Алты айда 174 ярд. «Алтыналмас» НЕГЕ биыл супер рекордқа бара жатыр?

Алтын өндірумен айналысатын «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамы биылғы жылдың алғашқы алты айында 175,4 миллиард теңге таза пайда алып отыр. Былтыр компания тура осындай сомада таза кіріс көрсеткенін ескерсек, былтырғы табысын Алтыналмас биыл жарты жылда жасаған. Енді компанияның табыс бойынша жылдық рекорды жаңаратыны анық.
2025 жылдың қорытындысы бойынша алтын өндіруші кемінде 300 миллиард теңге таза пайда алады деп болжай аламыз. Осы арқылы «Алтыналмас» сөзсіз Қазақстандағы ең ірі алтын компаниясына айналып отыр.

Биылғы жазда алтынның унциясы 3 500 долларға дейін қымбаттады. Мысалы, былтыр бағалы металдың құны әлемдік нарықтарда унциясына 2 400 доллар шамасында болған еді. Алтынның бағасы өскен сайын өндірушілердің табысы артатыны түсінікті. Осының арқасында 4 жыл бұрын дефолтты жағдайды бастан кешіп жүрген «Алтыналмас» қазір еліміздегі ең ауқатты кәсіпорындардың біріне айналған.
«Алтыналмас» тарихында тұңғыш рет үлестірілмеген кіріс 450 миллиард теңгеге жетті. Соның арқасында компания былтыр «ВТБ» банк алдындағы 1,1 миллиард евро кредитін толығымен жауып тастады. Одан кейін алпауыт «Майқайын алтын», «Анисимов ключ», «Met Miner», «АА Торговый Дом» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді сатып алып, кәдімдідей іріленді.

Біраз компанияны нарықтық бағасынан арзанға сатып алғандықтан, «АК Алтыналмас» АҚ қаржылық есептілігінде осы операциялардан 11 миллиард теңгеден астам кіріс классификацияланған.
Биыл да алпауыт өзінің басқа шағындау бәсекелестерін сатып алуы ғажап емес. Оған қаржылық мүмкіндігі жетеді. Компанияның өзінің түпкілікті бенефициарларын аудиттелген есептіліктерінде ашық көрсетіп жүрген жоқ. Бірақ нидерландық компания мен номиналды тұлға Анна Березинаның артына тығылса да, «АК Алтыналмас»-тың шын қожайындары Владимир Ким мен Эдуард Огай екені бізге мәлім.
Әйтпесе, «Алтыналмас» пен «Қазақмыс» арасында НЕГЕ тығыз қаржылық байланыс орнаған?» деген сұрақ туатыны заңды. Бір-бірімен байланысты болмаса, 2024 жылы «Алтыналмас« «Қазақмысқа» 68,3 миллион доллар қарыз берер ме еді?..