Мемлекет басшысы Астана күнімен құттықтады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған құттықтауында Астана күні мен Домбыра күнінің тұспа-тұс келуін ерекше мәнге ие символдық жағдай ретінде атады, деп хабарлайды Ақорда.
АСТАНА, NEGE. «Қазақтың қасиетті қара домбырасы — Ұлы даланың мыңжылдық мәдени мұрасының көрінісі. Ал еліміздің елордасы – Қазақстанның тұрақты дамуы мен болашаққа ұмтылысының жарқын белгісі», – деді Президент.
Тоқаевтың сөзінше, Астана бүгінде елдің қоғамдық, саяси және іскерлік орталығы ретінде маңызды рөл атқарады. Мұнда ұлт болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданып, озық идеялар мен ауқымды реформалар жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысы елорданың халықаралық аренадағы беделіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, Астана бүгінде Орталық Еуразияның жауһары ғана емес, жаһандық диалог пен бейбіт бастамалардың мекеніне айналған қала.
«Алдағы уақытта да Астанамыз Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды құру жолындағы жаңғыру істеріне бастамашы болады деп сенемін», – деді Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елорда тұрғындары мен бүкіл халықты мерекемен құттықтап, баршаға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.