17 Мамыр 16:52
...

ҰҚШҰ ұжым ретінде НЕГЕ ұйыса алмай отыр?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шартының ұйымының (ҰҚШҰ) мерейтойлық саммиті өтті. Оған басқа ел басшыларымен бірге біздің президент те қатысты.

Байқап отырсам, бірнеше елдің жетекшісі бас қосқан осынау іс-шара туралы ақпарат та біржақты: астан-кестең боп жатқан әлемдік геосаяси жағдаятты талқылаудан гөрі саммитті өткізіп жатқан елдің қожайынының қабағына қарау басымырақ көрінді.

Оның себебін көкірегі ояу, көзі ашық ағайын мен айтпасам да біліп отыр: ол – Украинаға қарсы Ресей ашқан соғыс факторы мен соған қатысты әлем жұртшылығының Кремльге қарсы кешенді бойкоты.

Фото: Ақорда

«Асылып өлген адамның үйінде жіп туралы сөз қозғамайды» демекші, ресми деректерге сүйенсек, бүкіләлемдік саясаттың күн тәртібінің басты мәселесі, яғни Украинадағы жағдай жабық режимде талқыланған. Ол да түсінікті: Украинаға қатысты әр елдің өз ұстанымы бар, ол пікірталасты ашық көрсетсе, ұйымның ұжым ретіндегі беделі айрандай төгіледі. Ондайды Ресейдің өзі де қаламаса керек.

Ең бастысы, ҰҚШҰ әскери күштерін сол соғысқа қатыстыру туралы мәселе тіпті талқыланбаған. Күн тәртібі алдын-ала келісілетінін ескерсек, бұл да – Ресейдің бір ұтылысы.

Мұның бәрін өз басым Ресей дипломатиясының үлкен жеңілісі және өз Тәуелсіздігі мен жер тұтастығы үшін соғысуға дайын постоветтік кеңістіктегі біз сияқты елдердің сыртқы саясаттағы жеңісі деп білемін.

Сонымен бірге, тұтас ұйым ретінде ҰҚШҰ-ның да ішкі ұйымшылдығы мен ауызбіршілігіне сызат түскен сықылды.

Фото: МК

Мәселен, бұған дейін БҰҰ аясында Украинадағы жағдайға қатысты қарарлар қабылданғанда ҰҚШҰ мүшелері әртүрлі позиция ұстанып, Ресей мен Беларусь оқшау қалғаны белгілі.

Осыны Лукашенко еске салып, «біз НАТО сияқты берік әрі бірізді көзқарас ұстансақ, дұрыс болар еді» деген сыңайда пікір білдіріпті. Оның бұл ұсынысын Путин ғана ашық қолдап, «халықаралық алаңда келісілген позиция ұстану қажет екенін» тағы да айтқан.

Бірақ туысқан, бауырлас (соңғы кезде қарулас) қос президентке қолдау танытқан өзге басшылар самитте бой көрсете қоймаған сияқты.

Мұны ҰҚШҰ ішіндегі идеялық және ұйымдық дағдарыс деп қабылдағанымыз жөн болар.

Оның есесіне, НАТО-ның үлғаюы, Швеция, Финляндия секілді бұрын нейтралитет ұстанып келген мемлекеттердің осы ұйым қатарына өтуге ниет танытып жатқаны әлем саясаты үшін үлкен жаңалық. Өйткені Финляндия Ресеймен тікелей шекаралас болса, Швеция Ресеймен теңіз арқылы байланысып жатыр.

Бұл дегеніңіз, Путиннің «НАТО әскерлері біздің шекарамызға жақындамауы керек» деген ұстанымының күл-талқаны шығады деген сөз. Және де НАТО елдерінің Украинаға жан-жақты қол ұшын беріп жатқанына қарағанда, бұл географиялық өзгерістің геосаяси салдары, сөзсіз, болады. Кремльдің «НАТО-ның кеңеюіне қатысты біз тиісті жауапты көп кешіктермейміз», – деп алдын-ала сес көрсетуі де біраз нәрсені аңғартса керек.

Фото: ғаламтордан

Әйтеуір, ертеңгі күні өз әскерлеріміз ҰҚШҰ деп, Ресейдің басқыншылық саясатының құрбаны боп жүрмесін!

Қалай болғанда да, Швеция мен Финляндияның НАТО-ға мүше болуға ниет танытуының басты себебі – Ресейдің аннексиялық, агрессиялық саясаты екені түсінікті, оны сол ел басшыларының өзі мәлемдеп отыр.

Осындайда атам қазақтың «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты» дегені еске түседі екен...

Путин өз сөзінде қаңтарда Қазақстанға ҰҚШҰ әскери контигентінің келіп, экстремистерге қарсы лайықты тойтарыс бергенін ерекше атап өтіпті. Осы сөз тым жиі қайталана беретін болды. Сонысы ұнамайды: әйтеуір, ертең бізге келіп, «судың да сұрауы бар» деп жүрмесін!

Бұл саммитте президентіміздің Ауғанстан мен Орталық Азия аумағындағы жаңа қауіп-қатерлерге қатысты білдірген алаңдаушылығына мен де қосыламын, өйткені Украинадағы соғыс бүкіләлемдік тренд боп кетті де, басқа аумақтардағы өзекті мәселелер назардан тыс қалып қойды. Президенттің өз сөзінде «ҰҚШҰ-ның бітімгершілік миссиясы» туралы баса айтуында да өзіндік мән бар: ҰҚШҰ-ны біртұтас әскери ұйым ретінде басқа мәселелер бойынша пайдаланғысы келетін күштерге берілген белгі деп санаймын.

Тегтер: