9 Мамыр 21:32

Конституцияңа қарай көсіл. Президент НЕГЕ Ата Заңды өзгертуге асығып жатыр?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Сонымен, бір айдан соң, яғни 5 маусымда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтетін болды.

Сөз жоқ, бұл ескі Қазақстанның бүкіл құбыжық болмысын анықтап келген 1995 жылы асығыс-үсігіс түрде өткізілген референдумда қабылданған Конституция екені ақиқат. Сондықтан да, президенттің Жаңа Қазақстан құру ісін Ата Заңнан бастауы, сөзсіз, қолдауға тұрар бастама.

Оның үстіне баспасөзде жарияланған нұсқада 30 жыл бойына үстемдік етіп келген суперпрезиденттік жүйенің авторитарлық белгілерін жоятын біршама игі жаңалықтар бар екенін және олар халықтың көңілінен шығып жатқанын мойындау керек (ол баптар туралы ресми БАҚ алақайлап жазып жатыр, оларды мен қайталамай-ақ қояйын).

Бірақ, ұсынылып отырған өзгерістер дұрыс болғанымен, толыққанды саяси реформа деуге келмейтін сияқты. Неге екенін таратып айтып көрейін.

Біріншіден, 2019 жылдан «қос билік» жағдайында билік жүргізуге мәжбүр болған Тоқаевқа түсіністікпен қарап келген халықтың кешегі Қаңтар қанды қырғынан кейінгі үміті мен талабы мүлдем басқаша. Бұрын Тоқаевтың түбегейлі реформаларды дереу қолға алмағанын көпшілік «елбасы факторымен» байланыстырса, жыл басынан ресми түрде билік толығымен Тоқаевтың қолына көшкені белгілі. Енді қоғам президентке бұрынғыша басқа жаққа (елбасына немесе биліктегі ықпалды кландарға) жалтақтау жараспайды деп санайды.

Ал конституциялық реформа – авторитарлық жүйеден шынайы демократиялық жүйеге көшу деген сөз.

Сондықтан да Конституцияға ертеңгі күні қайтадан авторитарлық жүйе қайтып орнатылмайтындай саяси-құқықтық кепілдіктер енгізілуі тиіс деп санаймын. Ол үшін билік тармақтарының тепе-теңдігін одан сайын дамытумен қатар судьялар мен барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды енгізу керек . Олай дейтін себебім, осы екі өкілеттік әзірше президенттің қолында, яғни барлық судьяны және облыс әкімдерін президент жеке-дара өз Жарлығымен тағайындайды. Суперпрезиденттіктің басты белгілерінің бірі осы емес пе?!

Екіншіден, Парламенттің өкілеттіктерін күшейтуге қатысты басқа да новеллаларды енгізуге болар еді. Әзірше ол тек қана нобай ретінде бой көрсетіп тұр. Мәселен, парламенттің үкімет жұмысын бақылауы, оны тиісті жағдайда толық құрамымен отставкаға жібере алатындай мүмкіндігі болғаны абзал. Қоғамда боп тұратын резонансты оқиғаларды, соның ішінде жоғары лауазымды тұлғалардың жемқорлығына қатысты ақпаратты жан-жақты әрі әділ тексеру үшін арнайы парламенттік комиссиялар құру құқы да Конституцияда жазылса, артық болмас еді.

Үшіншіден, қазақ тілі мен орыс тілінің арасындағы бітпей жатқан дау-дамайдың түпкі негізі де бүгінгі Конституцияда. Референдумның саяси салмағын пайдаланып, осы мәселені де түпкілікті шешіп алуға болар еді. Ресейдің басқыншылық саясат жүргізіп, өз қандасына қарсы соғыс ашып, неоимпериялық пиғылын бүкіл әлемге паш етіп, әбден масқара боп, халықаралық деңгейдегі мүшкіл халін саяси тұрғыдан неге пайдаланбасқа?

Төртіншіден, Конституцияға қатысты әртүрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Ішінде «анадай бар, мынадай бар» дегендей. Плюралистік қоғамның барлық бөліктерінің өзгертулерін бірдей құба-құп қабылдау мүмкін емес шығар. «Оппозиция тек сынауға ғана шебер, нақты ұсыныстары жоқ» деушілерге айтарым бар. Өзім басшылығындағы болған екі ұйым - РНПК партиясы және «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы – 1999 және 2006 жылдары жаңа, демократиялық Конституция жобаларын әзірлеп, елге ұсынған.

Назарбаев тұсында қабылдануы мүмкін болмаған ол жобалар Тоқаев тұсында жарап қалады-ау деп ойлаймын. Неге сол құжаттарды қайта қарамасқа?

Ең бастысы – ол екі жоба мықты заңгерлер мен нағыз демократтардың күш біріктіріп, дайындаған еңбектері, жан-жақты талқылаудан өткен құқықтық және өркениеттік тұрғыдан алғанда мінсіз туындылар. Және де Қазақстанда шын мәніндегі халық билігін орнатудың нақты әрі тиімді механизмдерін қарастырған дүниелер.

Бесіншіден, кезінде саяси конъюнктуралық себеппен қабылданып қойған, бүгінгі қоғамдық саяси ахуалға мүлдем жараспайтын «Нұр-Сұлтан» атауын да «Астанаға» ауыстырудың реьі келіп тұр. Өйткені, бас қаламыздың аты да – конституциялық мәселе.

Алтыншыдан, референдум – бүкіл халық өз таңдауын жасайтын плебисциттің бір формасы, оның барысында оған қатысушылардың даусы есептеледі. Есептейтін кімдер? Сол баяғы «нұротандық», ғафу етіңіздер,  бүгінде «аманаттық» бюджет мекемелерінің қызметкерлері. Яғни, әкімдер мен басшыларының, директорлар мен бас дәрігерлердің айтқанынан шыға алмайтын ағайын. Олардың қалай дауыс санайтынын, протоколдарды қалай толтыратынын білеміз ғой.

Сондықтан референдум алдында сайлау комиссияларының құрамын да демократия талаптарына сай қайта жасақтап алу керек еді.

Әйтпесе, ертең референдум қорытындыларын халық қана емес, Тоқаевтың ішкі және сыртқы жаулары да мойындамай қоюы мүмкін. Бетін аулақ қылсын,  бірақ оның өзі кешегі Қаңтар қынды қырғынын қайталануына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

Референдум қарсаңында қоғамдық ойды біршама бағыттап, оған деген оң көзқарас қалыптастыру жолында белгілі бір саяси технологиялық тәсіл қолданды деп ойлаймын.

Ол үшін арнайы ақпараттық нысан табыла қалды. Оның аты... тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев боп шықты.

Мәселенің мәнісі мынада. Алдымен, Конституцияда Назарбаевқа қатысты бұдан бұрын енгізілген бап сақталып қалатыны туралы хабар кеңінен таратылды. Оны естіген жұрт дүрлігіп, бұрын-соңды болмаған антиелбасылық наразылық пен белсенділік танытты.

Осындай реакция болатынын алдын-ала білген билік Конституцияға енгізілгелі тұрған өзгерістерге деген елдің басты назарын соған аударып жіберді. Бұл да саяси технология әдісі болды.

Сөйтіп, халық қарсылығын ескерген сыңай танытып, бұл мәселеде халық ойымен санасқандай болып, Назарбаевқа қатысты бапты Ата Заңнан алынып тасталатынын мәлімдеді. Мұны естіген жұрт алақайлап, жобаның басқа баптарын көп мән бермей қалды десе де, болады.

Міне, «осындай авторитарлық бабы алып тасталған Конституцияны қолдамағанда, не істейсіздер енді?» деп, электоратты үгіттеуге кірісіп те кетті. Кәсіби дипломат, жеті рет өлшеп, бір пішуді дағдыға айналдырған президент Тоқаев осы жолы асығып жатыр.

Неге екенін 5 маусымнан кейін білетін шығармыз деп ойлаймын...

Тегтер: