазіргі шешімдер кейін НЕГЕ қылмыстық іске айналуы мүмкін?
Осылайша, «Қаңтар оқиғасынан» зар илеп отырған 1600 кәсіпкердің бар шығынын (12 қаңтар күнгі ақпарат бойынша – 104 миллиард теңге) отандық байлар рейтингінде небәрі бесінші орында тұрған ерлі-зайыпты олигархтар-ақ оңай жауып бере алады.
Ал ТОП-3 тізіміне кіретін елдегі металлургияның қожайындары ниет етсе, Ұлттық қорға тиіспей, елдегі бюджет дефициті сынды проблемаларды тез арада шешіп тастауға әбден болады.