24 Қазан 12:54
...

Парижде ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобының кезекті Пленарлық апталығы өтті

FATF
Фото: FATF

Парижде Ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобының (FATF) кезекті Пленарлық апталығы өтті. Бұл халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараға Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі өз делегациясымен қатысты.

Алматы, NEGE. Апталықтың жұмыс сессияларында қазіргі әлемдік қаржы жүйесіне төнетін жаңа қауіптер мен сын-қатерлер кеңінен талқыланды. FATF мүшелері әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы терроризмді қаржыландыру қаупінің артуы, жасанды интеллект пен дипфейк технологияларын заңсыз мақсатта пайдалану, сондай-ақ онлайн-казинолардың жаһандық қаржылық тұрақтылыққа кері әсері секілді өзекті мәселелерге назар аударды.

Кездесулер нәтижесінде ұйым бірқатар стратегиялық және әдістемелік құжаттарды қабылдады. Олардың ішінде активтерді қайтаруға арналған жаңартылған нұсқаулық, виртуалды активтер бойынша байланыс тобының соңғы есебі және халықаралық аударымдарға қатысты 16-шы ұсынымды орындау тетіктеріне арналған жаңартылған әдістемелік ұсынымдар бар. Бұл құжаттар әлемдік қаржы нарығындағы ашықтықты арттырып, қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы күрестің тиімділігін күшейтуге бағытталған.

Пленарлық апта барысында Қазақстан делегациясы халықаралық серіктестерімен екіжақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастықты кеңейту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Мұндай кездесулер еліміздің халықаралық беделін нығайтып, жаһандық қаржылық қауіпсіздік жүйесінде белсенді ойыншы ретінде орнығуына ықпал етеді.

Айта кету керек, 2023 жылы Қазақстан ұлттық ақшаны жылыстатуға қарсы жүйенің халықаралық бағалауынан сәтті өтіп, FATF стандарттарына сәйкес келетін ел ретінде танылды. Бұл бағалау еліміздің қаржы секторының ашықтығы мен тұрақтылығын айқындап, халықаралық сенімді арттырды. Қазіргі таңда FATF талаптарын орындау аясында Қазақстанда нормативтік-құқықтық база жүйелі түрде жаңартылып келеді.

Мәселен, биылғы жылдың 19 қыркүйегінде Мемлекет басшысы қаржылық мониторинг тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Бұл заң ақша айналымының заңдылығын қамтамасыз етіп, көлеңкелі экономикамен күресуге, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай бақылау жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.

FATF пленарлық апталығы Қазақстан үшін халықаралық тәжірибе мен жаңа тәсілдерді меңгеруге, сондай-ақ жаһандық қаржы қауымдастығындағы әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға жол ашты.