13 Мамыр 14:04
...

Қауіп қайдан деме: Сыртқы кепілден ішкі кепіл НЕГЕ маңыздырақ?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Қаңтар қанды қырғынының бір тағылымы сол: төңкеріс қаупі төнген билікке ішкі және сыртқы кепілдіктер керек.

Ішкі кепілдіктер туралы бұдан бұрын да жазғанбыз: бір сөзбен қайырсам, авторитарлық билік кландар мен топтарға арқа сүйейді де, демократияық билік өз халқының қолдауына сенеді.

Сыртқы кепілдіктің не екенін қаңтарда шұғыл түрде ҰҚШҰ (ОДКБ) әскери контигентін шақыру кезінде сезіндік. Оның өзін сан-саққа жүгіртіп, небір жорамалдар жасап, бүге-шігесіне дейін талқылап тастадық. Бірақ та дәл осы шешім Тоқаевты ел ішіндегі жауларынан қорғап қалғаны да шындыққа жанасатын сияқты.

Назарбаевтың бақылауы мен қадағалуынан құтылған Тоқаев, әрине, бұрынғы кепілдіктерді қайта қарауға мәжбүр, өйткені елбасы факторы ресми түрде ойнамай қалды (бейресми түрде тұңғыш президент Гамлет көлеңкесі секілді әлі де сақтала беретінін бұрын жазғанбыз).

Н.Назарбаев. Фото: Коммерсантъ

Ішкі кепілдіктер туралы бөлек айта жатармыз, бүгін сыртқы кепілдіктер жайында жазайын. Және де кепілдік дегенде мен мемлекеттің Тәуелсіздігі, жер тұтастығынан гөрі жеке тұлға ретіндегі бүгінгі президенттің билікте қалу-қалмауының кепілдіктерін сөз етіп отырмын.

Алдымен Ресейді алайық. Жеті жарым мың шақырым ортақ шекарамыз, өз ішіміздегі көрші ұлттың факторы, солтүстік облыстардағы сепаратизм қаупі тұрғанда, біз бұл елдің ішкі саясатымызға ықпалын мүлдем жоққа шығара алмаймыз. Олар да бізді ұмытпай, біздегі билік транзитіне араласқысы келетіні түсінікті.

Бірақ, бұл күнде Кремль «токсичный» боп қалды. Бүкіл әлемді өзіне қарсы қойған Путинмен бұрынғыдай әмпәй-жәмпәй болып, тонның ішкі бауындай араласу – саяси этикетке томпақ.

Халықаралық алаңда қасықтап жиған абыройын ақпан айында шөміштеп төгіп тастаған ол тиімді кепіл бола ала ма? Бізге оның кепілі керек пе? Жауап мынадай: Ресей секілді мемлекеттің кепілі артық болмайды, бірақ жеке тұлға ретінде Путиннің кепілі кесірін тигізуі мүмкін.

Ердоған мен Тоқаев. Фото: АА

Кеше ғана президент Түркияға барып қайтты. Ердоған оны өте жылы қабылдапты, түркі туыстығы мен ынтымақтастығы жайында жақсы сөздер айтыпты. Дұрыс болған екен. Көптеген сарапшылар ол кездесулерді екі президенттің жеке достығы ретінде қабылдап, ұзақ мерзімді, 2024 жылдан асып түсетін болжамдар жасап тастапты.

Сөз жоқ, Түркияның әлеуеті мен соңғы кезде әлем саясатындағы белсенділігінің Қазақстан секілді туысқан елге келтірер пайдасы зор болуы мүмкін. Бірақ, басқа елдердегі президенттердің жиі ауысуын өз көзімен көрген мені бір сауал мазалайды: Путин де, Ердоған да (Сіз бен біздің тізімдегі басқа да президенттер де) кезінде Нұрсұлтан Назарбаевпен де дос болды емес пе?! Сол кезде берілген уәделер мен екеуара жасалған уағдаластықтар қайда?

Қазақстанмен қарым-қатынаста болған кез келген президент, ең алдымен, өз электоратының құлы, сондықтан олар өз елінің мүддесін басқалардан жоғары қояды. Сол себепті геосаяси ахуал тұрақсыз мына кезеңде басқа елді басқарған бір адамға толығымен сеніп қалу, өз еліңнің болашағын сол факторға теліп қою – аса қауіпті іс.

Судың да сұрауы болғандай, керек кезде келген көмек пен берілген кепілдіктердің де өз салмағы бар. Оның үстіне, саясатта, саудада достық бола қоймас.

Соңғы кезде Қазақстан басшысының Батыстың дамыған елдері жетекшілерімен байланысы сиреп кеткені де мені мазалайды. Еуроодақ, АҚШ, Жапония жақтан жылы хабарлар азайғандай. Әлде, пандемияның дипломатияға, ресми сапарларға тигізген әсері ме, кім білсін...

Фото: Reuters

Сол себепті, меніңше, сыртқы кепілдіктер туралы сөз болғанда, кем дегенде, үш нәрсені ескеру керек сияқты.

Біріншіден, кез келген президент – ең алдымен, институт. Сондықтан да объективті түрдегі мемлекетаралық қарым-қатынас субъективті түрдегі екі адам арасындағы қарым-қатынасты шатастырудың керегі жоқ.

Басшылар арасындағы қарым-қатынастың, әрине, орны бөлек. Мәселен, Брежнев пен Қонаевтың достығы және Назарбаев пен Кәрімовтің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылық үшін бәсекелестігін еске алайықшы.

Екіншіден, көп нәрсені жеке адам факторы шешкендіктен, ондай уағдаластықтар өзгеріп тұруы мүмкін. Сондықтан да ұжымдық тұрғыда, мәселен, халық сайлаған тұрақты орган – Парламентте сол саяси келісім шарттар бекітіліп қойғаны жөн. Сонда екі ел арасындағы кепілдіктер мейлінше тұрақты әрі өміршең болады: президенттер ауысса да, уағдаластықтар, келесі басшыларға мұра ретінде сақталып қалады.

Үшінші нәрсенің ішкі саяси астары бар: сыртқы кепілдіктердің маңызын жоққа шығара алмаспыз, бірақ мәселенің бәрі ең басты әрі шешуші ішкі кепілдікке келіп тіреледі. Оның аты – халықтың қолдауы.

Өз жұрты қолдаған кез келген басшы іштен және сырттан шыққан «сұр жыландарға» лайықты түрде төтеп беріп, бастарын қағып отырады.

Тегтер: