18 Қараша 17:18
...

Ұлықбек Есдәулет, Жазушылар одағының төрағасы: Тоқаев – халықаралық аренада мәртебеміз биік болуын қамтамасыз ете алатын тұлға

Фото:

Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет NEGE тілшісіне алдағы президент сайлауына байланысты түсініңтеме берді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілімін. Республикалық штабтың мүшесімін. Қазір сайлауға байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жазушылар одағы – Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияға кірді. Оның құрамында бірқатар қоғамдық ұйым бар. Таяуда республикалық штабпен бірге Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ адам Шығыс Қазақстан облысын аралап қайттық. Сондай-ақ Алматы қаласындағы қалалық штабтың ұсынысымен аудандардағы сайлаушылармен кездестік.

Алмалы, Түрксіб, Алатау ауданы жұртшылығымен, Құрманғазы атындағы оркестр, М.Әуезов атындағы театр ұжымымен жүздестік. Сонымен қоса Алатау ауданындағы Аналар орталығында, орта мектептерде өткен жылы кездесулерде сайлауалды бағдарламаны таныстырып, көптеген сауалға жауап бердік.

Тоқаевтың бағдарламасында көптің көкейінен шығатын тұс көп. Халықтың да ойынан шығады деген пікірдеміз. Әділетті Қазақстан, әділетті экономика, әділетті қоғам құру деген өркениет жолына түсуді көрсетеді. Бағдарламадағы алдағы жеті жылда қарастырылған, көзделген жоспар орындалатын болса, біздің республика кәдімгі дамудың жаңа жолына қадам басады. Дамудың белгілі бір сатысына көтерілетініміз анық. Өйткені, әділдік пен адалдық жүрген жерде таразының басы тең болады. Бұл Абайдың толық адам ілімін мемлекеттік идеологияға айналдырудың жолы. Адамгершіліктің, ізгіліктің жолы деп есептеймін. Дәл сондай мемлекет құра алсақ деймін. Соны құратындай ұсыныс сайлауалды бағдарламада тұр.

«Біздің еліміз жерүсті, жерасты байлыққа толы» деп мақтанамыз. Бірақ оның игілігін ат төбеліндей адамдар ғана пайдаланып, шетке қашып кетті. Енді мемлекет жемқорлықты түбегейлі тоқтатып, сыртқа кеткен қаржыны қайтаруға кіріспекші. Жердің әлі де игеретін байлығын ұрпаққа тең бөліп беру құптарлық. Ұлттық қорға түскен қаржының 50 пайызын жаңа туған баланың есепшотына 18 жасқа толғанша аударып тұру – үлкен жұмыс.

Алпауыттардың иелігіне кетіп қалған жерді қайтару керек. Ауылдар босап, қаңырап қалмауы тиіс. Білім мен ғылым да назардан тыс қалған жоқ. Ғылымы дамымаған мемлекет дами ма? Ғылымға көңіл бөліп, ұлттық кеңес құрам дегені құптарлық.

Президентіміздің әдебиетке деген көзқарасы жақсы. Жазушының баласы. Өзі алғысөзін жазып «Қазақ поэзиясының інжу-маржаны» деген антология шықты. Мұнда Абайдан бастап, Шахановқа дейінгінің бәрі қамтылды. Тоқаевты білімді, парасат-пайымы терең адам ретінде халықаралық аренада да мемлекетіміздің биік болуын қамтамасыз ете алатын тұлға деп білемін.     

Тегтер: