17 Шілде 19:41
...

«Перизат Қайрат қордың қаражатын үлкен ала сөмкелермен таситын» – Куәгер

Ала сөмке
Фото: ғаламтордан

Перизат Қайрат Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражатын, әр траншта шамамен 200 млн теңгені, үлкен ала сөмкелермен алып кетіп отырды, – деп мәлімдеді куәгер Әділхан Мусин сот отырысында.

Астана, NEGE. «Ақшаны Перизаттың өзі алып кететін. Ыңғайлы болуы үшін біз ақшаны сөмкелерге салып беретінбіз. Себебі банк оны буып-түйіп береді, ал әрі қарай оны тасымалдауға ыңғайлысы – кәдімгі Қытайдың ала сөмкелері. Сол сөмкелерді біз көлікке тиеп беретінбіз. Себебі олар ауыр болатын. Алғашқы транш бойынша, 2 немесе 3 жеке кәсіпкердің атына шамамен 200 млн теңге аударылды,», – деді Мүсін.

Оның айтуынша, Перизат Қайрат оған өзі хабарласып, қордың қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесуін сұраған. Себеп ретінде – киіз үйлер мен биодәретханаларды жеткізетін қытайлық компанияның банк аударымын қабылдаудан бас тартқанын айтқан.

«Сол кезде қытайлық кәсіпкерлерге қалай төлем жасау керек деген мәселе туындады. Тауарлар мен гуманитарлық көмекті Қазақстанға тез жеткізу керек болды. Перизаттың айтуынша, оларға ақша аудару үшін ресми шоттар керек болған. Мәселен, келісімшарт жасау үшін. Мен көмек көрсете алатынымды, таныстарымды тартатынымды айттым. Бұл іске сенімді адамдарымды, оның ішінде кейбір туыстарымды да қостым», – деді ол.

Мусиннің айтуынша, Перизат Қайрат оған гуманитарлық көмектің фото-видеосын көрсеткен, бірақ өзі тауар сатып алу процесіне тікелей қатыспаған.

«Біз бұл істің бәрі заң аясында жүреді деп ойладық. Қор келісімшарттар жасайды, жұмыс орындалады деп сендік. Кәсіпкерлерге ресми құжаттар беріледі деп күттік», – деді куәгер.

Сондай-ақ, ол ақшаны өзі алып, Перизат Қайратқа жеткізгенін растады.

«Нақты қанша рет, қанша сома болғанын есімде жоқ, бұл сәуір–мамыр айларында болды. Ақша менде жинақталып отырды, кейін мен оны жеткіздім. Ұмытпасам, бізде үш рет кездесу болды. Дәл сомасын айта алмаймын, бірақ орта есеппен әр жеке кәсіпкерлікке 70 млн теңгеден келген. Барлығы 12–13 жеке кәсіпкерлік болған сияқты», – деді Мусин.

2024 жылдың 17 шілдесінде сотта жауап берген барлық куәгерлер, ақша аударылған жеке кәсіпкерліктің иелері аталмыш қызмет үшін ешқандай сыйақы алмағандарын, тек қайырымдылық мақсатта көмектескендерін айтты.

«Егер бұл іс қайырымдылық, көмектесу үшін болмаса, ешкім мұндай тәуекелге бармас еді. Мен Әділханға (Мусин) құжат болуы керегін үнемі ескертіп отырдым. Жеке кәсіпкерлік өкілдері келісімшарттарға қол қойып, құжаттарды қорға тапсырды, бірақ өздеріне қайтып берілмеді», – деді куәгерлердің бірі.