«Тілдің қасиетін сезіндіре алатын ұстаз ғана шәкірт жүрегіне жол табады» – Мұғалім

Тасада жүріп те мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп жүрген жандар жетерлік. Соның бірі Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылына қарасты №38 мектеп-гимназиясындағы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі – Индира Маратқызы. Тілшіміз білікті ұтазбен тілдесіп, ұлттық педагогиканы дамыту жолындағы әдіс-тәсілдерімен танысты.
– Индира, неліктен мұғалім мамандығын таңдадыңыз?
– Мұғалім болу менің бала күнгі арманым еді. Осы мақсаттың жетегінде өзіммен қатар құрбыларыммен таласа кітап оқи жүріп, бұл салаға қызығушылығым оянды. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берген Қарлығаш Жұмағалиқызы атты ұстазыма қатты еліктедім. Сол кісі сияқты білгені көп мұғалім болсам дейтін едім. Осы арманыма жетуге себепкер болған ата-анама, білім берген ұстаздарыма алғыс айтамын. Білім жолында қол жеткізген барлық жетістіктерім сол кісілердің арқасы деп білемін.
Білім жарық болса, сол жарықты жағатын ол – ұстаз. Ал ұстаз болу үлкен жауапкершілік пен сауапты іс. Адам өміріне бағыт-бағдар беретін, оны тұлға етіп қалыптастыратын мамандық. «Ұстаз - ұлы есім» дейді дана халқымыз. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні қаріп» дегендей, менің мұғалімдік жолды таңдаудағы басты мақсатым – шәкірт жүрегіне жарық сәуле себу. «Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деген Абай сөзі менің өмірлік ұстанымым.
– Ақпараттық технологияның күн санап дамып жатқанына орай ұстаздарға баланы білімге қызықтыра түсу де қиынға соғып жатқан болар?
– Иә, бұл рас. «Заманына қарай амалы» демекші, бүгінде балалардың назары технологияға ауып тұр. Бірақ, мұғалім де сол технологияны оң бағытта пайдалана білсе, бұл керісінше мүмкіндікке айналады. Қазір оқушының назарын аудару, білімге ынтасын ояту үшін мұғалім де жаңа әдістерді меңгеруі қажет. Сандық технологияны тиімді қолдана отырып, сабақты қызықты етіп ұйымдастыру маңызды. Осы ретте интерактивті платформалар, онлайн ойындар, видеосабақтар септігін тигізеді. Сондықтан мектебіміздегі әр ұстаз сабағын қызықты етіп өткізуге тырысады. Әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, балалардың ынтасын жігерлендіріп отырады. Көптеген курстарға барып оқу-тәжірибемізді арттыруға да жұмыламыз.

– Мектеп қабырғасында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында қандай жаңашылдықтар жүзеге асып жатыр?
– Соңғы жылдары жаңартылған білім мазмұны енгізіліп, оқушылардың сыни ойлауын дамытуға басымдық берілуде. Жобалық жұмыстар, зерттеуге негізделген тапсырмалар, оқушыны тыңдауға баулитын бағалау жүйесі соның айғағы. Қазір оқу үдерісіне оқушының қабілетіне қарай бейімделу, критериалды бағалау жүйесі, цифрлық ресурстарды қолдану секілді тәсілдер еніп жатыр. «Білім басы - бейнет, соңы - зейнет» демекші, жаңа тәсілдер уақыт талабына сай қалыптасып, жемісін береді.
– Кәсіби деңгейіңізді дамыту мақсатында үнемі ізденіс үстінде боларсыз?
– Әрине. Ұстаз үнемі оқып, ізденіп, жаңарып отырмаса, оқушының алдында беделі болмайды. Түрлі курстарға қатысып, семинарларға барып тәжірибе алмасып, вебинарлардан қалмауға тырысамын. Сонымен қатар әдеби шығармаларды көп оқып, тілді тереңірек меңгеруге көңіл бөлемін.
«Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» демекші, іздену ұстаздың басты серігі. Сондықтан әрдайым даму үстіндемін. Курстарға қатысу, ғылыми мақалалар оқу, заманауи әдістемелерді меңгеру кәсіби өсуге жол ашады деп білемін.

– Мұғалімдердің статусын арттыруда жасалып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?
– Соңғы жылдары мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданып, артық міндеттердің қысқарғаны, жалақының өскендігі көңіл қуантады. Осы ретте мұғалім мәртебесі заңмен бекітіліп, бірқатар қолдау көрсетілуде. Бұл үлкен қадам.
«Еңбегіңе қарай - құрмет, жасқа қарай - ізет» дейді халқымыз. Дегенмен, әлі де шешімін табар мәселелер бар. Қоғамдағы көзқарасты түбегейлі өзгерту үшін әлі де кешенді жұмыстар қажет.
– Тілді дамыту және ұлттық педагогиканы қалыптастыру жолында қандай әдіс-тәсілдер қолданасыз?
– Сабақ барысында ұлттық құндылықтарға негізделген мәтіндер мен шығармаларды кеңінен қолданамын. Оқушыларды мақал-мәтел, шешендік сөздермен таныстырып, оларды өмірмен байланыстырып үйретуге тырысамын. «Тілі жоғалған ел - тіршілігінен айырылады» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ана тілімізді дәріптеу әр қазақ баласының парызы. Ұлттық құндылықтарға негізделген мәтіндер, халық ауыз әдебиеті үлгілері, сахналық көріністер мен эссе жазу әдістерін жиі қолданамын. Сабақ барысында ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында ұлттық ойындар, түрлі аспап, бұйымдармен сабағымды байланыстырып отырамын.
– Оқушының кітап оқуға құлшынысын қалай арттыруға болады?
– Ең алдымен, мұғалімнің өзі кітапты сүйіп оқуы керек. Сыныпта еркін пікір алмасуға жағдай жасап, оқыған шығармалар туралы талқылау ұйымдастыру оқушыны қызықтырады. Кейде баланың талғамына сай кітап ұсынып, жеке бағытпен де жұмыс істеймін. «Кітап - білім бұлағы, білім- өмір шырағы». Оқушыны кітаппен дос ету үшін әдеби кейіпкерлермен салыстыра отырып өз-өзіне баға бергізу, оқығанын талдату, пікір айтқызу, оқырман күнделігін жүргізу сияқты тәсілдерді пайдаланамын. Оқыған кітаптарын достарымен бөлісіп, ой қозғау жүргізіп, өзара пікір алмастыруға тырысамын. Сондай-ақ «Оқуға құштар досым» ,«Досыңа кітап сыйла» атты түрлі тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырып отырамын.

– Қазіргі таңда баланы қойып, тіпті мұғалімдер арасында сауатты жаза алмайтын жағдайды кездестіріп жатамыз. Осы олқылықты жою мақсатында қайтпек керек?
– Бұл қазіргі таңда өте өзекті мәселе. «Сөз түзелді - тыңдаушы, сен де түзел!» дейді Абай. Алдымен ұстаз өз сауатын жетілдіруі қажет. Бұл бағытта тілдік нормаларды меңгеру, көп оқу, жазбаша сауаттылықты дамытуға арналған шеберлік сабақтары, диктант жұмыстары тиімді болады. Жазу мәдениетін қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Мұғалімдер үшін арнайы тілдік курстар өткізу, үздіксіз жазу тәжірибесін қалыптастыру маңызды. Сонымен бірге мұғалімнің өзін-өзі дамытуға деген ынтасы да рөл атқарады.
– Қазір кітапханаға барып, шығарма немесе мазмұндама жазып отырған баланы көрмейміз. Бұл оқушының ой еркіндігі мен көркем сөйлеу қабілетіне әсер ете ме?
– Әрине, әсер етеді. Шығарма жазу баланың қиялы мен тіл байлығын дамытатын ең маңызды тәсілдердің бірі. Мұны қайта жандандыру қажет. Қазір цифрлық кітапханаларды, онлайн әдеби платформаларды енгізу арқылы осы үрдісті қайтадан оқушы өміріне әкелуге болады. «Кітап - білім бұлағы, білім - өмір шырағы». Оқушыны кітаппен дос ету үшін әдеби кейіпкерлермен салыстыра отырып өз-өзіне баға бергізу, оқығанын талдату, пікір айтқызу, оқырман күнделігін жүргізу сияқты тәсілдерді пайдалансақ, жақсы нәтижеге қол жеткізер еді деп ойлаймын.
– Қазақ тілі және әдебиет пәні бойынша ұстаз боламын деген жас мамандарға қандай кеңес бересіз?
– Ең алдымен, өз пәніңізді шын сүйіңіз. Одан соң өз ісіңе деген махаббат пен жауапкершілік керек. Тіл – тек пән емес, ол – халықтың жаны, рухы. Сабаққа жүрекпен келіп, шәкіртпен шынайы байланыс орнатуға тырысыңыз. Үнемі ізденіңіз, өзіңізді дамытыңыз және өз жұмысыңызды жан-тәніңізбен сүюден жалықпаңыз. «Шәкіртсіз ұстаз - тұл» деген. Әр оқушыға жеке көзқараспен қарап, әдебиеттің тереңіне бойлап, тілдің қасиетін сезіндіре алатын ұстаз ғана шәкірт жүрегіне жол табады.