11 Мамыр 19:36
...

Айдос Сарым: Түркиямен арада жабық шешімдер болуы да мүмкін

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапары аяқталды. Түркия қазақ елінің басшысын қошеметпен, асқан қонақжайлылықпен, туысқанша қарсы алды.

Сапар барысында Қазақстан-Түркия қарым-қатынасын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру туралы келісімге қол жеткізілді. Түрлі сала бойынша ынтымақтастықты нығайта түсетін бірқатар маңызды үкіметаралық келісімдерге қол қойылған.  

Nege.kz порталына берген сұхбатында Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің өкілі Айдос Сарым Түркия сапарының астарына үңілді.  

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапары бұл жолы ерекше болды десек, қателеспейміз. Бүкіл министрлік өкілдері келіссөздерге қатысу үстінде. Мұны қазіргі геосаяси ахуал тудырған келеңсіздіктерді еңсеруге бағытталған шара деп қабылдауға бола ма?

– Бұл жерде бір нәрсені ескеруіміз керек. Бұл ­– Президенттің ресми және мемлекеттік іс-сапары. Мемлекетаралық қарым-қатынастағы ең жоғары, биік мәртебелі сапар болып есептеледі. Қарсы алудан бастап оған кіретін барлық шараларға дейін ауқымды.

Бұл сапарға бүкіл министрліктердің өкілдері де қатысып жатыр. Арасында инвестициялық форумдар өтуде. Ең мықты деген кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылу үстінде. Кеше-бүгін кеңейтілген форматта келіссөздер жүрді. Кешегі өзара ынтымақтастық туралы келісім аясында әр министр өздерінің әріптестерімен жеке дара жұмыс істеуде.

– Сіздіңше, бұл сапардың ең маңыздысы тұсы қайсы? 

– Басты мәселе – өткен жылдан бастап жүзеге аса бастаған Түркі бірлігі ұйымын дамыту. Геосаяси ахуал күрделеніп кеткен кезеңде, жақында транскаспийлік, транскавказдық дәліздер туралы үкіметтік шешімдер қабылданған болатын.

Яғни, мұнайымыз бен газымыздың, басқа да тауарларымыздың Ресей және Украина арқылы өту мүмкіндігі шектелген тұста жаңа маршруттар салуға басымдық беріліп отыр.

Қойылып жатқан талаптарды да өте амбициялық талаптар деп айтуға болады. Өйткені, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы бес миллиард доллар болса, мұны екі есе арттыру қарастырылып отыр.

– Ердоғанның өзі мұны баса көрсеткен жоқ па?

– Иә, солай. Десе де, мұны екі тарап та айтып жатыр. Мұны іске асыру үшін күш салып, тер төгу керек. Бизнестің өзара сенімі керек. Бүгін өте үлкен ұсыныстар айтылды. Мәселен, Каспийдің жағасында мықты түркі қонақ үйлерінің тізбегін салу, басқа да осы тақылеттес ірі инвестициялық жобалардың таныстырылымы болды.

– Бұрын түркі елдерімен бизнесті айтпағанда, тек қана тарихи, мәдени, гуманитарлық салада қарым-қатынас жасалып келді. Әскери, қауіпсіздік мәселелер туралы сөз қозғалмайтын еді. Енді үлкен бетбұрыс бар секілді ме, қалай?

– Қарабақ соғысынан бері әскери-техникалық қарым-қатынас жақсарып келе жатыр. Менің білуімше, мұның бірнеше бағыты бар.

Біріншісі – үлкен стратегиялық алмасу. Страгиялық және барлау ақпаратымен алмасу болды. Әскери-техникалық қарым-қатынас деген болды.

Қазақстанда Түркияның технологияларын пайдаланып, өзіміздің әскери кешендерді жаңартcақ, өзіміздің кәсіпорындарға тапсырыс беретін болсақ, бұл – үлкен жетістік.

Оның үстіне бұл көрші елдің монополиясынан құтылудың да бір жолына айналар еді.

– Осы сапар барысында да әскери ынтымақтастық туралы келелі әңгіме болған тәрізді. Түркияның аңызға айналған заманауи қаруларына қол жеткізу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл да кездесудің нәтижелі болғанын көрсете ме?

– Кешеден бері қол қойылған келісім шарттарды қарасаңыз, көбісі әскери, ақпараттық және ақпаратпен алмасу тұрғысында. Бұл да екі ел арасындағы ынтымақтастың жаңа деңгейге жеткенінің көрсеткіші.

Әскери техника, ақпарат алмасу да аса маңызды. Бүгінгі заманда соғыстың қалай өзгергенін көріп отырмыз. Мені қызықтырып отырғаны, әсіресе, «Байрактар» сияқты ұшқышсыз ұшатын аппараттар. Олар – Қарабақ және Украинадағы соғыс кезінде өзін жақсы қырынан көрсеткен технологиялық қарулар.

Пилотсыз ұшатын аппарат ANKA.

Сонымен қатар ақпараттық та мәселе бар. Бүгінде соғыстар ақпараттық тұрғыдан да жүріп жатыр. Жаңа контенттің болуы, жаңа технологиялардың келуі, менеджмент мәселесі және басқа да дүниелер бар. Сөзсіз, бұл тұрғыдан Түркияның жетістігі мол. Олар Қазақстанға келетін болса, бұл жайында екіжақты келіссөздер ұйымдастыратын болса, біз үшін үлкен пайда болар еді деп ойлаймын.

– Түркия ­– әскери қуаты жағынан күшті ел. Десе де, баса назар аударатын, қызықтыратын қыры неде?

– Қазақстандық әскерлерді Түркияда дайындаған да тиімді секілді. Қанша дегенмен, Түркия – НАТО-ның ішіндегі АҚШ-тан кейінгі ең үлкен армиясы бар ел. Оның әскери дайындығы, мығымдығы, әскери жағдайда өзін-өзі дәлелдеген технологиясы мен әдістемесі бізді қатты қызықтыруы тиіс. Бәлкім, бұл туралы жабық шешімдер де болатын шығар.

– Ердоған Қазақстанның аумақтық тұтастығы, қауіпсіздігі үшін де аянбайтынын айтып қалды. Бұл да Қазақстанға деген Түркияның бауырлық, туыстық қатынасының көрінісі ме?

– Түбі Түркияның қандай көмек болса да көрсетуге әзірміз деген мәлімдемесі біз үшін аса маңызды.

Түркияның салмағы, Ресейдің Түркия бизнесіне тәуелділігі біздің үлкен мақсаттағы қауіпсіздігіміздің бір кепілдігі деп айтуға болады.

Түркия соңғы жылдары жеке-дара дербес саясат жүргізіп отыр. Көптеген мәселелерде өзінің саяси және геосаяси амбицияларын айқын танытып келе жатыр. Еуропадан және НАТО-дан бөлек әңгіме айтып жүр. Нақты істерге бара алатынын дәлелдеп те келеді. Ресеймен қанша жерден стратегиялық әріптес болса да, Украинаға қатысты ұстанымынан таймайтын, өзіндік философиясы мен сыртқы саясатын паш етіп келе жатқан аймақтық үлкен держава деп айтуға болады.

Түркия өз өңірінде ғана емес, Кавказ аумағында, Орталық Азия мен Түркі әлеміндегі өзінің рөлін дәлелдемек. Сол үшін қажыр қайратын, қуатын жұмсауға әзір. Сондықтан мұны тарихи мәлімдеме деп айтуға да болады.

Біз осы уақытқа дейін «Түркия тек мұсылман әлемінде ғана белсенділік танытып келеді, Орталық Азияға қызығушылығы төмендеп кетті» деп айыптап келдік. Енді сол сөздердің бәрін жоққа шығарып жатыр.

– Еуроодақтың тарихына үңілсек, бәрін темір мен көмірден бастаған. Енді барлық жағынан жұдырық болып жұмылып, іргелі одақтың  шаңырағын көтерді. Бұл сапар соңғы кездері жиі айтылып жүрген Тұран одағының алғашқы кірпіштерінің бірі болуы мүмкін бе?

– Кез келген бірлестік рухани, тілдік, тарихи бірлестіктен бастау алады. Еуроодақ ­– христиандық әлемнің елдері. Тілдері, мәдениеті жақын. Сондықтан бірігуі жеңіл болды. Ол жердегі ортақ мүдде ­– Еуропада соғысты болдырмау еді.

Қазақстанның Орта Азия елдерімен және Түркиямен бірлестігі рухани, тарихи мәселелерден асып, жаңа деңгейге жететін кезеңге де келген сияқты.

Орталық Азияда да үлкен проблемалар бар. Су мәселесі, шекара мәселесі және тағы да басқалар. Түркияға келетін болсақ, үлкен геосаяси мүдделері бар.

Шынын айту керек, Түркиямен сауда көлемі көңіл көншітпейді. Ал потенциалы өте үлкен. Сондықтан осы жайтты пайдаланып, Түркиямен бірлесе жұмыс істеп, осы елдің қуаты мен мүмкіндіктерін өз қауіпсіздігімізді нығайту үшін пайдалануымыз керек.

Осы уақытқа дейін біз 1994 жылғы Будапешт меморандумын қалқан етіп келдік. Украинадағы жағдай ол құжаттың күші жоқ екенін көрсетіп отыр. Сондықтан бізге бес-он жыл дипломатиялық белсенділік қажет сияқты. Ядролық қаруы бар державалармен жеке дара келісім шарт жасасып, қауіпсіздігімізге кепіл болатын мемлекеттердің санын қайта жасақтау ләзім.

Сөзсіз, Түркия мұның бастауы болуы тиіс. Өйткені, қанымыз, дініміз, діліміз, тарихымыз жақын. Кез келген қазақ Түркияға барып, екі-үш күннің ішінде тілін жаттықтырып, емін-еркін жүре беретін жағдайы бар. Өз басым, басқа шетелде бір бөлек, Түркияда бір бөлек сезінемін.

Түркиямен жақындығымызды паш етіп, кез келген тірлікке қайта жан бітіруіміз керек. Әсіресе, жаңа құрылған Түркі мемлекеттерінің одағын сауда, геосаясат мәселесінде флагман ұйым етіп, дұрыс пайдаға асырған жөн.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет.

Тегтер: