11 Маусым 14:48
...

«Үкімет пен біздің арамызда кикілжіңдер бар...» – Мәжіліс депутаты Айдос Сарым

Депутат
Фото: ғаламтордан

Ел көзіне түсе бермесе де, мемлекеттік басқару саласында түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Соңғы кездері мемлекеттік органдар қабылдайтын заң жобалары мен шешімдерінің ашықтығы, бюрократиядан арылу, мемлекеттік аппараттағы, сот жүйесіндегі мазмұндық реформалар күн тәртібінен түскен емес.

Кейде өмірімізді түбегейлі өзгертетін жаңалықтар елеусіз қалып жататыны бар. Ақпараттық технологиялардың жетістіктері қағазбастылықтан, талай табалдырықтарды тоздырудан құтқарып, уақытымызды үнемдеп жатқанына қазір көп мән бермейтін де болдық.

NEGE осы өзгерістердің қалай іске асып жатқаны, егжей-тегжейі жайында Мәжіліс депутаты Айдос Сарымнан сыр суыртпақтап көрді.

– Мемлекеттік органдар қабылдайтын заң жобалары мен шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету туралы ұдайы сөз болады. Депутат ретінде ілгерілеушілік байқай алдыңыз ба?

– Ілгерілеу бар. Заңның талаптары бойынша мемлекеттік органдар өздері қабылдайтын немесе ұсынатын заң жобаларының нұсқаларын, шешімдерін сайттарында жариялауға міндетті. Қабылданатын құқықтық нормативтік актілерді, яғни Президенттің жарлықтарын, үкіметтің қаулыларын, бұйрықтарын да ашық жария етуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, ашықтық бар.

Президент
Фото: ғаламтордан

– Осы бағытта қандай кемшіліктер бар? Бастысын атап бере аласыз ба?

– Өкінішке қарай, бұған қызығушылық танытып отырған топтар некен-саяқ. Дәрежесі солай ма, басқа ма, әйтеуір қоғамда керітартпа дүниелер бар сияқты. Мысалы, қоғамға түк қатысы жоқ, ешқандай нәтиже бермейтін мәселелер басымдық алып кетеді. Шын мәнінде, қоғамды қызықтыратын бюджет, оның барысы және бағыты назардан тыс қалып қояды. Бұл – өте өкінішті жайт.

– Президент Тоқаев: «Ең маңызды мәселелер бойынша сапалы заңдарды тез қабылдау үшін қажетті жағдайлар жасалған. Алайда, мойындау керек, шынайы бюрократиясыздандыру болған жоқ. Үкімет бюрократия мен ведомстволар арасындағы, Үкімет пен Президент әкімшілігі арасындағы көптеген келісімдерге сәйкес келетін маңызды шешімдерді қабылдаудан бас тартады», деп сын айтқан еді. Президент сынынан кейін жағдай өзгерді ме?

– Бюджеттік және заңдық мәселелерге араласамын дейтін топтарға заңдық мүмкіндіктер берілген. Мәселе «бұған қоғам қаншалықты дайын?» деген сауалда. Менің білетінім, жыл сайын үкіметтің, Жоғары аудиторлық палатаның есебі және тағы да басқа құжаттар келеді. Атышулы деген заңдар бар. Лудомания және тағы да басқалар. Соларға қатысты Мәжілістегі отырыстардың қаралымы әрі кетсе екі мыңға жетеді. Одан артық болмайды.

Оқи отырыңыз: 87,7 млрд теңге! Өзіңді өзің аяма, басқалар жанынан түңілсін...

Бірақ одан да маңызды, әр қазақтың мүддесіне қатысты дүниелер назардан тыс қалып жатады. Бұл – парламенттің емес, қоғамның кінәсі. Біздің қоғамда сараптық пікір, сараптық ой жетіспейді. Үкіметтің сараптық ойларына қарама-қайшы, балама пікірлер жоқтың қасы.

Депутат
Фото: ғаламтордан

Бұған ешкім ренжімесін. Осында менің өзім жақсы көретін бауырларым бар. Солардың талайына үкіметпен байланыс орнатуға жағдай жасадым. Елден неше түрлі жігіттер келеді. Ауыздарын толтырып, «қырамыз, жоямыз» деп құлшынып келеді. Үкімет азаматтарымен отырып, пікірталастырған кезде дәйектері таусылып, бес-он сөйлемнен кейін тауы шағылып, бұл мәселеге болашақта қайта араласпайтындай болғанын өз көзіммен көрдім.

– Нақты шаралар жоқ емес. Мемлекеттік аппаратта шешімдер қабылдауды жеделдетіліп, құжат айналымы мен есептілікті қысқартылып, мемлекеттік органдарға шамадан тыс нақтылаусыз нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығы берілетін болады. Бұдан басқа да бірқатар шаралар жасалып жатыр. Нәтижесі қалай болады? Тұрғындарға пайдасы бола ма?

– Пайдасы шаш етектен. Көп мәселеде депутаттар қоғамның сөзін, пікірін жеткізіп жатады. Мысалы, үкіметтің адамдары: «Мына дүние бұрын да болған, қазір де бар. Халыққа қызмет көрсету орталығы аясында мұны шешіп тастағанбыз. Сондықтан заңға кіргізу қаншалықты орынды? Қарапайым өмір-тіршілігіміздің, болмысымыздың бір бөлігіне айналып кеткен нәрсе», – дейді. Осы сияқты дүниелер өте көп. Кейде депутаттар да сөзден ұтылып жатады.

– Электронды үкімет деген бар. Халық бұдан біршама хабардар. Қолданып та жүр. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Электронды Парламент» жобасын ұсынып отыр. Бұл жаңашылдық не береді?

– Мен мұның не екенін білмеймін. Бізде заң бойынша Парламент біреу ғана. Халық сайлаған Парламент. Оған қосымша жасаудың қажеті жоқ. Парламенттің бүкіл жүйесі ашық. Кез келген адамның парламентте қандай заң, қандай жағдайда қабылданып жатқаны, кім өзгеріс ұсынып жатқаны туралы ақпараттарға толыққанды қол жеткізу мүмкіндігі бар.

Бұл жерде бір ғана жайтты ескеру керек. Үкімет пен біздің арамызда кикілжіңдер болып жатыр. Біздің үкіметті бақылауға, қадағалауға қатысты ұсыныстарымыз бар. Кейбір кездері бұл әсіре нәрсе болып көрінуі де мүмкін. Десе де, бұл біздің құлшынысымыздың бір ишараты, көрінісі шығар деп ойлаймын.

Мәжіліс
Фото: ғаламтордан

Бір білетінім, елімізде жұмысы ашық орган болса, ол – Парламент. Біздің жұмысымыздың 95 пайызы ашық түрде, тікелей эфирден көрсетіліп жатыр. Біздің ғана комитеттің жұмысы жабық өтетін болар. Өйткені, біз – Қорғаныс комитетіміз. Онда құпия деректер айтылады. Бірақ қалған комитеттердің жұмысы ашық.

Мен кейде таң қаламын. Біздің журналистер пленарлық отырыстардың ғана суретін көреді де: «Неге 90 депутаттың 85-і ғана дауыс берді», – деп әңгіме айта бастайды. Оны түсіну үшін заң парламентке қалай кіргеннен бастап қадағалау керек. Дау-дамайдың қалай өткенін байқасаңыз, мұндай сұрақ тумас еді.

– Германияда заң қабылданып жатқан кезде кез келген мүдделі адамдар театрға баратындай билет алып, тамашалап, көзбен көруге құқығы бар. Мұндай мүмкіндік бар ма бізде?

– Парламентке экскурсия жасалады. Оның ішінде оқушылар, курсанттар, басқа да азаматтар бар. Құдай қаласа, оған да жетеміз. Бірақ, шыны керек, Мәжілістің залына әрі кетсе, сырттан келетін жиырма адам ғана сиятын шығар. Өйткені, бір министрлік есеп беруге келсе, оның қызметкерлері қатысса, залымыз созылып кетеді. Жиырма орындық балкон ғана бар. Оған ешкім сыймайды.

Президенттің қос палатаның отырысы өтетін залды Мәжіліс залы етіп, ортақ отырыстар үшін бөлек зал жасау керек деген бір тапсырмасы бар. Соны күтіп отырмыз. Бәлкім, содан кейін қазіргіден көп адамды шақыруға да, тартуға да, әңгімеге араластыруға да мүмкін болатын шығар.

– Сот жүйесiнде мазмұндық реформалар жүріп жатыр. Адамның құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуында қандай өзгерістер бар?

– Осы реформалардың басы қасында жүріп, дауыс берген адаммын. Бәріне болмаса да, көбіне. Сондықтан, бір сөзбен айтқанда, қолдаймын.

– Сұхбатыңызға рақмет!