4 Желтоқсан 17:04
...

Мәжіліс отырыстары расымен «сценариймен» өте ме? Депутаттар жауабы

Гаухар Танашева
Фото: nege.kz

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева паламент отырыстары алдын ала дайындалған жоспар бойынша өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол «Азаттық» радиосына берген сұхбатында айтқан еді. 

Астана, NEGE. Гаухар Танашеваның айтуынша, Парламентте өтетін Үкімет сағатында кімнің сөйлейтіні және қанша депутат сұрақ қоятыны алдын ала анықталады. Министрлер үшін жауаптар да әзірленеді. Депутаттар өз сұрақтарын қоя алады, бірақ көбіне бекітілген 20–30 сұрақ қана қаралады. Уақыт артылған жағдайда ғана қосымша сұрақ қоюға мүмкіндік беріледі. 

«Мәжілісте бәрі сценарий бойынша өтеді. Әр үкімет сағатында кім сөйлейтіні, қанша адам сұрақ қоятыны – бәрі алдын ала бекітіледі. Депутаттарға сұрақ, министрлерге жауап алдын ала түсіріледі. Нәтижесінде «жақсы» отырыс өтіп жатқандай көрінеді», – деді Танашева. 

Оның бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Сондықтан Nege.kz редакциясы Танашеваның мәлімдемесіне қатысты қазіргі депутаттардың пікірін сұрады. Жауап берген депутаттар ешқандай шектеу де, алдын ала жазылған сценарий де жоқ екенін айтты.

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ҮНСІЗ ҚАЛМАДЫ

Депутат Ирина Смирнова «бұрынғы депутат» деген ұғымның жоқ екенін айтып, Гаухар Танашеваның әрдайым Мәжілістің сегізінші шақырылым депутаты болып саналатынын жеткізді. Оның айтуынша, Танашева көпбалалы отбасылар мен мұқтаж балалардың жағдайын жақсы білді және осы тақырыпта маңызды мәселелерді батыл көтерді.

«Ол көпбалалы отбасылар мен кедейшілік жағдайындағы балаларға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Бұл проблемаларды сырттай емес, өз басынан өткеріп, терең түсінді. Өзі он бір баланы тәрбиелеп отыр. Оның сегізі асырап алынған. Бір баласы ерекше күтімді қажет етеді. Бұған қарап оның үлкен жүректі, қайсар адам екенін көруге болады. Мен оның болашағы алда деп ойлаймын. Балалары өсіп, анасына қолдау көрсетіп келеді. Бірге мақсаттарына жете алады», – деді ол.

Ирина Смирнова
inbusiness.kz

Смирнованың айтуынша, әр депутаттың жұмысында дербестік бар, бірақ партия мүшесі болу белгілі бір ұстанымдар мен міндеттерді орындауды талап етеді. Дегенмен ешқашан біреуге «мына мәселені көтерме» деп тыйым салынбаған.

Ал депутат Нартай Аралбай Гаухар Танашеваны құрметтейтінін айтқанымен, оның мәлімдемесімен келіспейтінін жеткізді. Ол Мәжілісте әр депутат көтеретін мәселесін өзі таңдайтынын және сұрақтарын еркін қоя алатынын айтты. Ешқандай қысым да, тыйым да жоқ.

«Мен ол кісімен бірге жұмыс істедім және оны құрметтеймін. Алайда оның айтқандары шындыққа жанаспайды. Мен өңірлерді аралап, халықтың шағымын тыңдап барып, әр мәселені парламентте көтеремін. Осы уақытқа дейін ешқандай ескерту де, шектеу де болған жоқ. Ережеге сәйкес әр депутат өз сауалын еркін жеткізуі тиіс» – деді ол.

Нартай Аралбай
inbusiness.kz

Ал депутат Ерлан Сайыров бұрынғы әріптесінің айтқанына баға бере алмайтынын айтты. Алайда Мәжіліс отырыстарында қойылатын сұрақтарды алдын ала дайындау мүмкін емес дейді.

Ерлан Сайыров
tengrinews.kz

Оның сөзінше, сұрақтардың көпшілігі отырыс барысында немесе өңірлерге барып, халықпен кездескеннен кейін туындайды. Депутаттар халықтың мұң-мұқтажын үкіметке жеткізу үшін сол мәселелерді көтереді. 

«Жалпы отырыс кезінде министрлерге, вице-министрлерге, вице-премьерге және премьер-министрге қойылатын сұрақтардың көбі сол сәтте туындайды. Сондықтан оларды алдын ала дайындау мүмкін емес. Депутаттық сауалдардың басым бөлігі өңірлерге барып, халықпен кездесуден кейін қалыптасады. Ал депутаттың жұмысы нақты белгіленген тәртіпке негізделеді. Мәжіліс – саяси институт, сондықтан оның жұмысында регламент басты рөл атқарады», – деді Сайыров.

СЕНАТОРЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Сенаторлар да бұл мәселеге қатысты тіл қатты. Депутат Бибігүл Жексенбай ең әуелі сценарийдің не екенін түсіндірді.

«Сенат жұмысына ешқандай қысым да, шектеулі сценарий де тән емес. Отырыстағы «сценарий» дегеніміз – тек қаралатын заң жобалары мен депутаттық сауалдарға бөлінетін уақыт тәртібі. Бұл – белгіленген ереже. Регламент барлық жерде бар. Ал Гаухар Танашеваның мәлімдемесіне нақты пікір айта алмаймын. Ол өз ойын халықтың, ар-ожданының және әріптестерінің алдында өзі бағалайды. Сондықтан оның ұстанымы сондай болған шығар», – деді Жексенбай.

Бибігүл Нұрғалиқызы
inbusiness.kz

Сенатор Андрей Лукин де бұрынғы әріптесінің мәлімдемесіне пікір білдіре алмайтынын айтып, парламентте еркіндік бар екенін атап өтті.

«Парламент отырыстары белгілі бір тәртіппен өтеді. Бірақ бұл еркін пікір айтуға кедергі емес. Әр депутат өз ойын ашық әрі еркін түрде жеткізе алады», – деді сенатор.

Андрей Лукин
wikipedia.org

БЕРДЕНОВТІҢ КӨМЕКШІСІ «ШЫНДЫҚТЫ» АЙТТЫ

Бұрынғы мәжіліс депутаты Руслан Берденовтің көмекшісі Асхат Қыстаубаев та press.kz сайтына берген сұқбатында Мәжіліс депутаттарының жұмысы жайлы ашып айтты. Ол депутаттарға сұрақтар алдын ала дайындалатынын, ал депутаттық сауалдар палата басшылығымен келісілетінін жеткізді.

Оның сөзінше, депутаттар іссапарға шығатын кезде, бағытты көбіне қауіпсіз аймақтардан таңдайтын көрінеді. 

КОНТЕКСТ

Гаухар Танашева Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына еніп, Қазақстан Халық партиясының фракциясы атынан жұмыс істеді. Танашева бұл қызметін 2023 жылғы 28 наурыздан бастап атқарған. Алайда Қазақстан Халық партиясы Бюросының қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 14 қаңтарда оның депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Танашева депутат кезінде жанұя, әйелдер, балалар мәселелері мен көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау қажеттілігін туралы мәселерді жиі көтерді.