«Тоқылдақтың тәубасы» немесе Тоқаевқа оппозиция НЕГЕ қажет?
Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін
Кез келген саяси өзгерістің моральдық астары, яғни адамгершіліктің ізгі (немесе басқа да) қасиеттеріне қатысты тұстары болады. 5 қаңтардан кейін екінші президент Тоқаев тұңғыш президент Назарбаевқа қатысты сын айтуы мұң еді, бұрыннан осы сигналды күтіп отырғандай, бұған дейін елбасын мақтап-мадақтап келген кейбір қайраткерлер, 30 жылғы ұйқысынан оянып, қып-қызыл «антиназарбаевшыл» боп шыға келді.
«Жау кеткен соң қылышыңды б...қа шап», «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды»…
Атам қазақтың осы екі сөзі қазірде қызып тұрған саяси ахуалға дәлме-дәл әрі дөп келетін сияқты.
Жә, бәрі бірдей билікте отырған кезінде Назарбаевтың бетіне сын айтудан тайсалмаған оппозиция болуы шарт емес шығар. Ағынан жарылудың осындай түрлері болатынын көреген қазағым баяғыда-ақ біліп, «ештен кеш жақсы» деп тағы да айтып тастаған.
Фото: ТАСС
Не болса да, тағынан тайған елбасы мен оның маңайында болып, азуын айға білеген ықпалды тұлғалар жайында шындықты айта бастағандарды аса қатты жазғырмайық: олардың «уаһилері» жалпы саяси процесс үшін, қоғам мен биліктің шын мәнінде жаңаруы, қылмыстар мен кемшіліктерден, күнәлар мен кінәлардан, күдіктер мен күмәндардан біржолата арылуы үшін ауадай қажет.
Әсіресе, Назарбаев тұсындағы экономиканың компрадорлық сипатқа ие болып, халық меншігінің талан-таражға түсуі, режимнің саяси қарсыластарын өлтіру, соттау, қудалауына қатысты бар шындық айтылуы тиіс!
Бірақ осы орайда мені мына нәрселер алаңдатады.
Біріншіден, нақты тұлға немесе оқиға туралы өзінің жеке көзқарасын жеткізіп жатқандардың сөзіне жүз процент сенуге бола ма?
Иә, 30 жыл бойына айтылмай келген атышулы оқиғалар туралы әңгімелер елді ерекше қызықтырады. Және де ол қиссаларды белгілі тұлғалардың атын атап, тұздықтап қойса, ондай сұқбаттар мен посттар дем арасында сан мыңдаған оқырман жинап алады. Скандал мен сенсацияның тасы өрге домалап тұрған кез емес пе?!
Коллаж: ғаламтордан
Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында: қарап отырсам, режимнің қылмысын әшкерелегісі келіп, кенеттен биліктің сыншысына айналған олар өзгені кінәлайды да... өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсеткісі келеді: бәрі иманы бетінен үзілген бейкүнә, шетінен періште! Және де осындай ащы шындықты өмір бойы айта алмай, іштен тынып жүр екен! Неткен шыдамдылық десеңізші!
Өз басым тоқылдақтың тәубасы тақылеттес ол сөздерге сене бермеймін. Не болса да, ол «қаһарман кейіпкерлердің» осылай қайта құбылуында бір гәп бар.
Сол үшін айыпталып жатқан қарсы жақтың да уәжін тыңдап, мәселенің анық-қанығына жету керек сияқты: біржақтылық жақсылыққа апармайды.
-
Тақырыпқа орай: «Нұр Отан» – «Аманат»: Аты өзгерді, заты өзгере ме?
Екіншіден, нақты тұлғаны қаралайтын компромат жариялануы елдегі саяси транзит кезінде толастамай, әбден ушығып бара жатқан кланаралық қиян-кескі қырқыстың көрінісі де болуы ықтимал.
Өйткені, бұл жүйенің биігінде жүріп, кіршіксіз таза болу мүмкін емес екенін бәріміз түсінеміз. Кезінде бір беделді ағамыз: «Назарбаев өзі жоғары қызметке шақырған кез келген адамға компромат тауып, былғап алады, әйтеуір, не болса да, кім болса да құйрығына қоңырау байлап қояды», – деген болатын.
Фото: ғаламтордан
Ал мынау жаңадан пайда болған «сыншылар» бір шендіні жерден алып, жерге салса, келесі бірін жер-көкке сыйғызбай, төбесіне көтереді. Ондайда бір топтың не біреудің сойылын соғып жатқаны көзге ұрып тұрады-ақ.
Үшіншіден, Назарбаевқа жақындығын пайдаланып, ойына келгенін істеп, әбден былыққа батқан тұлғаларды әшкерелегенмен, жалпы жүйені өзгертпесек, біз енді Тоқаев тұсында «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» боп қабылданатын жаңа элитасымақты қолдан жасап алмаймыз ба?
Байқап отырсақ, шынымен де сондай бір теріс тенденция орнығып келе жатқан сияқты: президенттің өз маңайы, өз сарайы, өз жағымпаздары, өз фанаттары қалыптасып келе жатқан сықылды.
Маған, әсіресе, президенттің өзіне сын айтып жүрген оппозициядағы тұлғаларға қатысты сөздері ұнамайды: олардың бәрі шетелге қашып кеткен жоқ, олардың бәрі бүлікшіл емес! Олардың ішінде мемлекетшіл тұлғалар аз емес!
-
Тақырыпқа орай: Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдау жасайды
Төртіншіден, осынау тенденция тек қана біреулердің дау-дамайлы, айды аспанға бір-ақ шығарған сұхбаттарында ғана емес, құқықтық органдар тарапынан нақты тұлғаларға ауыр айыптар тағылып, оларға қарсы қылмыстық істер қозғауда өз жалғасын табуда.
Біз болсақ, полиция, прокуратура, сот қандай екенін білеміз: оларға о бастан сенім жоқ! Бүгінде басшылары ауысқанымен олар атқарушы биліктің ықпалынан шыға алмай келеді, оған тікелей бағынышты: кез келген тапсырманы орындауға әзір. Бірақ, көзбен көрген – анық, құлақпен естіген – танық. Сондықтан да күштеу, жазалау органдарының қызметіне түбегейлі реформа қажет: олар кланаралық немесе саяси тартыстың құралы болуды доғаруы тиіс!
Коллаж: ғаламтордан
Аузы күйген үріп ішеді. Олай болса, не істеу керек?
Бір жүйенің орнына аты өзгерсе де, заты сондай боп қалатын жүйе жасамаудың жалғыз ғана жолы бар.
Оның аты – демократия! Яғни, президенттен бастап кез келген лауазым иесіне балама пікір білдіре алатын, жағымпаздыққа салынбайтын, «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп сынай алатын күштер мен тұлғалар болуы шарт!
Отыз жылғы ол арман жүзеге аса ма, аспай ма, оны президенттің саяси реформадағы жаңа бастамаларын паш ететін Жолдауынан біле аламыз...