22 Тамыз 14:20

Ұлттық компанияларды есіркеу. Үкімет квазисектор бойынша нормадан НЕГЕ бас тартты?

Фото:

Қазақстан өз валюта режимін пандемияға дейінгі жағдайға қайтарды. Енді квазимемлекеттік компаниялар валюталық түсімдерінің 30 пайызын теңгеге айырбастау бойынша міндеттен құтылды. Бұл бір жағынан олардың өздерінің сыртқы қарыздарынан құтылуға дем берсе, екінші жағынан теңгені биржадағы баланстан айырып, ұлттық валюта бағамының құлдырауына әкеліп соғуы мүмкін.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі бұл шараны алғаш рет 2020 жылы сыртқы жағдайлардың нашарлауына байланысты қолданған еді. 2023 жылдың ақпан айында міндетті сату нормасы 75%-дан 50%-ға дейін, ал 2023 жылғы шілдеден бастап 50%-дан 30%-ға дейін төмендетілді», – дейді Үкімет мәлімдемесінде.

«Бұл шара 2020 жылы қабылданды. Сол кезде валюталық түсімдер болмай қалғандықтан теңгенің құлдырау тәуекелін тоқтату керек болды. Естеріңізге сала кетсек, ол кезде мұнай барреліне 30 долларға дейін төмендеді. Енді пандемия аяқталды. Бізге мұнай экспортынан қалыпты валюта ағыны келуде», – деп түсіндірді NEGE шолушысымен тілдескен қаржы сарапшысы Расул РЫСМАМБЕТОВ.

«Сонымен қатар, валюталық түсімдерді сатуға мәжбүрлеу енді нарыққа араласу деп саналуы мүмкін. Теңгені осы жолмен қолдауды жалғастыра беретін болсақ, валюталық түсім де шайылып кетеді. Ал ұлттық компаниялардың шетел алдында үлкен қарыздары бар. Облигациялар және тікелей несиелер бойынша үлкен төлемдердің барлығы валютада жүреді. Сондықтан валюталық түсімдер бойынша шешім қабылдауды ұлттық компаниялардың өзіне қайтарып беретін уақыт келді. Бұл төтенше, шұғыл шешім емес. Бұл кезінде қабылданған төтенше шешімнің күшін жою деп қарастыру керек»

Квазимемлекеттік секторға қолдау білдіре отырып, теңге бағамын құлдыратып алмаймыз ба? Осы сұрақтың да жаны бар. Ұлттық компаниялар бір салық аптасында шамамен 500 миллион долларды теңгеге айырбастайтын. Бізде бір жылда төрт үлкен салық аптасы бар екенін ескерсек, квазисектордың конверттеу көлемі жылына 2 миллиард доллар болады. Қазақстан Қор биржасы үшін бұл аз емес.

Ұлттық компаниялар шетелге 15,6 миллиард доллар қарыз. Оларға қарызды қайтару үшін валюта керек. Бұған дейінгі шектеулер қарызды мерзімінен бұрын өтеуге біршама кедергі келтіріп келген еді.

Онымен қатар, Үкімет бекіткен тәртіп бойынша, квазимемлекеттік сектор қарызы елдің ішкі жалпы өнімінің 21,2 пайызынан аспауы тиіс.

Үкімет ұлттық компаниялардың жағдайын ойлайды. Ал Ұлттық Банк қаржы секторының тұрақтылығы мен ұлттық валюта бағамына алаңдаулы. Жылына конверттелетін 2 миллиард доллар теңгеге қосымша деп беріп келген еді. Енді төл валюта ол қолдаудан айрылды. Демек, енді бәріміз биржадағы курсты мұқият бақылап отыруымыз керек.

Тегтер: