29 Желтоқсан 10:50
...

«Адам өмірінен қымбат нәрсе жоқ» – Халықаралық әуе компаниясының стюардессасы Руфина Ахметова

Ұшақ
Фото: NEGE.KZ

Технология дамып, қауіпсіздік күшейгеніне қарамастан, соңғы жылдары ұшақ апаттары жиілеп кетті. Күні кеше ғана Ақтау маңына құлаған ұшақ сөзімізге мысал. Ұшақ апатты жағдайда қонғанда не істеу керек? NEGE тілшісі араб әуе компаниясының стюардессасы Руфина Ахметовамен тілдесіп, қауіпсіздікке қатысты бірқатар сұрақ қойды.

– Руфина, ұшақта төтенше жағдай болып, апат кезінде қону керек болса, жолаушылар не істеуі керек?

– Мұндай жағдайда ең алдымен борт командирі мен стюардессаның нұсқауын орындау керек. Стюардессалардың нұсқауын орындамау – өміріңізге қауіп төндіретін үлкен қателік. Біз ұшақтың қай есігіненен шыққан дұрыс, қай жерде жарылыс қаупі бар, қандай есіктер бітеліп қалуы мүмкін, жолаушыларды қалай эвакуациялау керек екенін жақсы білеміз. Өйткені бұл біздің жұмысымыз. Осы жайттарды ескеру маңызды. 

Сондай-ақ, жолаушылар жиі жіберетін қателіктердің бірі – ауыр жүктерін алып кетуге тырысуы. Апатты жағдайда қонған кезде бұл эвакуация процесін баяулатып қана қоймайды, сонымен қатар басқа адамдардың жедел шығуын тежейді.

Мұндай жағдайда барлық заттарыңызды қалдырып, ұшақтан тезірек шығып кетуіңіз керек. Өйткені адам өмірінен қымбат нәрсе жоқ.

– Ұшақтағы ең қауіпсіз орындар қай жерде?

– Ұшақтағы ең қауіпсіз орындар – ортасы мен артқы жағында. Апат кезінде ұшақтың алдыңғы бөлігі көп зақымданады. Сонымен қатар, есіктерге жақын орналасқан орындар да қауіпсіз саналады. Бұл орындарға отырған жолаушылардың ұшақтан тезірек шығып кетуіне мүмкіндігі бар.

Ұшақ
Фото: NEGE.KZ

– Апат қаупі төнген кезде стюардессалардың атқаратын рөлі қандай?

– Қауіпсіздік тек стюардессалардың жұмысы емес, сонымен қатар әуе компаниясының жалпы мәдениеті. Компанияның қызметкерлерін үйретуге, тұрақты түрде оқытуға және қажетті жабдықтарды жиі тексеруге баулуы өте маңызды. Өз басым, стюардесса ретінде алты ай сайын қауіпсіздік және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша емтихан тапсырамын. Сондай-ақ біз әрбір рейс алдында қысқаша білім сынағынан өтеміз. Өйткені біз борттағы 400 жолаушының өміріне жауаптымыз.

Біз ертең не болатынын болжай алмайтын әлемде өмір сүріп жатырмыз. Тәжірибең мол болғанына қарамастан, әрбір рейс соңғы болуы әбден мүмкін. Мәселен, мен 6 жыл ішінде бірнеше қауіпті жағдайға тап болдым. Бірақ соған қарамастан, бұл менің жұмысым екенін түсінемін және жұмысыма үлкен жауапкершілікпен қараймын.

Ұшақ
Фото: Ғаламтордан

– Алты жыл ішінде естен кетпейтін қандай қауіпті жағдайға тап болдыңыз?

– Жаныңды шүберекке түйген әрбір сәт есте қалады. Бірақ мен үшін ең қауіпті рейс Брюссельден Дубайға ұшқан кезде болды. Бұл Араб Әмірліктерінде жауын-шашынды жасанды түрде жауғызатын маусым еді.

Мен алып Airbus 380 ұшағының 2-қабатының асханасында едім, ұшақ қатты шайқалып, ас үй жабдықтары, ыдыс-аяқ еденге құлай бастады. Тіпті аяқта тұру мүмкін емес болғандықтан, еденге отыра кеттік.

Сәтін салғанда шайқалыс тоқтады. Ешкім ауыр жарақат алған жоқ, бірақ кейбір стюардессалар құлап, жеңіл жарақат алды. Сондықтан ұшу кезінде қауіпсіздік белдіктерін міндетті түрде тағу керек, өйткені турбуленттілік оқыс басталып, салдары өте ауыр болуы мүмкін.

Автор: Зере НАРБЕКОВА